Іргетасы бұдан тоғыз жыл бұрын қаланған, 320 балаға арналған бұл балабақша әлі пайдалануға берілмеген. Мердігер «Тавис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 2013 жылы сәуірде келісім-шарт жасалып, 2015 жылы қарашада қатарға қосу көзделгенеді.
Екі жарым жылдай уақыт мерзімде үш қабатты ғимараттың негізгі қаңқасы тұрғызылды, инженерлік желілері жүргізілді, ара қабырғасы қаланды, төбесі жабылды, есік-терезе кәсегі (блок) орнатылды, балабақшаның айналасы абаттандырылды. Ішін ара ішкі әрлеу жұмыстары жасалды, бір қатар технологиялық жабдықтар жеткізілді. Көпшілік тағатсыздана күткен мектеп жасына дейінгі мекеменің шаруасы осымен тынды.
Нысан құрылысының белгіленген мерзімде аяқталмауы және келісім-шартта көрсетілген міндеттеменің талапқа сай орындалмауы салдарынан тапсырыс беруші мен мердігер арасында соттың істі қарауы ұзаққа созылды. Шешім 2019 жылы 25-наурызда қолға тиді. Соған сәйкес мердігер мен арадағы келісім-шарт өз күшін жойды, айып ақы өндіріп алынды, мердігер ұйым жосықсыз өнім беруші деп танылды.
2020 жылы ғимараттағы құрылыс конструкциясының техникалық күйі зерттеліп, бағаланды. Қортындысында нысан ұзақ уақыт талапқа сай сақталмағандықтан және жылусыз тұрғандықтан атқарылған көптеген құрылыс-монтаж жұмысы жарамсыздыққа ұшырағаны анықталды. Құрылысты аяқтау үшін 2020 жылы тамызда басқа мердігер – «Караганда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім-шарт жасалды. Ол ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізді, ақауларды жойды, нысанды орталық жылумен-сумен және электр қуатымен жабдықтау желісіне, канализацияғақосты.
Құрылыстың ұзаққа созылып, сметалық құнының өзгеріске ұшырауына байланысты бүгінде бастапқы жоба қайта қаралып, жобалық-сметалық құжаттарға түзету жасалуда. Амандық болса, осы көктемнің аяғына дейін бұл шаруа бірыңғайланып, сараптау қорытындысы қолға тиеді деп күтілуде. Ал, жаңа жыл қарсаңында балабақша бүлдіршіндерге есігін айқара ашатын болады. Бүгінде нысандағы жұмыстың оннан тоғыз бөлігі тиянақталуға таяу.
Әңгіме орайында айта кетейін, құрылыстың қиюы кетуі салдарынан Жезқазғандағы «бағы байланған» балабақша жалғыз бұл емес. Ол 9-орамдағы Гогол көшесі, 6 «а» мекен жайында орналасқан. Оның құрылысы тіпті кеңестік кезеңде басталған. Ода қыдырап, тоқсаныншы жылдары ала шапқын алқымнан алғанда жеке тұлғаның жекешеменшігіне өтіп кеткен. Бұл балабақшаның құрылысы басталғанда кезекте тұрған бөбектердің өзі бүгінде бала сүйіпотыр.
Әлібек ӘБДІРАШ.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.