«Нұрқазған» кенішіндегі «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Айбын Арынғазинов кен өндіру ісіндегі және кәсіподақ ұйымының жұмысын ілгерілетудегі жемісті еңбегі үшін екінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісімен марапатталды.
Айбын Сәтбекұлына төсбелгіні «КәсіпҚорған» кәсіподағы Қарағанды филиалының төрағасы Мадияр Қалиев салтанатты жағдайда табыстады. Мадияр Қанатұлы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Қарағандытүстімет» ӨБ құрылымындағы «Нұрқазған» кенішінде ұйымның көздеген мақсат-міндетін орындаудағы жетістіктеріне алғысын білдіре келіп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Айбын Арынғазинов алғашқы еңбек жолын Шығыс Жезқазған кенішінің құрамындағы № 57 шахтада бастады. Кен өндірісіне машықтанған Айбын Арынғазинов кейін еңбек жолын «Қазақмыс» корпорациясының өңірдегі шахталарына қажетті жарылғыш заттар дайындау кәсіпорнында жалғастырды. 2009 жылы көмірлі өлке – Қарағанды қаласына қоныс аударды. Осында жаңадан ашылған «Нұрқазған» кенішіне жұмысқа орналасып, тау-кен жұмысшысынан бригадир дәрежесіне көтерілді.
Айбын Сәтбекұлы 2018 жылы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағалығына сайланды. 6 жылдан бері комитет тізгіндеп келе жатқан Айбын Арынғазинов бұл салалық төсбелгіні еңбек жолындағы мәртебемді асырған марапат деп бағалайды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.