Жаңадан ашылған ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімі жергілікті қылмыскерлер тобының басқан ізін жіті қадағалап отыруды қолға алған. 1991 жылғы ақпанның бір күні оларға ерекше хабар жетті. Қылмыскерлер тобының басшысы Ермек Данияров, міне, бірнеше күн із-түссіз жоғалып кетіпті. Ол – талай рет сотталған кәнігі қылмыскер. «Ермак» деген лақап атымен танымал.
Тосын хабар ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімінің басшысы Бектұрсын Төлеубайұлын елең еткізді. Анау-мынау емес, білдей бір қылмыскерлер тобының көсемі «Ермактың» ізім-ғайым жоғалуы тегін емес. Осындай ойға келген ол бұл хабарды егжей-тегжейлі зерттеуді қолға алды. Сұрастыра келе жалғыз ол жоғалмағаны мәлім болды. «Буря» лақап атымен танымал кәнігі қылмыскер Владимир Бурыкин де екі-үш күннен бері көзге түспепті.
Екі бірдей адамның жоғалғаны туралы жедел хабарлама жезқазғандық ішкі істер басқармасына түспеді. Солай болар реті де бар. Өйткені жоғалған екеуінің де отбасы жоқ еді. Олардың етжақын туған-туысқандарымен байланыс үзгеніне бірнеше жылдың жүзі болған. Екеуін жоқтаған өз қылмыскерлер тобының мүшелері ғана еді. Көсемдері егер бір жаққа сапар шегер болса, өздеріне мәлім еткен болар еді. Олардың аяқ асты жоғалуы тегін емес, яғни екеуінің де жазым тапқаны анық десті олар өзара күңкілдескенде.
Жұртшылыққа «6-бөлім» атауымен танымал қылмысты іздестіру құрылымының басшысы Б. Төлеубайұлына «Ермак» пен «Буря» бұрыннан жақсы таныс. Екеуінің де жасы қырықтар шамасында.
Бектұрсын осыдан екі жыл бұрынғы «Ермакқа» қатысты қылмысты оқиғаны еске алды.
… Жезқазғандағы Орталық аурухана тоғыз қабатты. Ауыр жарақат алғандар бөлімшесі палатасының бірінде осыдан екі күн бұрын түн ішінде әкелінген науқас жатты. Оның жеке басын анықтайтын құжаты болған жоқ. Өзінің айтуымен пациент Данияров Ермек болып тіркелді.
Науқас қарнының тілінуін өзінің қобалақтығынан абайсызда болды десе, ал беті мен денесіндегі көгерген жерлерді сатыдан құлағаннан қалды деп түсіндірді. Оны қараған дәрігер басқаша ойға келді. Сосын милицияға хабарлады. Ауруханаға келіп жеткен жедел топ қызметкері пациентті сұрақтың астына алғанда, дәрігердің ұйғарымын құр далбаса дегенге сайды. Өзімнен басқа ешкім де кінәлі емес деумен болды. Ішпей-жемей-ақ аңдаусызда қарнымды пышақпен тіліп алдым да, одан кейін сатыдан құлап түстім дегеннен танбады.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімінің жетекшісі Бектұрсын Төлеубайұлы бір сөзді іштей қайталай ойға кетті: «Екі бірдей сәйкестік – бұл енді кездейсоқтық емес». Және қандай сәйкестік десеңші! Қанша жерден қыспаққа алып бақса да өзіне қол көтерген жәбірленушіні атамай қойған Данияров Ермек болса анау. Және бір қызметкері Самат пышақ жарақатымен орталық ауруханада жатқан жан да қаншалықты сыр суыртпақтауға әрекеттеніп баққанымен кімнен жәбір көргенін атамай қойғанын айтып келгені ол. Екі ұқсастық! Бектұрсын салыстырып көрсе, ұқсастық екеу ғана емес, төртеу: біріншісі, екеуінің де жарақаты пышақтан, екіншіден, екеуі де Жезқазғанда жарақат алған, үшіншіден, екеуі де ауыр қылмыс жасап, түрмеде отырып шыққандар, төртіншіден, екі жәбірленуші де өзіне пышақ жұмсағанның кім екенін айтқысы жоқ.
Бұл қылмыскерлер топтары аса қауіпті. Бәрі шетінен қаныпезерлер. Олар ұялас қасқырлар тәрізді бірлі-жарым болып жортпайды. Қандай да қылмыстық әрекетке кемінде екі-үшеуден топтанып барады. Алдын-ала жоспар жасап, міндеттерін бөліседі.
