Кез-келген кәсіпорында ұжымның ұйтқысына айналған, өзгелерге нақты ісімен өнеге көрсететін, қашанда қоғамдық өмірдің бел ортасынан табылатын адам болады. Әдетте, ондай өренге «Топжарған» деп, бір-ақ ауыз сөзбен баға беріп жатамыз.
Бір ғажабы, өмірлік белсенділік жасталғамайды. Сондай топжарғандар «Қазақмыстың» кен өндіруден мыс алғанға дейінгі аралықтағы өндірістік буынында еңбек ететін қыз-келіншектер қатарынан да көптеп кездеседі. Көгілдір көктеммен ілесе келетін қыз-келіншектердің мерейлі мерекесі қарсаңында солардың бірқатарын тілге тиек еттік.
Кенші
Маңдай шам майталманы
Шыңыр аудан шикізат шығаруға қатысы бардың бәрі кеншілер қауымына жатады. Сосын атқаратын қызметіне қарай сала-салаға бөлінеді. «Театр киімілгіштен басталады» десек, кеніш маңдай шам беретін жерден басталады. Кеншілер қауымы «лампавой» атап кеткен онда негізінен қыз-келіншек қызмет етеді.
Кенді өңірде туып, кеніштер қатар түзген ортада бой жеткенімен, қазіргі мамандығына келгенше он бес жылдай уақыт кетті. Жезқазған кентінің тумасы Шайгүл Тайланова орта мектепті соған іргелес жатқан Весовая елді-мекенінде бітірді. Таяқтастам жердегі шахтаның коперін талай тамашалаған. Кеншілер тұрмысымен бір адамдай таныс.
Бірақ, атбасын кеніштің қақпасына емес, Жезқазған тоқыма фабрикасының кеншілер қаласындағы еншілес кәсіпорнына бұрды. Тігінші-моторист болып табан аудармай еңбек етті. Өндірістен қол үзбей Новосибирск кәсіптік-техникалық училищесін 1983 жылы бітіріп алды.
Талайдың төзімін тауысып, табанынан тоздырған тоқсаныншы жылдардың топалаңы оның өміріне де өзіндік өзгеріс енгізді. 1992 жылы Оңтүстік Жезқазған кенішіне жұмысқа тұрды. Кеніштегілер «бірінші бөлім» атап кеткен, жұмыс уақытын есептеу бюросында істеді. Сосын маңдай шам беруші болып ауысты.
Бүгінде бар кеншінің есімі жадында жатталып қалмаса да, біразының жүзін шырамытады, бір парасын бір адамдай-ақ біледі. Алдында ауыр ауысым тұрғанға да, кезекті кен өндіру қияметінен қалжырап қайтқанға да бірауыз жылы сөз табады. Керек жерінде зілсіз ғана жекі палатыны тағы бар. Қалай болғанда да, көзалдында өскен жігіттерге баласындай қарайды.
Өзінің ұлы Ержан да кенші. Алматыда тұрады, Құсмұрын-Ақбастау кенішінде вахтамен механик болып істейді. Мақтанышы! Арқа сүйері! Шайгүл кеніштің қоғамдық өміріне белсене қатысады. Тапсырылған іске жоғары жауапкершілікпен қарайды. Оның еңбегін лайықты бағалаған кеніш басшылығы 2003 жылы төрт бөлмелі пәтер берді.
Теміржолшы
Кен керуенінің «көшірі»
Әңгіме «Транко Жезқазған» теміржол кешенінің поезд диспетчері Гүлнар Айранбаева жөнінде. Негізінен «Қазақмыс» тапсырысын орындайтын кешеннің қызмет аясын белгілі бір бағыт бойынша былай үшке бөлуге болады: қалалық алаң, өндірістік алаң, «Жаман-Айбат». Осыларды қамтитын теміржолдың жалпы ұзындығы Жезқазғаннан Қарағандыға еркін жететін қашықтықтай.
Ең алыс «Жомарт» кеніші жүз шақырымның үстіндегі үстіртте жатыр. Ал, батыстағы «Шайтантас» карьеріне барып тірелетін тұйықтың өзі алпыс шақырымнан асады. Шойын жолдың өн бойында 12 станса бар. 475 бағыттағыш бекеттің автоматтандырылғаны жүзден асады, қалғанында жұмыс қолмен атқарылады.
Күніне жолға шығатын 30 шақты локомотивтің қозғалысын қадағалап, реттеп отыру – поезд диспетчерінің тікелей міндеті. Қателесуге қақың жоқ! Міне, шым-шытырығы шаш-етектен осы шаруашылықтың қыр-сырын «шемішкеше шағып» отырған келісті келіншекке бір жағынан қызыға, бір жағынан құрметпен қарайсың.
Ал, тамсанып отырған сол адамның бойындағы бар болғаны орта білімекенін білгенде, бірден сене қоймадым. Себебі, өндірісті өңірге өң берген бұл кешенде екі мыңға жуық адам еңбек етсе, ондағы он адамның біреуі арнаулы орта немесе жоғары білімі бар инженер-техник қызметкері екенін білетінмін.
