Өткен ғасырдың тоқырау тұсында біздің өңірде «КазКат» деген атаумен зауыт бой көтерді. Мыс қаңылтырын дайындайтын бұл зауытты Түркияның «Энтес» құрылыс компаниясы 1994 жылы салған.
Негізгі технологиялық жабдықтармен АҚШ-тың «Саутвайер» фирмасы қамтамасыз еткен. 1994 жылы 28 қазанда тұңғыш өнім бере бастады. Өндірістік қуаты жылына 50 мың тонна мыс қаңылтырын өндірумен ерекшеленеді. Қаңылтырдың қалыңдығы – 8 мм. Мыс қаңылтыры кабель өнімдерін, әр түрлі жуандықтағы мыс сымдарын, эмальдаған мыс сымдарын дайындауға пайдаланылады. Зауыт өнімі әлемдік стандартқа сай келеді. Ел Тәуелсіздігінің алғашқы кезеңдерінде іргесі қаланып, бүгінде қанаты қатайған зауыттың құрылғанына 30 жыл толып отыр.
Өркенді отыз жыл ішінде зауытта өндірілген өнім әлемдік нарыққа шығарылып, жоғары сұранысқа ие болды. «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС құрамындағы зауыттың 30 жылдық торқалы тойы мысты шаһардағы «Marry» мейрамханасында атап өтілді. Оған «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Бас директоры Жәнібек Байғабелов, осы зауытты өркендетуге үлес қосқан ардагерлер мен металлургия майталмандары қатысты. Салтанатты басқосуда Жәнібек Алтынбекұлы зауыт ұжымын, сала ардагерлерін торқалы тоймен құттықтап, ыстық ықыласын білдірді. Сонымен қатар, ол бір топ өндіріс озаттарын марапаттады.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің Басқарма төрағасы Төлеген Бүкіров бастаған ардагерлер қауымы кәсіпорынның қадасы қағылып, іргесі бекіп, бүгінгі дәрежеге жеткен аралықтағы сәттерімен бөлісті. «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалының төрағасы Ақылбек Төлепбергенов те майталмандарға құттықтауын арнап, бірқатар үздіктерге Құрмет грамоталарын тапсырды. Осы торқалы тойда зауыт өндірісін ілгерілетудегі айрықша үлестері үшін Үсен Әбікеев ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін, Ибрагим Әлімбаев ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін омырауына тақты.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.