«Қазақмыс» корпорациясының өндірістік өңірлердегі өнеркәсіп нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін атқарып отырған «Қорғау қызметі» ЖШС филиал еңбеккерлерінің білімі мен физикалық дайындығын пысықтау мақсатында жыл сайын сынақ өткізеді.
Осыған орай «Қорғау қызметі» ЖШС Жезқазған филиалының мыңға тарта еңбеккері тестік жүйеде білімдерін сынап, емтихан тапсыруда. Әрбір кәсіпорындағы күзетшілер салаға қатысты тест сұрақтарына жауап беруі тиіс.
Комиссия мүшесі, филиалдағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Жанна Ерғалиева жыл сайынғы емтихандағы сынақтың кейбір тұстарына өзгерістер енгізілгенін алға тартты. Осыған дейін дайындықты пысықтау бірнеше кезеңдерде өтсе, биылдан бастап тестік жүйеде күзетшілердің қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарын меңгергендігі басты назарға алынатын болады.
Жалпы, филиал бойынша бұл емтихан қыркүйек айының жиырма үші күні басталған. Комитет төрағасының айтуынша, бір айға созылатын сынақтың алғашқы кезеңдерінде-ақ күзетшілер оң нәтиже көрсетуде.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.