«Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС басшылығының ұйғарымына сәйкес, Сәтбаев қаласын көгалдандыру мәселесі қолға алынып отыр.
Бүгінде жерасты техникаларына сервистік қызмет көрсететін «Жезқазғансервис» кәсіпорнына және шахта, зауыттарға қажетті бөлшектер дайындайтын тау-кен, шахта жабдықтары зауытын біріктіріп отырған аталмыш компания өткен сенбіде кеншілер шаһарының Ерден көшесіне 100 тал екті.
Қоршаған ортаны абаттандыру мен көгалдандыруға, оның табиғатын барынша жасылдандыра түсуге атсалысуға ниеттенген қос кәсіпорынның басшылығы мен еңбеккерлері тал егу шарасын жұмыла көтерді.
– Өзіміздің сүйікті қаламыздың жасыл желекке оранып, ажарының ашыла түскені біз үшін де мақтаныш. Сондықтан «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС Бас директоры Саят Бәкіровтің бастамасымен қолға алынған көгалдандыру бағдарламасына ұжыммен үлес қостық. Бұл жас желектердің әрі қарай өсіп, өніп кетуіне кәсіпорындар тарапынан күтім жасалынады.
Тау-кен, шахта жабдықтары зауытының ұжымы Сәтбаев қаласының көгалдануына көңіл бөлуді жалғастыратын болады, – деді тау-кен, шахта жабдықтары зауытының директоры Алмаз Айранбаев.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.