Уақыт алға жылжып, заман дамыған сайын қоғамдық сұранысқа сай мамандықтардың да түрлері өсе түсуде. Біздің өмір сүріп отырған ортаның дамуында адамзат еңбегінің рөлі айрықша. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өсуіне үлес қосып отырған мыс алыбы – «Қазақмыс» компаниясының негізгі өндірістік құрылымдары мен қосалқы нысандарының еңбеккерлері әр өңірде өз мамандығы бойынша нәтижеге қол жеткізіп келеді.
«Қазақмыстың» жерасты техникаларын жөндеумен шұғылданатын «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС құрамындағы «Жезқазғансервис» кәсіпорнының сервистік қызметі өңірдегі әрбір кеніштерде жолға қойылған. Кен өндіру саласында техникалардың қаншалықты маңызды екенін ескерсек, олардың үздіксіз қозғалыста болуында бұл мамандық иелерінің атқаратын қызметі де маңызды.
Еңбек күні қарсаңында «Батыс» кеніші № 67 шахтадағы № 2 сервистік телімнің ұжымымен шыңырауда жүздескен болатынбыз. Телімнің тізгінін ұстаған Қазбек Баяновты әңгімеге тарттық.
Қазбек Залғараұлының бұл саладағы еңбек өтіліне биыл ширек ғасыр толыпты. 25 жыл ішінде кәсіби шыңдалудан өткен ол бүгінде сексенге таяу адамы бар ұжымды іскерлікпен басқарып отыр.
1999 жылы тау-кен, шахта жабдықтары зауытына тау-кен, шахта жабдықтарын жер астында жөндеу жөніндегі электрслесарь болып орналасқан Қазбек Баяновтың алғашқы еңбек жолы Анненск шахтасында басталды.
– Менің бұл салаға келуімнің өзі қызық болды. Әскери міндетімді орындап келген соң, әскери маман боламын деп бекініп жүрдім. Бір күні Данияр Байқоңыров есімді жолдасым осы жұмысқа шақырды. Ойлана келе, ұсынысты қабыл алдым. Әуеліде Анненск шахтасында шыңдалдым. Осында жер астының ауыр техникаларын жөндеу мен оларға қызмет көрсетудің тетіктерін егжей-тегжей меңгердім.
2004 жылы «Батыс» кеніші № 67 шахтадағы № 2 сервистік теліміне ауыстым. Менің осындай дәрежеге жетуіме тау-кен, шахта жабдықтары зауытының сол кездегі директоры болған Владимир Кимнің білімі мен тәжірибесі көп себепкер болды. Адам бәрін біліп тумайды, ұжыммен араласа жүріп барлығын меңгереді. Мен де сол кезеңнен өттім. Біздің телімнің негізгі мақсатына жер астында өздігінен жүретін техникаларды жөндеу жатады.
Ұжым біртұтас жүйеде берілген тапсырманы орындауға дағдыланған. Аға буынның іскерлігін бүгінде жастар меңгеруде. Осы құрылымның шаруашылығын бес саусағындай білетін Қайрат Айтілесов, Нұрбол Байгенжинов, Мақсат Жүнісов, Сергей Шмит сынды еңбек озаттарының іскерлігі арқасында ұжым берілген тапсырманы дер кезінде орындап келеді, – деді Қазбек Баянов.
Адал еңбекпен абырой биігіне көтерілген Қазбек Залғараұлы жақында ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Бұл оның ширек ғасырда өндіріске қосқан үлесіне берілген баға екені даусыз.
Байыту кешенінің бастауындағы азамат
Қарағанды өндірістік аймағындағы «Қазақмыс» корпорациясының ірі кен байыту кешені саналатын – «Нұрқазған» фабрикасында еңбегімен ұжымына елеулі болған Ералы Қалиякпаров есімді майталман бар. Ол «Нұрқазған» байыту фабрикасының қалыптасуы мен дамуының бастауында тұрған азаматтардың бірі.
