Сейсенбі, 1 Шілде , 2025
  • Редакция
  • Газет тарихы
  • Жарнама
  • Баспасөзге жазылу
  • Байланыс
Cuprum News
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Экономика
    • Әлеумет
    • Қоғам
    • Өнер
    • Білім
    • Зерде
    • Спорт
  • «Қазақмыс»
    • Өндіріс өрісі
    • Өндіріс өрендері
    • Топжарған
    • «Қазақмыс» құрылымдарында
    • «Қазақмыс»: әлеуметтік серіктестік
    • «Қазақмыс»: қолдау
  • Кәсіподақ тынысы
  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Cupum News
Басты бет Жаңалықтар

Зонадағы зобалаң

алапат көтеріліске айналды

23.05.2025
- Жаңалықтар
0
Зонадағы зобалаң

Көтеріліс суретші көзімен

67
БӨЛІСТІ
186
ҚАРАЛДЫ
Facebook арқылы бөлісуTwitter арқылы бөлісу

1954 жылдың 16 мамыры. 60 шақты тұтқын күзетшіні көзге ілмей, іргелес зонаның аумағына кіріп кетті. Қосымша шақырылған әскери күзет көмегімен оларды ұстап, абақтыға жапты. Бірақ, енді наразылықты тоқтату қиын еді.

1. Қандыауыз қақпа

Ертеңіне лагерь басқармасының бастығы әр зонаның арасына қарулы жасақ орналастыруға бұйрық берді. Бұл жағдайды одан әрі ушықтырды, келесі күні көтеріліс қарулы қарсылыққа ұласты.

Тұтасқан түрме торы

Қазақстанды түрменің тұтас торы шырмаған зұлмат заман өткен. Кеңес одағын қылышынан қан тамған коммунистер билеген «қызыл империяда» қадасы қағылған алғашқы жеті лагерьлік ай­мақтың біреуі – Қазақстан! Қарақұрттың торындай «ГУЛАГ жүйесі» орналасуға тиісті 25 облы­стың үштен біріне жуығы, нақтысы жетеуі Қазақ­стан­ға қарады. Олар: Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақ­стан, Қостанай, Қарағанды, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан еді.

2. Қарауыл мұнарасы

Он бес республиканы біріктірген одақта «ГУЛАГ жүйесінің» қанды шеңгелін осылай Қазақстанға салуын әркім әрқалай түсіндіреді. «Оның табиғи байлығын тегін күшпен тез игеруге ұмтылу, әсіресе қойнауындағы қазынаға көз тігу түбіне жетті» дейтіндер табылады. «Мұның эко­номикалық қана емес, үлкен саяси-стратегиялық мәні болды» дейтіндер де бар. Осылай кете береді. Алайда, соның ешқайсысы адамзат тарихында жасалған айуандықты ақтай алмайды. Қисынсыз құрбандықпен қалған халықты бақытты, бақуатты ету мүмкін бе?!

Тұтқынның еріксіз тегін еңбегін пайдалану тиімділігін тео-
риялық жағынан «негіздеген» Ф. Дзер­жинскийдің: «Респуб­лика қылмыскерлерге мүсіркеп қарай алмайды және оларға көп қаржы бөле алмайды. Олар өз еңбегімен өздері­не қажетті шығынды жабуы керек, олар­ды жолсыз, елсіз мекендерге қо­ныстандыру керек» деген сөзі «ГУЛАГ жүйесін» құруда басшылыққа алыныпты. Қайғы мен қасірет шеккен талай адамның тағдырын тәлкекке салған тамұқ ошағының әлі ашылмаған сыры, дәйектелмеген дерегі жеткілікті.

3. Келіссөз кезі

Бізге белгілісі – тұтасқан түрме торындағы аса ауқымды, әрі ұзаққа созылған «тұтқындар көтерілісінің» Жезқазған жерінде болғаны. Адам тағдырын тәлкек етудің тамшылап жиналған ащы запыраны «СтепЛагтың» Кеңгірдегі бөлімшесінде ақтарылды. Тұнып тұрған қарасудай кешегі «ГУЛАГ жүйесі» бір мезетте дауылда буырқанған асау толқынды теңізге айналды.

