Жезқазған жылу, электр орталығында 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқталуда. Барлық жұмыс кестеге сәйкес жүргізілуде. № 6 және № 11 қазандық агрегаттарында, сондай-ақ № 7 турбоагрегатта жөндеу жұмыстары атқарылуда. Жабдық штаттық режимде жұмыс істейді.
Күрделі жөндеу жүргізілгеннен кейін № 9 қазандық агрегаты номиналды жүктемемен жұмыс істейді. № 5 қазандық агрегатында жұмыс аяқталуға жақын. №6 турбоагрегатта турбинаны құрастыруға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ бір ай бұрын № 7 қазандық агрегатындағы жөндеу жұмысы аяқталды.
Сонымен қатар турбиналық цехтың сорғы және жылу алмасу жабдықтарына, сүзгілерге, құбырларға және химиялық цехтың резервуар шаруашылығына ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Отын-көлік цехында отынды үздіксіз алуды қамтамасыз ету үшін көмір түсіру кешенінде жөндеу жұмысы атқарылды.
Жөндеу жұмыстарына жалпы сомасы 13 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалады. Жабдықты техникалық тексеру және диагностикалау кесте бойынша жүргізіледі. Қазір барлық цехтардың жабдықтары жоспарлы режимде жұмыс істеуде.
Қазан айының басында Жезқазған ЖЭО қоймасында 87 мың тонна азаймайтын қорды есепке алғанда, барлығы 134 мың тонна көмір және 300 тонна азаймайтын қорды есепке алғанда 2 мың тонна мазут дайындалды.
2024-2025 жылғы жылыту маусымында бу шығаруды қоса алғанда Жезқазған қаласына («Жылу және сумен жабдықтау кәсіпорны» АҚ және өнеркәсіптік алаң) жылу энергиясына жалпы есептік қажеттілік – сағатына 385 Гкал., оның ішінде жылу желілері бойынша – сағатына 355 Гкал.