Еңбек күнін атап өту қарсаңында Қарағанды өндірістік аймағының «Нұрқазған» кенішіндегі «КәсіпҚорған» кәсіподағы кен өндірісіне еңбегі сіңген бірқатар озаттарды ұлықтады.
Кеніш директоры Мұқан Үңгітбаев, кәсіподақ комитетінің төрағасы Айбын Арынғазинов әріптестерін мерекемен құттықтап, еңбектеріне алғыс білдірді.
«Нұрқазған» кенішінің өндірістік қуатын өрістету жолындағы ерекше үлесі үшін сала ардагері Тұрсын Қосаевқа «Еңбек ардагері» медалі салтанатты жағдайда тапсырылды. Тұрсын Қожағұлұлы кеніш пен кәсіподақтың қарапайым еңбек адамына деген құрметіне ризашылығын білдірді.
Кәсіподақ ұйымы тарапынан бірқатар кеніш еңбеккерлері «Кәсіподақтың Құрметті қайраткері», «Еңбек озаты» төсбелгі иегерлері атанып, құрмет төрінен көрінді. Комитет төрағасы Айбын Арынғазинов еңбек және персонал жөніндегі бөлімдердің ұжымына мерекелік сыйлықтар үлестірді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.