Бизнес алға басса, өңір дамиды. Осы мақсатта Ұлытау облысында кәсіпкерлерге арналған бизнес-форум өтті. Онда бизнес саласының мамандары басқосып, арнайы шақырылған спикерлер өздерінің іскерлік дағдыларымен бөлісті.
Ауқымды шараға Ұлытау облысынан және Қарағанды, Теміртау, Балқаш қалаларынан 250-ден астам кәсіпкер жиналды. Оған 20 кәсіпкер демеушілік жасады. Ал, форумның бас демеушілері – «Жетісу» құрылыс компаниясы мен Хоум Кредит Банкі. Форум мінберінде кәсіпкер Азамат Есов, бизнес-тренер «Fitness Body Club» фитнес клубының директоры Гүлнара Загирова сөз сөйлеп, тәжірибелерімен бөлісті.
Сондай-ақ, шараға облыстық мәслихат депутаты, Ұлытау облысы іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Гүлмира Қаженова, Марал Жараспаева және Азамат Кожахметов сынды кәсіпкерлер арнайы шақырылған. Олар кәсіпкерлерге кеңес берді, бизнесті тиімді ұйымдастыра білу ғана табысқа жеткізетінін тілге тиек етті. Жалпы, бизнес-форумнан облыс кәсіпкерлері практикалық тәжірибе мен көптеген пайдалы ақпарат алды.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.