Ералы Мырзаханұлы Балқаш тау-кен, металлургия техникумының түлегі. Оның алғашқы еңбек жолы 1984 жылы сол кездегі Ленин атындағы Жезқазған тау-кен, байыту комбинатының күкірт қышқылы цехында электрслесарь болып басталды. Екі жылдық әскери міндеттен соң комсомол комитетінің жолдамасымен Балқашқа жіберілді. Ақтоғай ауданындағы училищеде өндіріс жөніндегі мастер, кейіннен агроөндіріс саласында инженер болды.
Ералы Қалиякпаровтың ойына үнемі өндіріске қайта оралу тұрды. Тілегені алдынан шыққандай болып, Сәтбаев қаласындағы №3 фабрикаға электрмонтер болып жұмысқа қабылданды. Осында жүріп кен байыту технологиясын меңгерді. Оған осы фабрикадағы білікті энергетик Ғаббас Қуанышқалиевтің септігі көп тиді.
2006 жылы Қарағандыда жаңа фабрика бой түзеп жатты. Оған біздің өңірден байыту саласында шарболаттай шыңдалған мамандар жіберілді. №3 Сәтбаев фабрикасында энергетик қызметін атқарған Ғаббас Қаржауұлы осы фабрика іргетасының қалануына атсалысты. Ол білікті шәкірті Ералыны осында алдырды. 2007 жылы «Нұрқазған» фабрикасына жұмысқа орналасқан Ералы Мырзаханұлы мұндағы шетелдік заманауи технологияларды көргенде еңбекке ерекше ықыласпен араласып кетті. Ол алғашында конвейер телімінің, ұнтақтау корпусының, қойма шаруашылығы мен өндіріске қажетті су қорын жинақтау жұмыстарына қатысты.
Бас корпуста диірмен машиналарын іске қосуда Ералы Қалиякпаровтың тәжірибесі ескерілді. 2008 жылы фабриканы қайта жарақтау арқылы мобильді ұнтақтау корпусын қалыптастыруда да Ералы Мырзаханұлының біліктілігіне арқа сүйеді. Электр жабдықтарын іске қосуда кейіпкеріміз көшбасшы болды. Аға инженер бола жүріп, жобаның толықтай жүзеге асуына үлесін қосты.
– «Нұрқазған» фабрикасының іргелі өндіріс нысанына айналуы көз алдымда өтті. Электр жүйелерінің, жабдықтардың іске қосылуына білімімді де, тәжірибемді де салдым деп ойлаймын. Сәтбаев фабрикасында жинаған тәжірибем мұнда маған көп көмек болды. Менің осындай дәрежеге жетуімде аға буынның ақыл-кеңесі бар. Әсіресе, Сәтбаев фабрикасында тәлімгерім болған Ғаббас Қуанышқалиевтің қамқорлығы ерекше болды. Ерлан Ибраев, Қайрат Жаналиев, Сағат Қорғанбеков, «Нұрқазған» фабрикасында жас та болса бас болған энергетик Қуандық Ережеповтің іскерлігі жастарға үлгі, – деді Ералы Қалиякпаров.
Қырық жылдан аса еңбек өтілі бар Ералы Мырзаханұлы бүгінде фабриканың ардагер еңбеккері. Жастардың ақылшысы. Денсаулығына байланысты жеңіл жұмысқа шыққан. Жұмыс барысында жастарға кеңесін беріп отырады.
Ералы Қалиякпаровтің байыту өндірісіндегі технологияларды ілгерлетудегі еңбегі бағалаусыз қалмады. Ол бірнеше мәрте «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Директорлар кеңесі төрағасының Құрмет грамотасымен, сонымен қатар, Қазақстан Электр энергетикалық қауымдастығының «Құрметті энергетик» төсбелгісімен марапатталды.
