Жезқазғанда жылу желілерін жаңғыртудың екінші кезеңі аяқталды. Бұл жоба облыс орталығындағы 4-6-шағынаудандардағы тұрғын үйлер мен нысандардың жылу сапасын жақсарту үшін қолға алынған. Нәтижесінде аталған аумаққа диаметрі 1000 мм. болатын жаңа құбырлар салынды.
Ол 11-жылу жүйесінде орналасқан сорғы стансасынан Алашахан көшесінің бойын қамтиды. Анықтама үшін айтар болсақ, аталған аумақта осы уақытқа дейін жылу диаметрі 800 мм. құбырлар арқылы беріліп келген және ол 30 жылдан астам уақыт жаңартылмауы салдарынан тозығы жеткен еді.
Қазіргі уақытта құбырлардың бетін жабу жұмыстары аяқталу сатысында, қыркүйектің соңына дейін асфальт жабындысы да қалыпқа келтіріледі.
Атқарылған жұмыстарды бақылаған Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Халықтар достығы мен мәдениеті үйінің және Жезқазған университетінің ауласын толықтай келер жылы абаттандырып, сквер, автотұрақтар салу үшін жоба дайындауды тапсырды.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.