Ата-бабадан бүгінге мирас болып қалған ұлан байтақ жеріміздің егемендігі тұрақталып, әлемдік деңгейде Қазақстан деген атпен мойындалған еліміздің өркендеуінде өндірістің әр саласында тер төгіп жүрген азаматтарға Республика күні тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағы «Қазақмыс» құрылымдары орналасқан аймақтардағы еңбек озаттарын құрметтеді.
Кәсіподақтың Жезқазған филиалы «Жезқазғантүстімет» ӨБ қарасты кеніштер мен Жезқазған байыту фабрикасының, «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Жезқазған мыс қорыту зауытының, сонымен қатар «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС кәсіпорындарының үздіктерін ұлықтады. Бір топ майталманға ұйым төрағасы Уәлихан Нұржановтың Құрмет грамотасы, филиал төрағасы Ақылбек Төлепбергеновтің Алғыс хаты табысталды.
Сондай-ақ, «Еңбек озаты», «Кәсіподақтың Құрметті қайраткері» төсбелгілері үздіктердің омырауында жарқырады. Бұл – «КәсіпҚорған» кәсіподағының қарапайым еңбек адамының еңбегіне деген құрметінің белгісі. Осы орайда атап өту керек, «КәсіпҚорған» кәсіподағының ұсынысымен бірқатар кен өндіру, металлургия саласының үздіктері «Еңбек ардагері» медаліне, «Құрметті кенші», «Құрметті металлург» атағына, І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы», «Еңбек даңқы» төсбелгісіне ие болды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.