«Жезқазған жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны» АҚ – өндірісті өлкенің тұрғын үйлері мен әлеуметтік нысандарын жылумен, сумен қамтамасыз етіп отырған ірі құрылым. Мұндағы әрбір телімнің атқаратын міндеті бар. Соның ішінде жөндеу-слесарьлық телімінің ұжымы қай мезетте болсын шаһарды жылумен, сумен қамтуға сақадай сай. Бұл телімге Тау-кен Бақытжанов деген азамат басшылық жасайды.
Іскерлік пен ұйымдастыру қабілеті шыңдалған Тау-кен Бақытжанұлы қасиетті қарт Ұлытаудың тумасы. Оның негізгі мамандығы геолог-барлаушы. Жезді кентіндегі № 5 орта мектепті тәмамдаған соң Тау-кен Жезқазған тау-кен техникумына оқуға түсті. Оның дипломын алған сәтте әскер қатарына шақырылды. Екі жыл әскери міндетін өтеп келген соң, Жезқазған мыс қорыту зауытының мысты электролиздеу цехына катодшы болып жұмысқа орналасты. Мұнда бірер жыл еңбек еткен соң Тау-кен Бақытжанұлы өзінің игерген мамандығы бойынша геологияға бет бұрды. 1986–1990 жылдар аралығында «Степьгеология» мекемесінде бұрғылаушы, кейіннен аға мастер дәрежесіне көтерілді. Тоқсаныншы жылдардың тоқырау тұсында геология жабылған соң, ол Жезқазғанға қайта оралып, «Ардагер» кооперативінде энергетик болды.
1995 жылы ол Жезқазған жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнына жұмысқа қабылданды. Осы кезең Жезқазған тұрғындары үшін үлкен сынақ ретінде есте қалды. Өңір халқын жылумен қамту мәселесі өзекті болды. Жүйелер істен шығып, қиындықтар бірінен соң бірі жолыға берді. Дегенмен сала мамандарының іскерлігінің арқасында сол кездегі облыс орталығы жылуға қол жеткізді. Осы қиын шақтарды еңсеруге Тау-кен Бақытжанұлы да өз үлесін қосты.
– Өткен күндерді ой елегінен өткізіп, саралайтын болсақ, осы кәсіпорында еңбек еткен алғашқы жылдар қаланы жылумен қамтудағы қиын кезеңдермен бетпе-бет келдік. Күндіз-түні жұмыс істеудің арқасында қала жылумен қамтылды. Осында жұмысқа қабылдаған директор Әбдіқасым Тоқтыбаев пен телім басшысы Қайрат Өмірбеков сенім артып, бізді қай іске болсын жұмылдыра білді. Әбдіқасым Тоқтыбайұлымен зейнет жасына шыққанға дейін бірге еңбек еттік. Энергетика кез-келген сәтте қиындықтарға қарсы тұрып, шешімін таба білуге машықтандыратын мамандық деп айтар едім, – деп сөзін бастады Тау-кен Бақытжанұлы. Кейіпкерімізбен әңгіме барысында: – 1995 жылдан 2013 жылға дейін жөндеу-слесарь телімінде мастер болдым. Құралай есімді қызым қатты науқастанып, 2014 жылы Астанаға қоныс аударуға мәжбүр болдық. Екі ұлмен қатар бой жетіп келе жатқан шағында Құралайымыз сауығып кетеді деген сеніммен Астанада ем қабылдадық. Бірақ, Жаратқанның өлшеп берген ғұмырын пенде ұзарта алмайды екен. Ақыр соңында дерт жеңіп кетті. Осылайша Құралайымыздан көз жазып қалдық. Астанада 2014 – 2020 жылдар аралығында «Қазақстандық ауыр бұйымдар» зауытының жылу желілерінде монтаждаушы болып еңбек еттім. 2020 жылы Жезқазғанға қайта келіп, энергетика мамандығында шыңдалған теліміме қайта оралдым, – деді.
