Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында қазақ күресінен «Дала қырандары» республикалық турнирі болып өтті. Жарысқа еліміздің басты рейтингтік турнирлерінде ең жоғары ұпай жинап, іріктеуден өткен 64 балуан қатысқан еді. Солардың арасында облысымыздың Қаражал қаласындағы күрес мектебінің түлегі Ержан Еренғайыпов 66 килограмм салмақ дәрежесі бойынша «Бас балуан» атағын жеңіп алып, 5 млн. теңге жүлдеге ие болды.
Ержанның ата-анасы Жаңаарқа ауданының Ақтау ауылында туып-өсіп, кейін Қаражал қаласына қоныс аударған екен. Олар Ержанды қаршадай жас кезінен спортқа баулып, дзюдо күресінің талай дүлдүлдерін тәрбиелеп шығарған даңқты бапкер Дүйсен Тәжікеевтің қарамағына береді. Тәжірибелі жаттықтырушыдан тәлім алған жас өскін 20 жасында-ақ өзін боз кілемде белдесудің шебері ретінде таныта бастайды. Дүбірлі жарыстарға қатысып, әуелде спорт шебері, одан кейін халықаралық спорт шебері атақтарын сәтімен қорғайды. Ержан қазақ күресінен 2018 жылы Қазақстан чемпионы, 2019 және 2022 жылдары қола жүлдегері болды. «Балуанға оңы да бір, солы да бір» демекші, ол дзюдо, самбо, қазақ күресінің кез келген түрі бойынша белдесе береді. Әлем, Еуропа чемпионаттары мен Азия біріншілігінде бірнеше рет жүлдегер болып, күміс, қола медальдарын еншіледі. Ержан Еренғайыпов 2023 жылы Жетісу облысында көрнекті жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына арналған қазақ күресінен Әлем кубогі сарапқа салынған сайыста әлем чемпионы атанды. Тағы сол жылы Кувейт мемлекетінің астанасы Әл-Кувейт қаласында дзюдодан «Азия кубогы-2023» спорттық додасында Қазақстан ұлттық құрама командасының сапында барып жеңімпаз болып, алтыннан алқа таққан болатын. Өткен жылдың қараша айында дзюдо күресінен өткен Қазақстан республикасы чемпионатында 6 кездесудегі қарсыластарын да айқын басымдылықпен ұтып, чемпиондық тұғырға көтерілді.
– Кәсіби спортшы болу үшін үлкен дайындық керек. Ондай жақсы дайындық жасауға үлкен қаланың ықпалы зор. Сондықтан Астанаға келіп жұмысқа орналастым, – дейді ол.
«Дала қырандары» республикалық жарысының бас балуаны атанған Ержан қазір отыздың ортасына қарай қадам басты. Ол Қазақстанның ұлттық құрамасы сапындағы белді спортшының бірі саналады. Бүгінде дзюдомен қоса әскери самбомен және қазақ күресімен белсене айналысуда.
Амандық РАХҰЛЫ.