«КәсіпҚорған» кәсіподағының Жезқазған филиалы өңірдегі «Қазақмыс» Холдинг еңбеккерлерінің жұмыстан тыс уақытын салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануына үнемі қолдау көрсетіп келеді. Оған жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын спартакиадалар мен түрлі турнирлердің өтуі дәлел.
Мемлекеттік және кәсіби мерекелерде ұйымдастырылатын спорттық шаралардың өзі бір төбе. Кәсіподақтың Жезқазған филиалы еңбеккерлердің тұрақты жаттығуы үшін арнайы залдарды жалға алуда. Биылғы жыл кәсіподақ мүшелері үшін жаттығу залдарына абономент алу тәсілі мүлде оңайлай түсті. Заманауи жүйеде іске қосылған қосымша арқылы қалаған залына үйден шықпай-ақ орын алып, жаттығуға мүмкіндік алды.
Спортты дамытудағы кәсіподақ филиалының осындай тиімді тетіктерін филиал өкілдері Ұлытау облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Елдос Әбдраевпен болған кездесуде сөз болды. Бұл шаралар легін ұлғайтып, келешекте кәсіподақ мүшелерінің «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен бой көтерген «Жігер» денешықтыру және сауықтыру орталығында бассейн мен жаттығу залдарының қолжетімділігін барынша арттыруға ұсыныстар айтылды. Басқарма басшысы кәсіподақтың филиалы тарапынан түскен ұсыныстар қаралатынын, мүмкіндігінше қолдау болатындығын жеткізді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.