Сондай-ақ оқыңыз

Облыстық одақта – жаңа төраға

Облыстық одақта – жаңа төраға

27.06.2025
Әріптесіміз мемлекеттік марапатқа ие болды

Әріптесіміз мемлекеттік марапатқа ие болды

27.06.2025

Қасірет қамалы

Енді, қолдағы кейбір құжат пен зерттеуді зерделеп, тасбауыр тарихтың сол кезеңіне көз жүгіртейік. Айтпағымыз – Арқаны азап аймағына, зонаны қасірет қамалына айналдырған «СтепЛаг». Ол – «халық жауына» арналған айрықша қасірет қамалы. Кеңгірдің жағасындағы бұрынғы пионер лагерінің орнына КСРО Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) 1940 жылғы пәрменімен «Жезқазған лагері мен ГУЛАГ комбинаты» құрылды. Ол сол жылдың 1 сәуірінен жұмысын бастады.

4. Құрылыс алаңында

Басты міндеті – Жезқазған мыс комбинатын жедел салып бітіру болды. 1942 жылы 1 қаңтарда лагерьде жүз елудей тұтқын ұсталды. Олардың қатарында кім кездеспеді?! Қазан төңкерісіне қарсылар, қарақшылықпен адам өлтіргендер, шекара тәртібін тәрік қылғандар, әскерден қашқандар, алаяқтар… Солардың арасында құрылысқа, шахтаға адам күші қажеттілігінен НКВД тізімімен қамалғандар мен негізінен кінәсіз сотталған жұмысшы, колхозшы, инженер, дәрігер және басқа керекті кәсіп иелері жүрді.

1943 жылы Үлкен Жезқазғанның іске қосылған және салынып жатқан бөлімінің бәрі НКВД қарауына беріліп, ол «Жезқазған еңбекпен түзеу лагерь-комбинаты» деп аталды. Соғыстан соң лагерьдегі 12 мың тұтқынға майданда қолға түскен 8 мыңға жуық неміс пен жапондық қосылды. Лагерь үш негізгі бөлімшеден тұрды: Кеңгір, Жезқазған және Қарсақбай. 1947 жылы атауы «№ 4 Ерекше лагерь» немесе «СтепЛаг» деп өзгертілді.

Көтеріліс суретші көзімен

Атауы өзгергенмен, азапты тұрмыс одан әрі тұралай түсті. Басқа лагерь Жезқазғандағының жанында «жіп есе алмай» қалды. Алайда, адам төзгісіз ауыр жұмыс, аштық, жалаңаштық, ауру, тұтқындар арасында жиілеп кеткен өлім ешкімнің еңсесін езіп, рухын жасыта алмады. Зорлық-зомбылыққа қарсы наразылық үздіксіз бой көрсетіп тұрды. Жұмысқа шығудан бас тарту, жасырын ұйым құру, үндеу-парақша тарату сипатындағы қарсылық біртіндеп бас көтеруге ұласты.

«Кеңгір көтерілісі»

Бұл – сұрқия саясаттың сүреңсіз соқпағында тарихы қанмен жазылып қалған қайғылы оқиға. 1954 жылғы маусымдағы мәліметке сүйенсек, «СтепЛагта» 2660 орыс, 9596 украин, 2690 литван, 1074 латыш, 290 қазақ және сол кезде Кеңес Одағын мекендеген басқа ұлт пен ұлыс өкілі ұсталған. Соғыстан соң оған 2369 неміс, 1012 жапон, 103 австриялық, 630 венгр, 145 румын, 58 қытай қосылыпты. Жезқазған жерінде азап лагерін еске түсіретін оның кейбір құрылысы әлі сақталған.

6. Оларды ұрпағы ұмытпайды

Жекебасқа табыну талайдың түбіне жетті. Шырқыраған шындық шыңырауда тұншықты, жалған жаламен талай тарлан түрмеде жазықсыз жапа шекті. Атылып кеткенді айтып жатудың өзі артық. 1953 жылы 27 наурызда Кеңес өкіметі кең ауқымды кешірім жариялады. Соған сәйкес жазасы бес жылдан аспайтын тұтқын тегіс босады. 10-25 жылға кесілген саяси тұтқынды бұл рақымшылық қамтымай қалды. Кешірімнің келесі тармағы жазасының бес жылын өтегенді босатуға арналғанымен, саяси айып арқалағанға ол жеңілдік жүрмеді. Күткен үміт ақталмай, тұтқындар арасында наразылық толқуы тіпті өршіп кетті.

