«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» ӨБ қарасты құю-механикалық зауытының негізгі буындарының бірі саналатын механикалық цех өзге цехтарда құйылып, пішімге келген бөлшектерді механикалық өңдеуден өткізеді.
Ұлан Ілиясов басшылық жасайтын ұжымда 115 адам еңбек етуде. Темір жонушы, жүк көтеруші, фрезерлеуші, аспалы кран машинисі сынды мамандық иелері топтасқан цехта қай мезгілде де жұмыс бір сәтке тоқтамайды.
Цехтың тыныс-тіршілігімен танысуға арнайы барғанымызда Ұлан Ілиясов күтіп алып, бізді өндірістік үдеріспен, ондағы еңбек адамдарымен таныстырды.
– Біздің цех соңғы өнімді дайындап, өңдеп береді. Әрі қарай тапсырыс берушілерге жөнелтіледі. Мұндағы жұмыстарда тоқтау жоқ. Ауысым сайын берілген тапсырыстар талапқа сай дайындалады. Әрбір мамандық иелері өздеріне берілген жоспарды орындауда шеберлігімен көзге түсіп келеді. Аға буын өкілдері жастарды кәсіпке үйретеді, – деді цех басшысы.
Атшаптырым аумақты алып жатқан цехтағы станоктың бірінің маңына таяна бергенде цех басшысы: – Мына кісі – Айдос Амангелдіұлы, ұжымымыздың еңбек озаты. Станокта темір жонуда тәжірибесі мол, – деп таныстырды.
Кейіпкеріміз Айдос Амутов емен-жарқын жүзбен амандасып, әңгіме тиегін ағытты:
– Мен бұл өндіріс орнына 1999 жылы келдім. Осы цехтан еңбек жолым басталды. Содан бері осы ұжымдамын. Алғашында 2-разрядты темір жонушы болып қабылданғанмын. Ол кездерде үлкен станоктар болатын. Соларда темір жонып, оны пішімге келтірудің қыр-сырын меңгердім. Қазір заманауи үлгідегі шағын станокпен жұмыс істеймін. Шахтаның, фабрика мен зауыттардың қажетті бөлшектерін дайындап береміз. Ұжымымызда достық, ынтымақ деген қағидалар берік қалыптасқан. Бір сапта алғаш келген күннен бастап осы мамандықтың қызығын да, қиындығын да қатар көріп жүрген темір жонушы Хамит Исоевті ерекше атап өткім келеді. Ол үнемі әріптестеріне қолғабыс етіп, кей сәттерде білмегенін түсіндіріп жатады.
Тәжірибелі мамандар жастарға тәлімгерлік мектебін қалыптастырып, оларды өндіріске бағыттап отырады. Өзімнің тәлімімнен шыққан Бауыржан Бекмағанбетов, Данияр Тұрар сынды шәкірттеріммен мақтанамын, – деді Айдос Амангелдіұлы.
Еңбеккерлер арасында беделге ие Айдос Амутовтың өндірістегі тәжірибе жинағанына ширек ғасырдан асып барады. Темірдің тілін тапқан маманның отбасы мүшелері де «Қазақмыс» корпорациясының құрылымдарында еңбек етуде. Зайыбы Гүлайым Мұсаева «Жезқазған қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны» ЖШС сорғы қондырғысының операторы болса, ұлы Ғасыр мамандандырылған жөндеу-механикалық басқармасының Жезқазған мыс қорыту зауытындағы № 2 телімінде газбен кесуші.
Аталмыш ұжымдағы тәжірибелі маманның бірі – Боранбай Қаженов. Оның еңбек жолы 1978 жылы Жаңаарқа ауданында басталды. Биыл «зейнет жасы» дейтін белеске жетіп қалыпты. 2015 жылы құю-механикалық зауытына жүк көтеруші болып жұмысқа қабылданған.
– Орта кәсіптік-техникалық училищені тәмамдаған соң Жаңаарқада қарапайым жұмысшы болып бастадым. Теміржол, автокөлік салаларында да еңбек еттім. 2015 жылдан бастап осы цехта еңбек жолым жалғасуда. Өмір деген ағын судай білдіртпей сырғып өтеді екен. Міне, бұйырса зейнет жасы да келіп қалыпты. Менің мұндағы атқаратын жұмысым өндіріске қажетті темір бөлшектерді цехқа тасып, орналастыру. Жұмысым өзіме ұнайды. Бастысы, қауіпсіздік талаптарын сақтап, жұмыс істесең болғаны, – деді Боранбай Мұқатайұлы.
Бейнетінің зейнетін көрер шаққа жеткен Боранбай Қаженовтің өз кәсібіне деген адалдығы ұжымда оны абыройға бөледі.
Механикалық цехта аспапшылар телімі бар. Мұндағы негізгі атқарылатын шаруа – зауыт ішіндегі цехтарға қажетті құрал-жабдықтарды дайындап беру. Осы ұжымда Жанат Базылов есімді жігіт еңбек етіп жүр. Ол 2007 жылы құю-механикалық зауытының болат құю цехына жұмысқа орналасты. Алғашында цехта құйылатын бөлшектерге жер дайындаушы болған Жанат Сағадатұлы кейіннен мастер дәрежесіне дейін көтерілді. Болат құю цехында жүріп, өндірістің қыр-сырына қанықты. 2023 жылы аспап теліміне слесарь болып ауысты. Мұнда да Жанат өзінің еңбектегі қабілетімен көзге түсіп, мастер атанды.
Жанаттың қарамағында бүгінде 21 адам еңбек етеді. Аспапшылар, фрезерлеушілер мен темір жонушылардың қолынан шыққан бөлшектер зауыттың цехтарына жөнелтіліп жатады.
– Біздің телім цехтың ішкі сұранысын орындайды. Қажетті құрал-жабдықтарды дайындап береміз. Әрбір мамандық иесі талапқа сай жұмыс орындауға машықтанған. Сапалы өнім өндіруде телімнің ұжымы өзіне жүктелген міндетті орындап келеді, – деді Жанат Сағадатұлы.
Кейіпкеріміз өзінің өмірлік жарын осы зауытта жолықтырған. Екі жастың бірін-бірі ұнату сезімі махаббатқа ұласып, шаңырақ көтеріпті. Әсем Есімсейтова болат құю цехында аспалы кран машинисі. Жанат пен Әсем төрт баланы тәрбиелеп отыр. «Ерлі-зайыптылардың өндірісте жүргені ауыр емес пе?» – деген сұрағыма: «Қалап алған мамандық болған соң, бір-бірімізді түсінуге тырысамыз. Төрт баламыздың тәлім-тәрбиесін де, білімін де, дамуын да жұмыспен қатар алып келеміз», – деп жауап қатты Жанат Базылов.
Жанат Сағадатұлы бір отбасындағы жалғыз ұл. Оның үш қарындасы бар. Қаламқас атты қарындасы Жезқазған байыту фабрикасының техникалық бақылау бөлімінде еңбек етсе, Жұлдыз «Жезқазғантүстімет» ӨБ қарасты электр-жөндеу басқармасында сым ораушы.
Бүгінде бақытын еңбектен тапқан механикалық цехтың майталмандары өндірісті өркендетуге білімі мен тәжірибесін арнап келеді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.