Аналар күні – әлемнің көптеген елдерінде ананың мейірімі мен қамқорлығы үшін алғыс айту мақсатында атап өтетін мерекеге айналған. Қазақстанда бұрын қыркүйек айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін Аналар күні 2024 жылдан бастап мамырдың екінші жексенбісінде тойланатын болды. Қазақстан Республикасындағы мереке күндерінің тізбесі енді «Аналар күні» мерекесімен толықтырылып, өткен жылы алғаш рет мамырдың екінші жексенбісінде кең көлемде атап өтілді. Асыл жандардың атаулы күні қарсаңында қоғам белсендісі, Жезқазған қалалық Аналар кеңесінің төрағасы Қаниса ТЕЛҒОЗИНА мен оның ұйтқы болып жүрген ізгі істері жайлы айтуды жөн көрдік.

Алпысты алқымдап, жетпістің ауылына қарай бет бұрғанымен Қаниса Ендіғұлқызы ширақ қимылдайды, алғырлық танытып үнемі көпшілік іс-шаралардың алдыңғы легінде жүреді. Ол сірә, жастай еңбекпен шыңдалғандықтан туа біткен қасиеті болса керек. Қаниса Ұлытаудың Қаракеңгір ауылының тумасы. Ауылдастары оны Ғайныш дейді. 1974 жылы орта мектепті бітірген соң туған ауылында тұңғыш рет ұйымдастырылған комсомол-жастар шопандар бригадасының қатарында еңбек жолын бастады. Қарсақбай кәсіптік-техникалық училищесінде оқып, тракторшы мамандығын алды. Трактор руліне отырып, еңбек көрігін қыздырумен қатар жастар бригадасының комсоргы болды. Еңбекке құштарлық пен қоғамдық іске деген белсенділігі осылайша басталған еді.
Қаниса кейіннен Жезқазған педагогикалық институтының география-биология факультетінде оқып, жоғары білім алған соң қызметке араласты. Ұлытау аудандық білім бөлімінде инспектор болып бес жылдай істеді. Одан соң аудандық мәдениет бөліміне қарасты кітапхана және кинофикация жүйелері мекемесінің басшысы болды. Осы қызметін зейнетке шыққанша абыроймен атқарды. Мәдениет саласының ардагері атанды. Ол зейнеткер ретінде де қарап отырмады. Отағасысы Тынышбай Сексенбаев кеудесіне орден таққан, ауданның озат механизаторларының бірі болатын. Қаниса жолдасына дем беріп, нарық заманының көшінен қалмау үшін шаруа қожалығын құруға көндірді. Сөйтіп Көкбұлақтың бойында бой көтерген «Сексенбаев» шаруа қожалығы мал өсіріп, халыққа оның өнімдерін ұсынуда біраз жыл өнімді іс атқарды. Жолдасы Тынышбай осыдан он жыл бұрын өмірден өтсе де Қаниса қора-қопсысы сайлы қожалығын тастап кете қойған жоқ. Ағайындардың көмегімен ол жерде бүгінге дейін жылқы түлігін өсіріп отыр.
Бұлардың қалаға қоныс аударғанына биыл 15 жыл болды. Осы уақыт ішінде Ғайныш қоғамдық істерге белсене араласуымен жезқазғандықтарға жақсы танымал болды. Өзіне ежелден таныс мәдениет саласы ардагерлерінен топтасқан бастауыш ұйымына басшылық жасап, ондағы санаулы ардагерлерді саналуан жұмыстарға тартып отырады. Көптеген қоғамдық жұмыстарымен қатар өзі «Ақ әжелер» ансамблінің мүшесі ретінде сахнаға жиі шығып, халық әндерін тамылжыта шырқайтын әжелермен бірге талмай өнерін көрсетіп жүр. Ол кейінгі жылдары аналар кеңесінің жұмысын жандандыруға да барынша көңіл бөлуде.
Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерге сай Қаниса Телғозина жетекшілік жасайтын Аналар кеңесі «Мәдени ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасын жүзеге асыруға атсалысуда. Осыған орай бірнеше колледжде жастардың басын қосқан іс-шаралар ұйымдастырды. Қоғам дерті саналатын тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау және оның алдын алуға қатысты әңгімелер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. «Анаға құрмет» тақырыбында қалалық аналар форумын өткізді. Жас буын мен олардың ата-аналарын ұлттың тілі мен дәстүрін, тарихын бойына сіңіруге бағыттауды мақсат тұтуда. Биылғы жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы қарсаңындағы іс-шаралар аясы кеңейе түсті. Қалалық кітапханада ұйымдастырған «Ана тілің – тұғырың» тақырыбындағы семинар, № 9 мектептегі «Салтыңды білгенің – халқыңды сүйгенің» іс-шарасы, Ассамблеяның 30 жылдығы аясында басқа ұлттардың этнос өкілдерімен болған «Бірлігіміз жарасқан достық елміз» атты кездесуі өзекті мәселерді арқау етіп, айтарлықтай тартымды болды. Наурыз мерекесі кезінде Аналар кеңесі мүшелерімен қатар қала әкімдігінен, ардагерлер қатарынан қонақтар шақырып, «Қыпшақ» кафесінде «Амал келді – Жыл келді» мерекесін өткізді. Онда жарапазан айту, «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» көрсету, қолға су құю, Наурыз бата беру сияқты ұлттық салт-дәстүрлер мен амалдар кеңінен қамтылды. «Жабырқау көңілді жұбатайық» деген шара барысында Дағдарыс орталығындағы жас аналар мен балаларға барып, рухани көмек көрсетті. Аналар кеңесінің ұйтқы болуымен жақында бір топ ана облыстық әскери комиссариатқа арнайы барып, Отан алдындағы борыштарын өтеуге аттанған жастарға ақ жол тілеп, баталарын беріп шығарып салу рәсімін жасады. Абзал жандардың осындай ізгі ниеттегі іс-шаралары алда да жалғаса түсері ақиқат.
Қаниса Телғозинаны елге танымал қылған тағы бір қыры – оның құрақшылық өнерге әуестігі. Ортақ іске оң иығын беріп тұратын белсенділігінің арқасы болар, Астана күніне орай 2023 жылы өткізілген «Аламан құрақ» жобасына қатысқан еді. Қолөнершілермен бірлесіп жайған көрпе-құрақтарына орай Қазақстанның халықаралық «Туризм және саяхат» 21-көрмесінің сертификатына ие болды және тұрмыстық салтты насихаттауға белсене қатысқаны үшін «Хас шебер» атағымен марапатталды. Осы жоба биыл да жалғасын тауып, Ғайныш Дүниежүзілік көшпенділер ойыны барысында облыс қолөнершілерімен бірге «Аламан көрпе» жобасына қатысып, зор мерейге бөленіп келді.
«Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді», деген халқымыздың қанатты сөзі бекерге айтылмаған. «Құлыным» деп ұрпағын мейірлене аялаған ананың ақ тілеуі мен жан жылуына өмірде ештеңе жетпейді. Қаниса Телғозинаның қолға алуымен алуан-алуан шараларға ұйтқы болып жүрген қалалық аналар кеңесінің әрбір мүшесі айтарлықтай жұмыс атқаруда. Аяулы жандар тәрбие көзіне айналар әрбір істерінен ана жүрегінің ыстық мейірімі мен асыл қасиеттерін көрсетіп, кейінгі ұрпақтар бойына дарытуға ұмтылуда.
Амандық РАХҰЛЫ.