Көтерілісті басқаратын штаб құрылып, басшылыққа Қызыл Армияның бұрынғы офицері К. Кузнецов сайланды. Жалпы жиналыста ІІМ мен лагерьлер Бас басқармасына арнайы хат жазып, арнаулы комиссия лагерьдегі заңсыздықты келіп тексеруін талап етті. Көп кешікпей құрамында КСРО Ішкі істер министрінің орынбасары, генерал-майор С. Егоров, лагерьлер Бас басқармасының бастығы, генерал-лейтенант И. Долгих. КСРО Бас прокуратурасының жауапты қызметкері Н. Вавилов бар комиссия келді.

Көтерілісшілер мен ресми басшылық арасындағы кикілжің 40 күнге созылды. Жезқазғанға Мемлекеттік қауіпсіздік министрі Серов, Ішкі істер министрі Круглов, КСРО Бас прокуроры Руденко, КОКП Орталық Комитеті Төралқасының мүшесі Фурцева келіп кетті. Соңғы күні үш қақпа мен 8 қосалқы жол арқылы 1600 адамдық әскери күзеттің екі дивизионы, ішкі күзеттің бір дивизионы, арнайы үйретілген 98 ит ұстаған топ, үш өрт сөндіру машинасы көтерілісшілер бекінісіне басып кірді.

Бес «Т-34» танкі баррикаданы талқандап, оларға жол ашты. Қарулы қақтығыста қарсылық көрсеткенге офицер мен бөлімше командирі қару қолданды. Куәлардың айтуынша, өлген адам саны бірнеше жүзге жеткен. Ал, ресми дерекке сүйенсек, 46 адам өлген, 5 адам сотталғандар соққысынан көз жұмған, 61 адам әртүрлі жарақат алған, әскериден 40 адам жараланған.

Түйін

Көтеріліске қатысқан 5200 тұтқынның тағдыры тағы тығырыққа тірелді. Штабтың алты мүшесі ату жазасына кесілді. Кнопмус пен Келлер бірден атылды. Қалғанының жазасы 1955 жылы 25 жыл бас бостандығынан айыруға ауыстырылды. «КарЛагта» жазасын өтеген К. Кузнецов 1960 жылы мерзімінен бұрын босады. Ал, белсенділік байқатқан 400 тұтқын түрмеге тоғытылды, қолдаған 1 мыңы Магаданға, «Озерлагқа» жер аударылды. Көпшілігінің ісі қайта қаралып, «СтепЛаг» бойынша 8 мың адам ақталды.

Дүниені дүр сілкіндірген «Кеңгір көтерілісі» лагерьлер жүйесі күйреуінің басы болды. Келесі жылдан бастап бірте-бірте «Теректі», «Жезді», «Байқоңыр», «Спасск», «Кеңгір» жабылды. «СтепЛагтың» соңғы сағаты 1957 жылы соқты.

Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

 

Бөлісу27Твитерге17
  • Трендте
  • Пікір
  • Соңғы
Дулығалы мешіті

Дулығалы мешіті

27.01.2023
Шолпан шапағы

Шолпан шапағы

13.06.2025
Қаныш Сәтбаев және Жезқазған

Қаныш Сәтбаев және Жезқазған

16.02.2024
«Қазақмыс» ынтымақтастық: Үстел теннисі қарқын алды

«Қазақмыс» ынтымақтастық: Үстел теннисі қарқын алды

27.06.2025
Облыстық одақта – жаңа төраға

Облыстық одақта – жаңа төраға

27.06.2025
Әріптесіміз мемлекеттік марапатқа ие болды

Әріптесіміз мемлекеттік марапатқа ие болды

27.06.2025
  • Редакция
  • Газет тарихы
  • Жарнама
  • Баспасөзге жазылу
  • Байланыс

© 2025 © «Мысты өңір» газетінің редакциясы» ЖШС.

Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Экономика
    • Әлеумет
    • Қоғам
    • Өнер
    • Білім
    • Зерде
    • Спорт
  • «Қазақмыс»
    • Өндіріс өрісі
    • Өндіріс өрендері
    • Топжарған
    • «Қазақмыс» құрылымдарында
    • «Қазақмыс»: әлеуметтік серіктестік
    • «Қазақмыс»: қолдау
  • Кәсіподақ тынысы

© 2025 © «Мысты өңір» газетінің редакциясы» ЖШС.

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Please enter your username or email address to reset your password.

Кіру