«…Ұлы ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын. Сондықтан, біз Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру — өте маңызды міндет».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінгі Моңғолия аумағында дүниеге келген Жошы (1187-1227ж.ж.) – ұлы қаған Шыңғыс ханның бәйбішесі Бөртеден туған төрт ұлдың тұңғышы. Моңғол шапқыншылығынан соң Қыпшақ даласында құрылған жаңа мемлекет – Жошы ұлысының негізін қалаушы. Дешті-Қыпшақтың әміршісі болған ол – «Ұлық Ұлыс» ретінде тарихта қалған Алтын Орданың және соның негізінде құрылған Қазақ хандығының түпатасы.
Жошы – шаранадан шықпай жатып «шатаққа» шатылған шақалақ. Мәселенің мәнісі мынада: Шыңғыс хан мен Бөрте шаңырақ көтерген соң көп ұзамай меркіттер шабуыл жасап, жас келіншек жау қолында кетеді. Кейін Шыңғыс хан Керей тағында отырған Тұғырыл ханның көмегімен Бөртені босатып алады.
Келіншек келгеннен кейін босанады. «Болашақ тақ мұрагерінің әкесі кім?» деген сауал сол кезде көптің көкейінде көлденеңдеп тұрып алады. Сауалдың жауабы ретінде айтылатын әңгіме әр алуан. Алайда, анық-қанығы Аллатағала мен анасына ғана аян. Ал, Шыңғыс хан қилы қауесетке қарамай, Жошыны өз перзентіндей қабылдайды.
Жошы күш-қайраты мол, ержүрек, өткір болған. Баласының осындай қасиеті мен айрықша ақылдылығынан Шыңғыс ханның өзі де сескенген. Әуелде Жошы моңғолдың басқыншылық жорығына қатысқан білікті қолбасшы ретінде танылады. Сосын әкесінің батысқа бағытталған бірқатар жорығын басқарады. Жастай жаужүрек әрі әскери айласымен көзге түседі.
Шыңғыс хан керей, найман, меркіт, тағы басқа тайпаны 1206 жылы бір орталыққа біріктіргесін, келесі жылы Байкалдың батысын бағындыруға қол жасақтап, Жошының қарамағына береді. Бұл – Жошының қолбасшы ретінде алғаш жорыққа шығуы еді.
1207-1212 жылдары Оңтүстік Сібірді, Алтайды, Шығыс Түркістанды бағындырады. Өңірдегі бірқатар ру соғыссыз беріледі. Бастапқыда ептеп қарсылық көрсеткен Енесей қырғыздары да бағынғанның белгісі ретінде ақ сұңқар, ақ тұлпар, ақ қылыш сыйлайды. Осы жорық жаңа қалыптасып жатқан империяда Жошының беделін биіктетеді.
1213 жылы Шыңғыс хан Жиң, яғни шүршіт әулетінің қол астындағы Қытайға шабуыл жасайды. Жаулау жорығына Жошы да қатысады. Інілері Шағатай және Үгедеймен моңғол әскерінің оң қанатын басқарады. Осы сәтті шабуылдан кейін Солтүстік Қытай Шыңғысханға қарайды. Жошы мен екі інісі көп олжаға кенеледі.
1218 жылы Жошы жасағы Шыңғыс ханға мойын ұсынғысы келмеген меркітті түре қуып, Ырғыз өзенінің бойында Хорезм шаһы Мұхаммедтің алпыс мың әскерімен шайқасады. Ол өзінің аса айлалы әрі шебер қолбасшылық қабілетін тағы көрсетеді. Осы шайқастан кейін Мұхаммед шаһ әскері Жошының жасағына қарсы соғысудан бас тартады. Қамал-қаланы паналайды.
1219 жылы Шыңғыс хан Хорезмге жорыққа аттанғанда, Жошы 1220-1222 жылдары Сырдария бойындағы Отырар, Сығанақ, Үзкент, Баршынкент, Аспас және Жаңакент қаласын өзіне қаратады. Хорезмді бағындырып, Түркістанды иеленеді. Сөйтіп, Хорезм мемлекетін толығымен жаулап алады. Сосын Жетісудағы барлық қаланы бағындырады.
Хорезм астанасы Үргенішке келгенде Жошы мен інісі Шағатай арасында түсініспестік туады. Жошы осы өңірдегі ең көрікті қаланы келіссөз арқылы, қиратпай алу керектігін айтады, ал, күш қолдануды көздеген Шағатай шатақ шығарады. Ақыры Шыңғыс хан Үгедейді қолбасшы қылып қояды. Ол болса 1221 жылы қаланың бүкіл ғимаратын қиратып, тұрғынын қырып тастайды.
Билеуші әулеттің үлкені келесі хан сайланатын сол дәуірдегі дәстүрге сүйенсек, жол – Жошыға тиесілі. Бірақ, Шыңғыс хан 1222 жылы би-нояндар мен балалары бас қосқан құрылтайда Жошының тегіне тиіскен Шағатайға тойтарыс беріп, оны өзінің ұлы санайтынын ашық айтқанымен, Жошы мен Шағатайдың арасындағы кикілжің мемлекет тұтастығына зиянын тигізуінен сақтанып, үшінші ұлы Үгедейді мұрагері деп жариялайды.
1223 жылы көктемде Сайрам мен Таластың арасындағы Құланбасы жазығында өткен құрылтайда Шыңғыс хан өзі жаулап алған ұланғайыр өлкені бәйбішесі Бөртеден туған төрт ұлына бөліп береді. Жошының еншісіне Ертістің батыс беткейі, Жетісудың теріскейін қамти отырып, «моңғол атының тұяғы жеткен» төменгі Еділ бойына дейінгі жерді қоса, бүкіл Дешті-Қыпшақ аймағы тиеді. Міне, осы Жошы ұлысы кейін Алтын Ордаға айналады.