Тау-кен Бақытжанов бүгінде кәсіби шеберлігі мен басшылық қабілеті толыққан маман. Оның қарамағындағы жігіттер өз істеріне мығым. Талапшыл басшының талғамынан шыға білуде телімнің жігіттері де мүдірген емес. Тау-кен Бақытжанұлы бәз біреулердей «мен бастықпын» деп шіренуді білмейтін жан. Ол туындаған қиын жағдайларды еңсеруде әрқашан ұжым ортасынан табылады. Сондықтан болар, Тау-кен Бақытжанов өзінің еңбек ұжымында сыйлы. Ол тәлімгер ретінде талай жасты қанаттандырды. Әсіресе, Алмат Байболовтың бетоншыдан мастер, кәсіпорынның бас инженері дәрежесіне дейін көтерілуі жолында Тау-кен Бақытжанұлының өнегесі бар десек, артық айтқандық емес.
Тау-кен Бақытжанов әріптестерімен
«Жезқазған жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны» акционерлік қоғамындағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Айгүл Түсіпбаева Тау-кен Бақытжановтың қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі, азаматтық ұстанымы туралы былайша ой білдірді: – Тау-кен Бақытжанұлы өз мамандығының майталманы ретінде ұжымда сыйлы жан. Ол өзі басқарып отырған телімді қоғамдық, мәдени-спорттық шаралардан қалыс қалдырмай, үнемі белсенді болуға үндеп отырады. Өзі де кәсіпорын басшылығы мен кәсіподақ бірлесе ұйымдастыратын іс-шаралардың бел ортасынан табылады. Ұжымының да ауызбіршілігі, бір-біріне деген қолдауы ерекше. Қандай жағдай болса да туындаған мәселені бірлесе шешуге дағдыланған. Бұл біріншіден, осы телімдегі жігіттердің өз жұмысына деген адалдығын аңғартса, екіншіден, Тау-кен Бақытжановтың ұжымды басқара білу қабілетінің көрінісі деп бағалаймыз.
Мақалаға арқау болған кейіпкеріміздің атының өзі ерекше. Оның сырын ол:
– Менің әкем Ұлытауда, Жездіде сот болып қызмет еткен адам. Дос-жарандары, сыйласатын әр саланың мамандары да көп болды. Рақымжан Базарбаев деген тарихшы досы мен өмірге келгенде: «Ұлытау – қасиетті жер. Тау бар жерде байлық бар. Менің ақылымды құп көрсең, ұлыңның азаматтығы осы Ұлытауда биік болсын деп ырымдап, Тау-кен» деп қой деген екен. Әкем досының ұсынысын қабыл алып, есімімді Тау-кен қойған екен, – деп түсіндірді. – Әкеміз менің жас кезімде дүние салып, мен ағаларымның тәрбиесінде өстім. Серік пен Берік ағаларымның көрсеткен жолымен жүрдім. Әсіресе, марқұм Серік ағамыз әке орнына әке болды. Білмегенімді сол кісіден үйрендім, – деді одан әрі.
Қазақ ырымшыл халық. Жақсылыққа сүйсініп, қуанышқа көзі тойғанда ырымдап қойған есімнің өзі адам тағдырына тікелей әсер ететінін алдын ала білген ата-әжелеріміздің көрегендігі қандай ғажап десеңізші. Ұлытау етегінде туып, бір кездері кен бұрғылаған Тау-кеннің тағдыры таумен де, кенмен де тығыз байланысты өрбіді.
Тау-кен Бақытжанұлы жалғыз қызғалдағы Құралайынан көз жазып қалғанымен, ізін жалғар Ерназар мен Ерәлі есімді ұлдары бар. Ерназар Астанада Президенттің іс басқаруында еңбек етуде. Отбасылы. Ерәлі 11-сынып оқушысы. Тау-кен Бақытжанұлы Астанаға барған сайын немересін құшағына алып, күйбең тірліктегі шаршауын бір басады.
Жақында Тау-кен Бақытжановтың 38 жылдық еңбек өтілі бағаланып, «Еңбек ардагері» медалін омырауына тақты. Ерен энергетик атанған азаматтың салаға қосқан үлесі осылайша өз бағасын алды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.