Осыдан он бір жыл бұрын Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Еңбек күні жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтіп келеді.
Әр салада қоғам дамуына айрықша үлес қосып отырған азаматтардың еңбегіне құрмет білдірілетін күні ауыр өндірісте тер төгіп жүргендер әдеттегідей сый мен марапатқа кенелді.
Тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлері «КәсіпҚорған» кәсіподағының өңірлердегі филиалдары тау-кен, металлургия және қосалқы қызметтегі еңбеккерлерге түрлі дәрежедегі марапаттар тапсырды.
Атап айтқанда, «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалы өндіріске 40 жылдан аса ғұмырын арнаған 53 ардагерге «Еңбек ардагері» медалін, жоғары көрсеткіштерге ие болып, табысқа жеткен азаматтарды «Еңбек озаты» және «Кәсіподақтың Құрметті қайраткері» төсбелгілерімен ұлықтады.
Сондай-ақ, кәсіподақ төрағасының, филиал төрағасының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары өз иелерін тапты. Мұндай марапат өндірісті өлкенің өркендеуіне еңбек сіңірген жандардың мәртебесін асқақтатқаны ақиқат.
Осы тұста айта кетейік, кәсіподақтың Жезқазған филиалы аймақтағы «Қазақмыс» корпорациясы құрылымдарының ұжымдарына мерекелік себет тарту етті.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.