Кеншілер әулетінің өкілі
Қойнауы қазынаға толы құтты мекен саналатын Жезқазған төңірегінде өмірін өндіріспен байланыстырмаған әулет кем де кем шығар. Шыңырауда жүріп, кен алған кеншінің ерен еңбегі тұтас елдің экономикасына негіз болып отыр.
Сөз еткелі отырған келесі кейіпкеріміз кеншілер әулетінен. Дүйсен Боқанов Оңтүстік Жезқазған кеніші №45 шахтаның №5 дизельдік телімінде тиеу-жеткізу техникасының машинисі болып еңбек етуде. Әкесі Мамед пен алдындағы бес ағасының жолын үлгі еткен Дүйсен Боқанов бүгінде еңбек озаты атанды.
– Кеншілер әулетінен болғандықтан маған бұл кәсіпті меңгеру аса қиындық тудырған жоқ. Асқартау әкенің, ақылшы ағалардың өндірістегі жолымен жүрсем, жаңылыспайтынымды білдім. Әкеміз Мамед ұзақ жыл Оңтүстік Жезқазған кенішінің № 44-45 шахталарында еңбек етті. Анамыз Зейінзайып Тұрсынбекқызы 11 құрсақ көтерген Батыр ана атанды. Он бір баланы өмірге әкелсе де ұзақ жыл теміржол саласына еңбегі сіңді. Қалалық Кеңестің депутаты болды. Бізді ата-анамыз жастайымыздан еңбекті сүюге, адал жолмен табыс тауып, отбасын асырауға баулыды. Қазір інілерім де кен өндіру саласында жүр, – деді Дүйсен Мамедұлы.
Әкеден үлгі алып, ағаларының ізін жалғаған, інілеріне үлгі болған Дүйсен Боқанов жақында кен өндіру саласына сіңірген еңбегі және өндірісте жас буынды тәрбиелеудегі өнегелі тәлімгерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісін омырауына тақты.
Мамандығы – мақтанышы
Саф алтынмен пара-пар Жезқазғанның сары мысын әлемдік нарыққа сай өндіруде Жезқазған мыс қорыту зауыты металлургтерінің ерен еңбегі қай дәуірде болсын тарихта қатталып қалатыны ақиқат.
Аймағымыздың мақтанышына айналған металлургтер балқыма алу үдерісінде тынымсыз еңбек етіп келеді. Өндіріс нысанының төрт негізгі цехының ішінде мысты электролиздеу ұжымының алар орны алабөтен. Ал, осы цехта үдерістің талапқа сай, қауіпсіздік шараларын ескере отырып жүзеге асуына жауапты мамандық иелерінің бірі – телім мастері. Осы жауапты қызметті абыроймен атқарып жүргендердің қатарында Бауыржан Аппасов іскерлігімен көзге түскен маман.
Бауыржан Хамитұлы 2005 жылы осы цехқа сулы ертінділерді электролиздеуші болып жұмысқа қабылданды. Металлург мамандығы бойынша маманданған Бауыржан Аппасов еңбек жолында сатылай өсті. Бүгінде ол телім мастері қызметін талапқа сай атқарып келеді.
– Зауыттың өндірістік буынында мысты электролиздеу цехының қызметі басымдыққа ие. Осы жерде қара мыстың көлемі арнайы ванналарда ұлғайтылып, пішімге сай дайындалып, қоймаға жіберіледі. Осы үдерістің барлығы ережеге сай жүргізілуі үшін бақылау жасап, қадағалаймыз. Металлургияның мектебінен өтіп, шыңдалдым. Осы дәрежеге жетуіме тәлімгерім Әзімжан Есімов себепкер болды. Жалпы, мен металлург мамандығын мақтан етемін, – деді Бауыржан Аппасов.
