«Қазақмыс» корпорациясының құрамындағы № 1, 2, 3 Жезқазған байыту фабрикасында еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасын нығайту жолындағы өзекті мәселелерді талқылаған жиын өтті. Оны фабрика директоры Елдос Тоқтасынов жүргізді.
Өз баяндамасында Елдос Нұрғожаұлы жыл басынан бері «Қазақмыс» корпорациясы бойынша өндірістік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау жөнінде атқарылған жұмыстар мен өндірістегі жарақаттанудың деңгейіне талдау жасады. Сонымен қатар, фабрика басшысы жұмыс орнында қауіпсіздік талаптарын орындау адам өмірінің басты кепілі екендігіне тоқталды. Фабрика директоры ұжымның 11 айда өндірістік жоспарды орындаудағы көрсеткіштері оң нәтижеге жеткізгендігіне алғысын білдірді. Жиын барысында байыту саласына өлшеусіз үлес қосқан еңбек озаттары марапатқа ие болды.
Фабрика басшылығы мен «КәсіпҚорған» кәсіподағының шешіміне сай 40 жыл еңбек өтілі бар бір топ ардагер «Еңбек ардагері» медалін омырауларына тақты. Фабрика директоры Елдос Тоқтасынов пен «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Майра Әлбаттина аға буынға байыту кешенін дамытудағы еңбектеріне алғыстарын білдірді.
«Еңбек ардагері» медалімен № 2 бас корпустың диірмен машинисі Ғабит Қалмұрзин, № 2 ұнтақтау корпусының электр-газбен дәнекерлеушісі Олег Идрисов, № 1 ұнтақтау корпусының электр-газбен дәнекерлеушісі Александр Герасимов, кептіру-сүзу бөлімінің аспалы кран машинисі Наталья Блинова марапатталды. Сонымен қатар, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісіне № 1 бас корпустың флотаторы Тлеу Көпбосынова ие болды. Сүзу-кептіру бөлімінің ауысым мастері Ағатай Бекмағанбетовке «КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы Уәлихан Нұржановтың Құрмет грамотасы табысталды. Алқалы басқосуда кәсіподақ тарапынан мерейтой иелері де құрметке кенелді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.