Бектұрсынға қылмыс әлеміндегілердің басты қағидасының бірі – жақ ашпау тұрғысындағы анты екені жақсы мәлім. Мұны ұялас қылмыскерлердің бәрі бұлжытпай орындауға тиісті. Тергеу кезінде де, топ-топқа бөлінген қылмыскерлер арасында орын алатын жанжалдар сәтінде де қылбұрау салып жатса да үнсіздік танытуға міндетті. Олардың бұл заңдары бойынша үнсіздікті ұстанудағы басты мақсаты – өз ұяластарын да, өз ұяластары еместерді де сатпаулары керек. Кез-келген туындайтын өткір мәселелер өз орталарында ғана шешім табар еді. Бұл ретте не құқық қорғау органдарын, не отбастары мен туған-туысқандарын араластырмақ емес. Олар осыны ұстануға тиіс-ақ. Әйткенмен бұл қағиданы бұзып, сатқындыққа баратындар да, сыртқа сөз таситындар да ұшырасып қалатын…
Қанды қол қылмыскерлердің жай жүрмейтіні үйреншікті жайт. Бектұрсынның жігіттері «із кесу» барысында ұтқырлық танытып, бір мезетте пышақ жарақатын алған екеудің де ұйымдасқан қылмыс топтарының белсенділері екенін анықтады. Олар қаншалықты үнсіздік танытқанымен де, болған оқиға егжей-тегжейлі зерттелді. Сөйтсе «Ермак» пен беті тілгіленген науқас байырғы қамауда болған «Жумик» деген лақап атты Антиповты Жезқазғандағы «Березка» кафесі жанында аяусыз «жұқалаған» Зуккау ұяластары екен. Сөйтіп, өз көсемдері Зуккаудың жұмсауымен «әріптестерін» қан жоса қылған Артюшенко, Елатанцев, Ржавцев пен Горбенко – осы топтың ұрда-жық белсенділері.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімі болып алғаш рет 1989 жылы ашылған құрылым қанаттас қос қала Жезқазған мен Никольскийде қылмыскерлердің ең мықты екі тобы бар екенін анықтаған еді. Оның бірі – осы «Зэк» деген лақап атымен танылған Юрий Зуккаудың тобы. Оның құрамында Горбенко Николай («Кола»), Артюшенко Виктор («Хохленок»), Ржавцев Артур («Арик»), Елатанцев Александр («Хохол»), Волченко Анатолий («Волча»), Самагулин Физдрахман («Фыра») бар. Отыздар шамасындағы жастар. Бәрі де көсемдерінен бастап шетінен нашақорлар.
Никольскийлік ұйымдасқан топ жөнінде де мәліметтер жинақталды. Бұл топты ағайынды Олег және Игорь Сабыржановтар басқарды. Екеуінің де ортақ лақап аты – «Өзбек». Олардың қарулас санатындағылар Тюкалов Валера («Тюка»), Горин Владимир («Барс»), Тұрғанбаев («Шпана»), Цыганков Виктор («Цыган»), Югай Алексей («Кореец»), Калугин («Калуга») және Бауыржан («Жан») – түрменің ащы дәмін татқандар. Олар – Никольский қаласының тұрғындары.
Бектұрсынды өзгелерден бұрын Зуккау тобы аса қызықтырды. Өйткені бұл топ Сабыржановтардан да мықты екенін аңғартты. Атышулы қылмыстық оқиғалардың басым бөлігі осы Зуккаудың ұяластарының белсенділігімен көрініс табатын.
***
Үлкенді-кішілі қылмыскерлер тобын әшкерелеу оңайға түсе бермейді. Өйткені топ-топ болып ұйымдасқан қылмыскерлерді әккі көсемдер басқарды. Ауызбіршіліктері мықты. Қаруланған. Қатыгездіктері ерен. Нағыз кәнігі жауыздар. Өз іштеріндегі темірдей тәртіпке бағынған. Қай-қайсысы болсын жеке басынан гөрі, қылмыстық ұясының мүддесін жоғары ұстайтынын қайтерсің. Оларға қашанда ауыр және аса ауыр қылмыстар тән: кісі өлтіру, ұрлық, есірткі бизнесі, рэкет-қарақшылық, зорлық-зомбылық. Олардан небір сұмдықты күтуге болады.