Марапат – еңбегінің жемісі
Еңбек адамының мәртебесін арттыру бүгінгі қоғамның басты қағидасы болып отыр. Әсіресе, ауыр өндіріс жағдайында тер төгіп жүрген сала мамандарын дәріптеу арқылы жас буынды еңбексүйгіштікке тәрбиелеудің тетігі қалыптасуда.
Бүгінгі күні кенші мамандығына бет бұрған азаматтардың қай-қайсы болсын осы кәсіп арқылы табысқа жетуді мақсат етеді.
«Нұрқазған» кенішіндегі дизельдік телімнің кенді тиеу-жеткізу техникасының машинисі Бақытбек Махабал шыңырауда жүріп, ел экономикасына үлес қосумен қатар, отбасын да тұрақты табыспен қамтамасыз етіп отыр. Ол бұл кенішке 2007 жылы орналасқан. Жасболат Тельманұлы басшылық жасайтын телімнің үздік еңбеккері өзіне жүктелген міндетті қауіпсіз жүзеге асыруда.
– Шахтадан жер бетіне кен шығару жұмысы тікелей тиеу-тасу техникаларының күшімен жүзеге асады. Кенші алған кеннің межелі уақытта діттеген жеріне жетуде дизельдік телім тынымсыз жұмыс істейді. Мен осы жылдар ішінде еңбегімнің жемісін көріп келемін. Бастысы – адал еңбегім арқылы тұрақты табыс әкеліп отырмын, – деді Бақытбек.
Мақала жазылып жатқан орайда Еңбек күні қарсаңында Бақытбек Махабал «КәсіпҚорған» кәсіподағы озат еңбеккерлерге арнайы тағайындаған «Еңбек озаты» төсбелгісімен марапатталатыны жайлы ақжолтай жаңалық жетті. Қарапайым еңбек адамы үшін мерекедегі мұндай марапат оның мәртебесін асырып, жұмысқа деген ынтасын арттыра түсетіні сөзсіз.
Қауіпсіздікке қалқан болған
«Қазақмыс» корпорациясының Балқаш, Қарағанды, Жезқазған өңірлеріндегі өндірістік нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жүйелі жұмысты жолға қойған «Қорғау қызметі» ЖШС Жезқазған филиалында сақтыққа салқын қандылықпен қарамайтын аруларымыз да еңбек етуде. Олар тіпті қала сыртындағы нысандарда да қауіпсіздікті қалт жібермей қадағалап отырады.
Нысандарға кіруге, күзетшілердің өз жұмысын бастауына рұқсаттама дайындау қызметі мұнда басымдыққа ие. Оны Венера Бекешова есімді маман атқарады. Рұқсаттама-бюро өткізушісі осы Жезқазған төңірегіндегі нысандардың сақтығына жауапты күзетшілердің іс-қағаздарын бақылап отырады.
Венераны әңгімеге тартқанымда: – Мен мұнда 2013 жылы келген болатынмын. Алғашында жалақысы көп, тұрақты жұмыс тапқанша уақытша осы жұмысты атқарам деген ой болды. Бірақ, жұмысым, ұжымым көңілімнен шыққандықтан осында қалуға бел байладым. Бірте-бірте бұл қызметтің де өзіне тән ерекшелігі барын түсіндім. Осылайша «Қорғау қызметі» ЖШС Жезқазған филиалының тұрақты әрі белсенді қызметкері атандым. 11 жылда біраз тәжірибе жинақтадым. Басқа салаға ауысу туралы қазір мүлде ойламаймын, – деді қауіпсіздікке қалқан болған аруымыз.
Мақалаға арқау болған әрбір саланың өкілі өздерінің жүрек қалауындағы мамандығы арқылы еңбектен бақыт тауып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдаулары мен Ұлттық құрылтай жиындарында қарапайым еңбек адамының мәртебесін көтерудің маңыздылығын атап өтеді. Себебі, біздің қоғамның қалыптасуы мен дамуында еңбек адамы ерекше маңызға ие.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.