Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «КәсіпҚорған» кәсіподағының Жезқазған филиалы Жезқазған, Сәтбаев қалаларындағы тыл ардагерлерін ұлықтау шарасын бастады.
Аймақтағы өндіріс нысандарында тер төккен көнекөз қарттарға кәсіподақ филиалы жылда көңіл бөліп отырады. Сол дәстүрге сай 105 тыл ардагерінің үйіне арнайы барып, құрмет көрсетіледі.
Филиал аппаратының жетекшісі Жанар Салықованың айтуынша, тыл ардагерлерінің мерекеде мерейін өсіретін мұндай шараға кәсіподақтың кәсіпорындардағы комитеттері толық атсалысады.
– Майдан даласын көрген ардагерлеріміз біздің өңірде өкінішке орай қалмады. Батырларға күш берген тыл еңбеккерлерін ұлықтау біздің парызымыз. Филиал атынан ардагерлерге арнайы азық-түлік себеттері әзірленіп, таратылады. 5 және 9 мамыр аралығында ардагерлерімізді құттықтау жоспарға қойылған, – деді Жанар Сәркенқызы.