Жыл басында Ұлытау облыстық тарихи-археологиялық музейдің жаңадан салынған қосалқы ғимараты ашылды. Көптен күткен бұл ғимараттың пайдалануға берілуі музейдің атқаратын жұмыстары мен іс-шаралары ауқымының кеңейе түсуіне мүмкіндік беріп отыр. Алғашқы шара ретінде қосалқы ғимараттың жаңа мәжіліс залында «Ұлт қазынасы» тақырыбындағы көрме ашылды.

Тарихи-археологиялық музей қорында археология, палеонтология, зоология, этнография, минералогия және басқа да түрлі коллекцияларды құрайтын 54 мың экспонат бар. Оның ішінде сирек кездесетін құнды жәдігерлер мен тарихи маңызға ие құжаттар да аз емес. Енді іргесі кеңейіп, жаңадан қосылған қосымша ғимараттың игілікке айналуы музейлік жұмыстардың аясын кеңейте түсуге жол ашуда. Жаңа орында жасақталған «Ұлт қазынасы» көрмесі этнографиялық жәдігерлерді қамтыған екен. Көрмеге қойылған ер-тұрман, ағаш табақтар, келі, торсық, кісе-белдік, кебеже сияқты музей қорындағы экспонаттар көне заман салт-дәстүрлерінің тарихынан сыр шертеді.
Тақырыптық көрме аясында басқа да танымдық шаралар жалғаса жүргізілуде. «Ұлы тағзым» қоғамдық қоры мен облыстық тарихи-археологиялық музей бірлесіп жас өлкетанушыларға арналған «Теректі Әулие – ғасырлар құпиясы» тақырыбында оқу құралының таныстырылымын өткізді. Ұлытау облысының жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген Теректі Әулие – Орталық Қазақстандағы тасқа бейнелеу өнерінің көне ескерткіші саналатыны белгілі. Маңында әртүрлі сәулеттік келбеттегі діни-мемориалды этнографиялық кешендер орналасқан. Ежелгі заманның рухани мәдениетіне қатысты петроглифтерді қамтитын археологиялық кешеннің ерекшеліктері туралы жас жеткіншектер алдында ЮНЕСКО және ISESCO жөніндегі Ұлттық комиссияның материалдық емес Мәдени мұра комитетінің мүшесі, белгілі өлкетанушы Бақтияр Қожахметов, Теректі Әулие тарихи-археологиялық кешенін және облыс аумағындағы тарихи-мәдени мұраларды зерттеуші, тарихшы-педагог Ләззат Сембинова, география ғылымдарының кандидаты, «Даму-Ұлытау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қания Тұрсынбаева, «Ұлы тағзым» қоғамдық қорының басшысы Балғын Салықова және басқа да археолог мамандар тың деректерді қамтыған қызықты әңгіме өрбітті.
– Жаңадан салынған қосымша ғимаратты бес жылға жуық күтіп, енді қоныстанып жатырмыз. Аумағы 540 шаршы метр бұл бөлікте мәжіліс залы, қор сақтау орыны, музейдің әкімшілігі мен бөлім қызметкерлеріне арналған кабинеттер бар. Бір сөзбен айтқанда, музейіміз кеңейіп, мүмкіншілігіміз молайып қалды. Осы жаңа, кең залда енді тұрақты түрде тақырыптық көрмелер өткізіп, әртүрлі конференциялар мен ғылыми жобаларды ұйымдастырып тұратын боламыз. Басты мақсат – музей қорындағы мол экспонаттарды кеңінен насихаттап, келешек ұрпаққа жеткізу болып табылады, – дейді облыстық тарихи-археологиялық музейдің директоры Зағира Қалменова.
Амандық РАХҰЛЫ.