«Қатырма қағаз сұрайтыны қазір ғой, ол кезде тәлімгердің тәрбиесімен тәжірибені тірнектеп жинайтынбыз» дейді Гүлнар жайбарақат. Ол еңбек жолын 1996 жылы бағыттаушы болып бастапты. Сосын бірнеше стансада белгі беруші болған. Станса кезекшісі қызметін атқарған. Операторлықтан да ойдағыдай өткен.
Поезд диспетчерлігіне жеткенге дейінгі жеті жылда осылайша сатылап көтерілген. Одан бергі арада да жиырма жыл жатыр…
Байытушы
Айтулы аппаратшы
Кейіпкерің қойылған сауалға қалжың мен жауап қайтарып жатса, ол адамның «төрт құбыласы түгел» болғаны, ал түтіні түзу шыққаны. Жезқазған байыту фабрикасының №1 бас корпусындағы қоюлату қондырғысының аппаратшысы Зәмзәгүл Сатыбалдинамен арадағы әңгімеден сонны аңғардым.
«Жетіқоңыр» кең шарында орта мектепті бітірген, сосын бір жыл Мибұлақ аулындағы тұрмыстық қызмет көрсету кешенінде тігіншілікпен айналысқан қыздың қалай қалаға келін болып түскенін білмек болғанымда Зәмзәгүл көп тосылмай: «Қыз бен қойдың бармайтын жері бар ма?» деп, қойып қалды. Сосын: «Қалжың ғой» деп, әңгіменің әуселесін бір қайырып тастаған ол сөзін былай сабақтады:
– Бәрі бір Алланың қолында. Тағдырдың маңдайға жазғанынан қашып құтыла алмайсың. Сәтін салғанда жұбайым жақсы жігіт болып жолықты. Бақытжан бүгінде – «ТранкоЭкспресс» автокөлік кәсіпорнында жүргізуші. Қызымыз Әйгерім Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенті, болашақ инженер-құрылысшы, ұлымыз Сүлеймен – мектепте.
Ауылдан келгесін бір жылдай тоқыма фабрикасында жұмы сістедім. Ал, Жезқазған байыту фабрикасында жүргеніме отыз жылға айналып барады. Уақыттық өлшем таңдаған кәсібіңе көзің қанығып, қолың үйреніп алған соң айтуға оңай шығар, әйтпесе, алғашқы кезде қиналған сәт көп болды.
Оны ұмытпаймын, сол қиындықты жеңуде қол ұшын беріп, қамқорлық көрсеткен алғашқы тәлімгерім Валентина Маевскаяның мейірім шуағы да жадымда. Содан көрген-білгенді кейінгі жастардың қажетіне жарататын жасқа да келіп қалыппыз. Ұжым – ұйымшыл, бірлігі – берік.
Бастапқыда байыту фабрикасына конвейер машинисі болып орналасқан Зәмзәгүл бұдан бес жыл бұрын қоюлату қондырғысына аппаратшысы болып ауысты. Әріптестері ол жөнінде «өз міндетіне жоғары жауапкершілікпен қарайды, ұжымда беделі биік, абыройы асқақ» дейді. Бірге жүргендер біліп айтады.
Металлург
Ширақ шихташы
Желдейесіп, құмдай су сыпілгері озған ұшқыр уақытпен деген құрық салдырған ба? Өміріңе өзінді көрнек қалдырып, қалай өтіп жатқанын байқамай да қаласың? Тек із сіз кетпегеніне «Тәуба!» дейсің. Оның әуелгі арманы сауда саласының саңлағы болу еді. Бастапқы баспалдағына аяқсалып та үлгерген. Бірақ, тағдырдың дайындаған тартуы басқа екен.
Металлургтер мекеніндегі білім бәйтерегіндей ордалы оқу ошағы – №8 орта мектебін тәмамдағасын Алматы сауда техникумына түсіп, өндірістік тауартанушы мамандығы бойынша бітіріп алды. Сосын екі-үш жылдай Жезқазғандағы «Трикотаж» дүкенінде аға сатушы болып істеді. Сауда саласының әліппесін меңгеруге жас маман құлшына кіріскен.
Алайда, адамның ойлағаны бола бермейді екен. Тағдырдың маңдайға жазуымен Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтарал ауданының да дәмі бұйырған. Ауылшаруашылық техникасы кәсіпорнында қойма меңгерушісінің көмекшісі болып істеді. Жылдап жас баламен отырды. Сөйтіп жүргенде Ода қыдырап, қоғам қиыншылықтың қыспағында қалды.
Ақыры Әлима Қосыбаева 1993 жылы Жезқазған мыс қорыту зауытының қақпасын қақты. Әкімшілік-тұрмыстық кешенінде істеді, электр жабдықтарын жөндеу цехында жұмысшы болды. 2001 жылдан бастап шихта дайындау цехына шихташы болып ауысты. Алғашқы өндірістік тәлімгері Людмила Филиповна Попованың аналық қамқорлығын әлі ұмытпайды.
Бір ауысымда табан аудармай істеп келе жатқанына 20 жылдан асыпты. Қазір 22 адам еңбек ететін ұжымды АбзалТөлеков басқарады. Қуатты кәсіпорынның Жезқазғанды әлемге танытқан сафалтындай сары мыс алатын шикізат шығаратын өндірістік буынында еңбек ететінін ойлағанда кеудесін мақтаныш кернейді.
Әлібек ӘБДІРАШ.