Жезқазған қаласын газдандыру жөніндегі жоба 2020 жылы қолға алынған еді. Содан бері бас мердігер «Әлия Сервис» ЖШС күшімен қалада 150 шақырымнан астам газ желілері тартылды. Талап ауылынан басталған жоба одан әрі Қабанбай, Бөгенбай батыр, Бекболат сай, Қостанкелді шағынаудандарында жалғасып, бұл аумақтағы үйлердің көпшілігі бүгінде көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Үш кезеңнен тұратын жоба өз мәресіне жетуге жақын қалды.
Биылғы жылы 91-94, 7-8-орамдарында және Батыс ауданында құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, газ желілеріне қосылуға мүмкіндік туды. Қазіргі таңда желілерді қысыммен сынау және қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Соған орай бұл орамдағы тұрғындарға Жезқазған газ шаруашылығы техникалық шарттарды беруді бастапты. Алайда, қазір мәлім болып отырғандай, 91-93-орамдағы Марғұлан көшесінің тақ сандар жағы, Түсіпбеков көшесінің жұп сандар жағы және Әуезов көшесінен жоғары қарай орналасқан Нұрпейісова, Металлургтер, Жамбыл, Қазанбаев, Аманбай батыр, Түсіпбеков көшелерінің Батыс тұрғын ауданына дейінгі аралықтағы үйлерге газ құбыры тартылмаған көрінеді. Мұның себебін қала әкімінің орынбасары Берік Әбен былайша түсіндірді:
– Аймақты газдандыру жөніндегі жоба ең алғаш қолға алынған 2019 жылы бұл көшелер «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры құрылысының жобасында қарастырылмаған. Қазіргі таңда Жезқазған қаласының әкімдігі тарапынан аталған көшелерді газбен қамту мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Яғни, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, 2025 жылы аталған көшелер толық газбен қамтылатын болады.
«QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Қарағанды өндірістік филиалы Жезқазған газ шаруашылығының жетекші маманы Болатбек Балтиннің айтуынша, бүгінгі таңда қалада 890 абонент көгілдір отынды тұтынып отыр. Өткен жылдан бері Бекболат сайда 354 үй, Қостанкелдіде 182, Қабанбай батыр елді мекенінде 209 үй газ желілеріне қосылыпты. Қазірде үйге газ кіргізу жұмыстары одан әрі жалғасуда. Бұл жұмыспен лицензиялары бар 9 мердігер ұйым айналысып отырған көрінеді. Олардың әрқайсының бағасы әртүрлі. Жобамен 650 мың мен 1 млн. теңге аралығын құрайды. Мердігер ұйымдар еркін нарық тәртібі бойынша жұмыс істейді. Оларға бәлен бағамен орнатасың деп ешкім нақты талап қоймайды дейді. Сондықтан бағалары да әртүрлі. Газ шаруашылығының жетекші маманы, негізінде тұрғындар бұрын газға қосылған таныстарынан қандай мердігер ұйымның қосқаны қолайлы әрі сапалы екенін сұрастырып барып таңдау жасаса артық болмас еді деген пікірін білдірді. Үйге газ кіргізудің бағасы жөнінде Қызылорда қаласынан келіп жұмыс істеп жатқан Д. Ахметов басқаратын «TG GAS» ЖШС мамандарымен сөйлескенімізде:
– Газ кіргізудің бағасы желідегі нүкте мен үйдің екіаралығының қашықтығына, сосын жылыту аумағының көлеміне, таңдаған пеш қондырғысына байланысты болады. Мәселен, біз аумағы 100 шаршы метр болатын үйге 650-700 мың теңгеге газ тартып бере аламыз, – дейді.
Бекболат сай шағынауданындағы бұрын пеш жағып отырған үйлер өткен жылдан бастап үйлеріне газ тартқызып алған екен. Болман көшесіндегі сондай үйлердің біріне соғып, үй иесі Абылай Жақыповпен тілдескен едік. «Газға 2023 жылы қосылған едік, қыстай рахатын көрдік. Үй жылы болды, әрі светке төлейтініміз де бұрынғыдан көп төмендеді. Аумағы 120 шаршы метр үйімізге газ кіргізу, пеш жабдықтарын қою, барлығы 650 мың теңгеге түсті. Есесіне талай жылдан бергі көмір жағып жылынудың бейнетінен құтылғанымызға қуаныштымыз», – деп ризашылығын білдірді.
Жалпы, көгілдір отынның көкжиегі жыл сайын кеңейе түсуде. Жезқазған қаласын газбен жабдықтау жұмыстары 2020 – 2025 жылдарға жоспарланған болатын. Жоба толықтай жүзеге асқанда қалада 7800 абонент газ желісіне қосылып, көгілдір отынның игілігін көруге тиіс. Келер жылы жоғарыда айтылған 91-93-орамдарындағы қамтылмай қалған көшелерге газ тартылады. Одан әрі Кеңгір мен Жәйрем елді мекендерін, Қаражал қаласын және Жаңаарқа кентін газдандыру жобалары алда тұр. Өткен жолы Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің өңірге сапары барысында тиісті министрліктерге осы жобаларды қаржыландыру жөнінде тапсырма бергені белгілі болды. Сонымен қатар, жақында табиғи газды тасымалдаушы ұлттық оператор болып табылатын «Qazaq gaz» АҚ өкілдері Жезқазғанның өндірістік кәсіпорындарымен таныса келіп, шағын және орта бизнес нысандарына газ беруге дайын екендіктерін білдіріп кетті. Олай болса, өңірдегі газдандыру жұмысы әлі де жалғасып, ауқымы кеңейе түсетін болады.
Амандық РАХҰЛЫ.
Суретте: А. Жақыпов газ пешін бақылауда ұстайды.