«Театр киімілгіштен басталады» демекші, ауруханада бұл сөзді аурухана «жедел жәрдем» (приемный покой) бөлмесінен басталады» деп әдіптесе болғандай, кез-келген науқас мұны жақсы сезінеді деп ойлаймын. Өйткені, оны қай-қайсысы болса да аттап кете алмайды. Міне, біз де сол жәйтқа тап болғанбыз. Алматыға Қазақстан Жазушылар одағының тоқсан жылдық тойына барып тұрып той болатын күннің таңертеңінде табанасты инсульт алып қалып Шамалғандағы № 7 клиникалық ауруханадан бір-ақ шыққанбыз. Жедел жәрдем дәрігерлерінің әбжілдігі мен біліктіліктері арқасында шыңның жиегінен шыңырауға құлап кетпей, аурухананың аппақ та жайлы төсегіне топ ете қалған едік. Ептеп әлденіп алғаннан соң «ел жаққа» көңіл ауа берген. Содан әупірімдеп рұқсат алып, мұндағы қамқор жандардың көмегімен көпбейінді аурухананың инсульт орталығына жатқалы келіп тұрмыз, салып-ұрып. Мұндағы жап-жас қыздар аяқ-қолымызды жерге тигізер түрі жоқ. Жылжымалы төсектен аударып алған соң алдымызға арбаны тоса қойған. Қол-аяғы балғадай сом келіншек мен мінген арбаны шопақ құрлы көрген жоқ, жүгіртіп ала жөнелді. Әрлі-берлі сапырылысқан жұртты қақ жарып үлкен жеделсатыға келіп тіреді тұмсықты. Есігі ашылған жеделсатыға кимелеп келіп биік табалдырығынан еш қиналмастан арбаны аттатты да ішке топ еткізді. Мына әбжіл қимылына мен түгілі осыған куә болып тұрған былайғы жұрт та таңданысып қалғандай. Ең ұшар биіктегі қабатқа жеткенде әлгі келіншектен эстафетаны бір үлбірей үзілген жап-жас қыз бала алды. Бота тірсегі діріл қаққан мына баланың салмағым тоқсан килограммнан асатын мені қалай сүйрейтіні қызық болып тұр. Шынымды айтсам, аяп барамын. «Бота, сол апаратын жеріңе жаяу бара салуға болмай ма? – деп қоямын. «Жоқ!» деген үзлді-кесілді қатаң жауап аламын балаң жүзден.
Қанша қысылсам да бала мейірбике Жанеркенің бұйрығына бағынуға тура келген. Бота тірсегі діріл қағып Жанерке аурухана ішінде әрлі-бері сапырылысқан жұртты қақ жарып келеді. Кіші-гірім дарбазадай айқарма есікті арбаның тұмсығымен итеріп ашып атшаптырымдай бөлмеге ендік. Мейірбикем жүгіре басып кетіп, іле қолына резина қысқыш пен шприц ұстай келіп білегіме қысқыш резинасынан бұрау салып саусақтарымды ашып–жұмып жұмыс істеуіме бұйрық берді де шынтақтың бүгілген тұсындағы білеуленген иін тамырына инені еппен салып та үлгерді, шыны ыдысқа қызыл қошқыл қан толып сала берді артынша. Осылайша сараптамаға қан алу үдерісін асқан еппен атқарып үлгерген Жанерке мені арбаға қайыра қонжитып есікке қарай беттеді.
– Осы арада тұра-тұршы, сенің арбаң табалдырықтан өтіп алғанша мен шыға тұрайын арғы бетке, одан ештеңе бола қоймас, – деп мен рұқсат сұрап алдым да айқарма есіктің сыртына шығып тұрдым. Алдында байқағанмын, табалдырық биік екен де арбаны одан өткізу кезінде қамқоршы мейірбикемнің тілерсектері майысып қана қоймай, тоқтаусыз тербеліп кетеді екен!
Бос арба табалдырықтан желдей өте берді. Алайда, жеделсатының табалдырығы биік екенін бағана көргенмін! Одан балуан тектес келіншек еш қиналмай өткізген арбаны. Ал, мына бала не істер екен деп оның жүзіне ұрлана қарап қойамын. «Түсейін» десем, арбадан түсірмейді. Алайда, қабағын титімдей болса да шытқан Жанеркені көрмедім. Табалдырықтың биіктігін көріп арбадан тұрып есікке таянған маған бір, қолына ОДА–ның берген жолдамасын ұстап көлбеңдетіп тұрған ұлыма бір қарап кіреберістен қарсы алған келіншек: «Не мәселемен келдіңіздер? деп сұраған болуы керек, ұлым «жолдамамен келдік» деп жауап беріп жатты, ұлымның «жолдамамен келдік» деген жауабына:
«Мұнда жолдамамен емес, каталкамен келеді!» деп түйеден түскендей жауап берді әлгі ересек медбике. Ол айтса, айтқандай екен.
