Жезқазған қаласында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС демеушілігімен қайта жаңғыртылып жатқан «CK NAMYS» спорт клубының жас спортшылары Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қаласында жасөспірімдер арасында өткен бокстан жүлдегер атанды.
Қыздар арасындағы бокстан Нұрайым Құдайберген 49 келі салмақ дәрежесінде алтыннан алқа тақса, 55 келіде бақ сынаған Балым Ғабитқызы күміс медальге ие болды. Нұрайдың бапкері «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС құрылтайшысы саналатын «CK NAMYS» спорт клубының жаттықтырушысы Бекен Абылай. Ал, Балым Ғабитқызын спорттың аталмыш түріне «облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер» мектебінің жаттықтырушысы Айдар Сайдалин баулуда.
Халықаралық чемпионатта топ жарып, жүлдемен оралған жеңімпаздарымыз әлі талай додада ел намысын қорғайтынына сенім мол. Айта кетейік, қазіргі уақытта «Қазақмыс» корпорациясы спортшыларға жайлы жағдай жасау мақсатында спорт клубына жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта клуб көлемі 2000 шаршы метрге ұлғайтылып, әмбебап спорт нысанына айналады. Бұл корпорацияның Ұлытау облысының спортшыларына деген қамқорлығы болып табылады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.