Ел Тәуелсіздігінің 33 жылдығына орай Жезқазған қалалық әкімдігі мен ішкі саясат бөлімі және Жастар ресурстық орталығы өңірімізде әр сала бойынша өзінің сүбелі үлесімен танылып жүрген жастарды марапаттау рәсімі өтті.
Бұл жиынға қала әкімі Қайрат Шайжанов қатысып, дарынды жастардың беталысына ризашылығын білдірді. Бірнеше аталым бойынша жыл үздігін анықтаған бас қосуда Жезқазған шаһарымен тағдыры қатар өрілген Жезқазған байыту фабрикасының еңбеккері Қанат Мусин «Өндірістің жас қызметкері – 2024» аталымының жеңімпазы атанды.
Қанат Мусин бұл өндіріс ошағына 2020 жылы жұмысқа орналасқан. Осындағы шаң тұтқыш қондырғылары мен асперациялық желі телімінде слесарь-жөндеуші. Қанат өндірісте өзін шыңдай білді. Ол өндіріс пен өнерді қатар алып жүрген азаматтардың бірі.
– Мұндай сыйлық, дәреже үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл жеңісімді Жезқазған байыту фабрикасының 70 жылдығына арнайым. Мені қолдаған фабрика басшылығына, ұжымыма алғысым шексіз. Өндірісті өңірдің өркендеуіне үлесімді қоса беремін, – деді өндірістің жас қызметкері.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.