Сол күні алтыншы қабатта бір сапырылыс басталып кеткендей болған. Үстерінде науқастар жатқан төсектер кең дәлізді бойлап көшіп жүрді. «Сатыр-cұтыр» темір доңғалақтар дауысы бүкіл қабатты басына көтеріп жатты. Біздің палатадан бір-екі төсек сыртқа шығып, орнына дәл сонша төсек келіп орнықты, бос келген жоқ, ыңырсыған «жолаушыларымен» келді. Бос төсектерге өз аяқтарымен келіп орнығып жатқандарды көрмеген соң бағана есік алдында қарсы алған қызметкердің айтқан сөзінің шындығы айқындалып сала берген санада. «Иә, енді қалай деп едің, бұл – «Инсульт орталығы, жарқыным!» дейді іштегі бір қатал дауыс. Еріксіз бас изейсің. Міне, осындай атауының өзі құлаққа қатал естілетін ауыр орталықта тілерсектері майысқан Жанерекенің құрбылары өріп жүр. Шеттерінен жарқын. Қабақтарын шытқан бірін көрмейсің. Бағана бізді есік алдынан қатал шындықпен қарсы алған осы орталықтың осында көптен бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі санитаркасы Елена Увривильевна Щеголева екенін білгенбіз. Қатал жұмыс дағдыландырып тастаған қатаң қабақпен қарсы алғандай көрінгенімен, мейірімді қалпына сызат түспеген жан екенін ертесіне жайланған соң куә болып жатырмыз. Өзі адамның езуін жидырмайтындай әзілкеш болып шықты. Түннің бір уағында қажеттілікпен сыртқа шықсаң, Ботакөз есімді тәжірибелі мейірбике бастаған ақ халатты балалардың палаталарға кіріп–шығып жүргендерін көресің. Көздерін уқалап шығып бара жатады.
Қарап отырсаң, «Инсульт орталығы» сынды ауыр емдеу орындарының негізгі шаруасы осы медбикелер мен санитаркалар арқылы тындырылып жатқандай. Науқастарға дер кезінде ем-дом жасау, күтім көрсету, оларды төсектен тұрғызбай әрлі-бері тасымалдау, ас-суын тарату, система қою, тізе берсе, толып жатыр, ал, бұлардың күні кеше ата-ана құшағынан шыққан өрімдей жас қыздар екенін ойласаң, таңдаған мамандығының осы тәріздес қиындықтарына төзіп жүргеніне іштей риза боласың. Бұлар күні кеше ғана медколледж бітіріп келген балауса шәкірттер ғой! Олардың өз мамандықтарына шексіз берілгендіктері ерекше тәнті етпей қоймайды!
Бұл балалардың есімдерімен көпшіліктің таныс болулары артық болмас деп ойлаймыз, ендеше атайық, олар: өндірістік облыс орталығындағы медколледждің осы орталықта тәжірибеден өтіп жүрген студенттері Жұлдыз, Жанерке және оларға мамандықтарының қыр-сырын аянбай үйретіп келе жатқан тәжірибелі ақ халаттылар: аға мейірбике Айман Өмірзаққызы Оралбаева, мейірбикелер Ботакөз Жақсылыққызы Достаева, Нұргүл Мырзабайқызы Бекмағанбетова, Гүлжан Хамзеқызы Толқынбекова, Майра Қадірқызы Байдешова, Сандуғаш Серікқызы Бірімжанова, Маржан Әбдірәсілқызы Саргелтаева, Әйгерім Сырымқызы Алтынбек, Алма Алтынбайқызы Жағыппарова, Жүрсін Ойратқызы Әлтаева, Нұрзада Разахберліқызы Сыздықова, шаруашылық бибісі Қарлығаш Төлеубайқызы Байбатырова, санитаркалар Әсем Нұрланқызы Ерғазова, Айжан Бірекебайқызы Жаханова, Мақпал Серікқызы Берлібек, Ботакөз Балқашқызы Қуатова, Елена Увривильевна Щеголева, Алима Қосайқызы Тоқпанбетова, Жайна Хабалхан. Осынау мейірбикелер мен санитаркалардың үлкен жасағын «Инсульт орталығы» бөлімінің меңгерушісі, белгілі невролог дәрігер Жандос Жұмағалиұлы Жақыпов пен оңалтушы дәрігер Тимур Сергеевич Коробейников, ординатор дәрігер Айдар Бақытұлы Орынбек «инсульт» деген қатал аурудың соққысынан соң ес жинауға келген науқастарға дұрыс та жүйелі ем жасауға бағыттай алуда. Емін уақытылы алып, жағдайлары түзеліп қалған науқастардың Жандос Жұмағалиұлының аузынан шыққан «ертең шығасыз» деген сөзді естіп, балаша қуанғаннан орындарынан секіріп тұрғанына куә болып «сауыққан деген осы болар» деп түйгенбіз. Иә, жоғарыда аттары аталған дәрігерлер мен ақ халатты кіші қызметкерлердің беріле атқарған емдерінен соң «бұл жерден жазылып шықпау мүмкін емес» дейсің іштей еріксіз.
Төлеш АСАНОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.