«Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС сервистік телімдерге қажетті жоғары қысымға төзімді шлангілерді дайындау мақсатында тау-кен, шахта жабдықтары зауытында жаңа технологияны іске қосты.
Бұл – Германияда дайындалған «Uniflex» деп аталатын заманауи жабдық. Бұл кешенді технология «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС инвестициялық жобасы шеңберінде алынған және сервистік телімге қажетті өлшемдегі шлангілерді әзірлеуге қуатты.
Зауыттың құрал-жабдықтар цехының ауысым мастері Сұңғат Дүтбаевтың айтуынша, цехқа келіп түскен тапсырыс бойынша әртүрлі өлшемдегі шлангілерге қысымдау аппараты арқылы муфталар орнатылады. Ал, муфталардың диаметрі, қайда жасалғаны туралы ақпарат арнайы лазерлік маркерлеу жабдығында жүзеге асады.
– Бұл аппараттардың тиімділігі сол, келіп түскен тапсырыстар бірыңғай базаға тіркеледі. Қажетті мөлшердегі шлангіні кесіп, дайындап алған соң, соған сай келетін диаметрдегі муфталарды қысымдау аппаратында бекітеміз. Ал, лазерлік маркерлеу жабдығында өнімнің сериясы, өлшемі, жасалған жері жазылады. Олар компьютерленген жүйеде жүзеге асады, – деді ауысым мастері.
Бұл инвестициялық жобалар «Жезқазғансервис» кәсіпорындарының жоғары өнім өндіру көлемін 70 пайызға арттырады деп көзделіп отыр.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.