«Нұрқазған» байыту фабрикасындағы «КәсіпҚорған» бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Жанна Ертуғанова байыту фабрикасының еңбек ұжымымен өткен жұмыс жиналысында атқарылған жұмыс пен іс-шаралар туралы тоғыз айдың есебін ұсынды.
Жалпы, қоғамдық тамақтану мен тұрмыстық кешен жайларын қадағалау, жұмыс орындарын құру және тұрмыстық жағдайларды ұйымдастыру, медициналық бекет бойынша жұмысты бақылау жөніндегі комиссия қайта құрылып, ішкі бұйрықпен бекітілді.
Төраға жұмысшылар ауысымнан соң жуынатын себезгі бөлмелерінің, асхананың, сондай-ақ медициналық бекеттің жай-күйін тексеру ай сайын тұрақты жүргізілетінін атап өтті. Кәсіподақтың көмегімен бірқатар мәселелер шешілген. Атап айтқанда, фабрика жұмысшыларының талабына орай еңбеккерлерді сапалы сүтпен қамту, ас мәзіріне өзгеріс енгізу, тамақ сапасын жақсарту бойынша бастауыш ұйым бірқатар мәселелердің түйінінің тарқатылуына ықпал жасаған.
«Нұрқазған» байыту фабрикасындағы үздік тәлімгерлер мен өндірісшілерді бағалы сыйлықтармен марапаттау жөніндегі комиссия құрылып, ішкі бұйрықпен бекітілген. Кәсіподақ жарналарын пайдалану есебі және қаржылық есептердің уақытылы берілуі және олардың мақсатты тағайындалуын бақылау жүзеге асып отыр. Төраға есеп беру барысында фабрика еңбеккерлеріне емделуге көмек көрсету, шипажайларға жолдама беру, мерейтой иелері мен зейнет жасына жеткен еңбеккерлерді, сонымен қатар, кәсіподақ белсенділері мен еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық инспекторларды марапаттау қағидаты сақталып отырғанын жеткізді.
Жалақы, жұмысқа қабылдау және жұмыстан босату, жазалау және көтермелеу мәселелері бойынша еңбек қатынастары саласындағы еңбек туралы заңнаманың сақталуын бақылау, жеке еңбек даулары бойынша келісім комиссияларының қызметін үйлестіру шараларына да бастауыш ұйымы үзбей қатысады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.