Мен «Мысты өңір» газетінің тұрақты оқырманымын. Үстіміздегі жылдың маусым айынан бастап газеттің «Жауқазын» қосымшасы шыға бастады. Бұл бізді бұрынғыдан да қызықтыра түсті. Кішкентай бүлдіршіндеріміздің білімдегі, өнер мен спорттағы жетістіктерін паш ететін балалар газетін біз де асыға күтіп отыратын болдық. Өзіміз де балаларымыз, немерелеріміз жайлы жазуды жөн көрдік…»
Соңғы кездері редакциямызға осындай мәтіндегі хаттар келе бастады. Бұл бізді де қуантып отыр. Газетіміздің, оның ішінде балаларға арналған қосымшаның сұранысқа ие екені бізді де қанаттандыра түсті. Осы мақсатта біз бүгіннен бастап «Редакция поштасынан» деген айдар ашқанды жөн көрдік. Хат жазыңыздар. Қосымшадан қандай тақырыптағы мақалаларды оқығыларыңыз келетінін айтып, ой бөлісіңіздер. Балаларыңыздың, немерелеріңіздің ерекше қылықтары, жетістіктері жайлы жазыңыздар. Біз қуана қабылдаймыз.
Менің немерем – өнерлі
Менің немерем Аилин Қалдыбек – 5 жаста. Жезқазған қаласындағы № 15 «Гүлдер» балалар бақшасында тәрбиеленеді. Кішкентай құлыншағым осы бес жасынан өнерге бейім. Қаладағы өнер мектебінде, фортепиано сыныбына барады. Оның сыртында Елена Мельникова жетекшілік ететін «Ма-Міа» би тобының мүшесі. Қалалық, облыстық деңгейдегі әр түрлі өнер байқауларына қатысып, өз деңгейінде орындар алып жүр.
Мен өзім «Қорғау қызметі» жауапкершілігі шек-теулі серіктестігінің Жезқаз-ған филиалында диспетчер болып жұмыс істеймін. Қолым боста немеремді осы үйірмелерге ұдайы апарып, талантын ұштай түсуге сеп-тігімді тигізудемін.
Әлия Мәдиева.