Анасы Бөрте қоңырат руының сол кездегі ханы Дәушешеннің қызы болғандықтан ба, әлде табиғаты солай ма, әйтеуір, Жошы қол астындағы халықпен қолайлы қарым-қатынаста болады. Жылнамашы Жужани 1260 жылғы «Табанат-и-Насири» тарихнамасында былай деп жазады: «Жошы қыпшақтарды жақсы көріп кеткені сонша, ол Хорезмде моңғолдарға қандай да бір қыпшақ баласының маңдайынан шерткізбейді». Жошы – тәуелсіз мемлекет құруға ашық ұмтылған тұлға. Бұл саясатты әкесі қолдай қоймайды.
Құрылтайдан кейін Шыңғыс хан ұлдары Шағатай, Үгедей және Төлемен бірге мемлекет астанасы Қарақорымға қайтады, Жошы ілеспей Ертістің бойындағы ордасында қалып қояды. Қайтуын қалайтынын жеткізген Шыңғыс хан шабарманының сөзіне құлақ аспайды. Артынша Шағатай мен Үгедейді жібереді. Бірақ, олар барғанша Жошы бақилық болады.
Шыңғыс хан мен баласы Жошының қарым-қатынасына қатысты ел арасында талай аңыз тараған. Кейбір тарихшының қисынына қарасақ, хан сайланбағанына кектенген Жошы әкесіне қастандық ұйымдастырады. Бір пікірлес адамына: «Шыңғыс қаған, сірә, алжыған, өйткені осынша жерді ойрандап, мұншама халықты қырғынға ұшыратты. Сондықтан, мен аңға шыққан кезде әкемді өлтіремін!» депті-міс.
Қаһарланған қаған сенімді адамдарын аттандырып, Жошының тез жетуін бұйырады. «Егер келуден қашқақтап, Хорезмде қалатын болса, үн-түнсіз қанжар сұғып, ләм-мим деместен өлтіре салыңдар!» деп әмір береді. Сырқаттығын сылтауратқан Жошы келмейді. Ал, шабармандар Шыңғысқа Жошының сап-сау екенін, тіпті, аң аулауға жиі шығып тұратынын айтады.
Тұлабойын ашу кернеген Шыңғыс хан: «Шамасы, ол маған қарсы екен, әкесінің сөзін ілтипатқа алмады» деп, соңынан Шағатай мен Үгедей бастаған жасақ жібереді. Сол кезде Жошының қазаға ұшырағаны туралы қаралы хабар жетеді. Ол әкесінен жарты жыл бұрын бақилық болды. Аңызға айналған әңгіменің бірінде «аң аулап жүргенде құланның айғыры шайнап өлтірген» десе, енді бір деректе құпия түрде өз әкесі өлтірткені айтылады.
Қалай болғанда да, Жошы өлгенде Шыңғыс хан қатты қайғырыпты. Оған дәлел ретінде аңызда «Ақсақ құлан» күйі алға тартылады. Шыңғыс хан Жошы өз ұлы ма, жоқ па деп өмір бойы күмәнданып өтеді. Әлемді жаулау жорықтарында Жошының ымырашыл ұстанымы мен басқа ұлдарының қатыгездігі күмәнін күшейтеді. Ақыры Жошы аңға шыққанда, оны өлтіруге жасақ жөнелтеді.
Алайда, артынша өз шешіміне өкініп: «Баламды тірі әкеліңдер, егер қаралы хабар жеткізсеңдер, көмейге қорғасын құямын» деп, тағы бір жасақ жібереді. Бірақ, ол жеткенше бірінші жасақ Жошыны өлтіріп қояды. Содан бір күйші тауып, Жошының өлімін жеткізуді соған тапсырады. Күйді түсінген Шыңғыс хан домбыраның шанағына қорғасын құйдырады…
Жошы Шығыс Еуропаға жорық жасау жоспарын жүзеге асыра алмады. Оның бірнеше әйелі мен көңілдесі болыпты. Қырыққа жуық ұлынан есепсіз немере өсіп-өнген. Тарихи деректе жиі кездесетін ұлдары: Орда-Ежен, Бату, Берке, Шибан. Жошы өлгеннен кейін батыстағы әскері оның екінші ұлы Батуды тақ мұрагері деп таниды, бұл таңдауды Шыңғыс хан да мақұлдайды.
Жошының кесенесі Жезқазғаннан қозыкөш жерде, Кеңгір өзенінің сол жақ жағалауында тұр. Бұдан сегіз ғасыр бұрын бой көтерген кесененің архитектуралық құрылымы керемет. 2019 жылы жазда Ұлытауда өткен Халықаралық туризм форумында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жошының тарихи бейнесін жаңғыртып, кесенесін әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылатын қастерлі орынға айналдыру міндетін қойған еді.
Сол тапсырма ойдағыдай орындалды. Таяуда тарихи-мәдени кешен қатарға қосылды. Оның ашылуына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Енді Жошы хан есімін ұлықтау, оның тарихи тұлғасына әлем назарын аудару, кесенесін туризм нысанына айналдыру мәселесі мемлекеттік деңгейде іске асады.
Тарихшы, саясаттанушы, Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған айтқандай: «Адамзат тарихында Наполеон сынды императорларға қарағанда Шыңғысхан мен Жошыханның еңбегі орасан. Бұл – әлемге тараған бренд. Сондықтан, Жошыхан кесенесі әлемдік деңгейдегі орталық бола алады».
Әлібек ӘБДІРАШ.
Суреттерде: Жошыхан тарихи-мәдени кешенінен көріністер.