Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өтті, – деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бұл бастама өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, табиғатты қорғауға және жасыл желектер қатарын арттыруға бағытталды.
Акция барысында тазалық іс-шараларын қамтумен қатар, «Бүкілқазақстандық ағаш егу күні» қозғалысына ұласып, өңірді көгалдандыруға барынша көңіл бөлінді. Бұл күні облыс аумағында 6 400 түп ағаш көшеті отырғызылды. Облыс орталығындағы жасыл желек егуге арналған экологиялық акцияға облыс әкімі Дастан Рыспеков, облыстық мәслихат төрағасы Бауыржан Шыңғысов, Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов бастаған мемлекеттік мекемелер, депутаттар, ардагерлер мен жастар ұйымдары және құқық қорғау, сот, ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері де жаппай атсалысты. Бұл күні мың түпке жуық ағаш отырғызылып, Жезқазғандағы Алғашқы құрылысшылар алаңы мен «Наурыз» саябағында келешекте жасыл желек көмкеретін жаңа аллея пайда болды. Сондай-ақ, игі бастамаға барлық діни бірлестіктердің басшылары да белсене қатысып, бірлік пен татулықтың жарқын үлгісін көрсетті.
Сонымен қатар акция аясында барлық елді мекенде кең көлемдегі тазалық шаралары ұйымдастырылды. Игі шараға мыңнан аса ұжымнан 3 335 адам қатысып, 58 арнайы техника жұмылдырылды. Соның нәтижесінде қалалар мен елді мекен аумақтары тазаланып, 520 тонна тұрмыстық қалдықтар мен қоқыс шығарылды.
Амандық РАХҰЛЫ