Бектұрсын бөлімі әр бандит туралы мәліметтерді жинақтады. Тіпті әйелдері мен жора-жолдастары жайлы деректерге де көңіл бөлінді. Зуккау қаланың орталығында тұрады екен. Оның көңілдес әйелінің бірі Маринаның үйі оған жақын-ды. Зуккаудың қаруластары осы әйелдің пәтерін көңіл көтеретін ұясына айналдырып алған еді. Көбіне осында басқосатын. Маринаның Лариса, Таня тәрізді өзге де құрбыларымен ойнап-күлетін. Жігіттер қызып алған соң небір «ерліктерін» мақтан үшін әйелдерге жыр қылып айтатыны белгілі. Әрине олар өз қылмыстарын өздері жариялап қойғандарын сезбейтін. Марина болса, бар естігенін Бектұрсынға жеткізуші еді. Кәнігі қылмыскерлердің де қыз-келіншектер алдында «осалдық» танытатындарын тиімді пайдалана отырып, Бектұрсын Маринаны өз агенті етіп алған-ды. Қылмыс әлемінде сенімді жансызың болмаса, ісің алға басуы мүмкін емес.
Бір күні Марина өзінің пәтеріне «аса сыйлы» қонақтар келетінін Бектұрсынға жеткізді. Зуккау өзінің сенімді серігі, оң қолы Горбенкомен және Сабыржановтар тобындағы Бауыржанмен басқосады екен.
Бұл хабарды алысымен Бектұрсын жігіттерімен кеңесе келіп, Маринаның пәтерін торуылдауды ұйғарысты. «Қонақтар» мүмкін алдағы маңызды бір «операцияны» ойластыратын шығар?
… Сол күнгі түнде Никольский қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйдің алдына сырғып келіп такси тоқтады. Машинаның артқы есігінен оң жақ құлағын шүберекпен басқан ұзын бойлы еркек сүйретіле, әзер қозғалып түскен. Ауру жанына батқаны сонша, тісін сықыр-сықыр еткізді. Жарақаты бар жолаушы мас адамша теңселіп, үнсіз шатқаяқтап үйге кіріп кетті. Автокөлік жүргізушісі оғаш жолаушыны көзімен шығарып салып отырып:
– Оны күтеміз бе? – деп сұрады қасындағылардан.
– Жоқ, – деді бірден жанында отырған жолаушы.
Артқы орындықта отырғаны ұйықтап кеткендей қыбыр етер емес.
– Енді қалай жүрейін? – деді таксист қасындағылардың жөндерін айтпағанына жыны келіп.
– Жезқазғанға қайтамыз, – деп күңк етті қасындағы жолаушы тас қараңғы ауладан көз алмай. Аулада қыбырлаған бір жан жоқ. Түн іші. Барлық дерлік терезелердің жарығы сөнген.
Таксистің көзі жолда болғанмен, ойы мына жолаушыларда. Такси жүргізушісіне олар ұнамады. Түн ішінде жарақат алғандардың талайын тасыған еді. Бірақ үйлеріне емес, ауруханаға. Мына екі жолаушының қылығы оғаш. Таксиді ұстаған екеу жарақаты бар қазақ жігітін отырғызды. Жол бойы жақ ашпады. Не жарақат алған адамға алғашқы көмек көрсеткен жоқ, не жолай жағдайын сұрамады, не оны пәтеріне сүйемелдеп шығарып салмады. Тіпті қоштасқан да жоқ. Жезқазғанға қайтар жолда да бір-бірімен тіл қатыспады. Таксистке мұның бәрі тосын көрінді.
Такси жүргізушісі Жезқазғанға оралғаннан кейін тоқтатқан Бектұрсынның жігіттеріне бұл оғаш сапар туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.
Көшеде тоқтатқан екеу Зуккау мен Горбенко еді. Жарақаты бар жігіт «Жан» болатын. Өз пәтерінде болған жайтты Марина айтты. Сөйтсе қызып алған «Жан» сымбатты келіншекке қол жүгіртіп қана қоймай, ырқына көнбеген оны төсекке алып ұрып, зорламақ болады. Оның тым шектен шыққан бұл қылығы ана екеуінің ашу-ызасын тудырады. Зуккау мен Горбенко жабылып, «Жанды» ұрып-соқты. Марина мен оның екі құрбысының көзінше оны азаптады. Оны әбден масқаралады, намысына тиді. Зуккау ақырында Бауыржанның құлағын кесіп тастады.
Түнде көшеден такси тоқтатқан осы екеуі еді. Зуккау мен Горбенко жаралы Бауыржанды Никольскийге апарады да, үйінің жанына тастап кетеді. «Жан» екі күн өткізіп барып ауруханаға түседі. Қалайша жарақат алғанын милициядан да, жолдастарынан да жасырады. Бірнеше күн өткен соң ауруханадан қашып шықты.
Бектұрсын Зуккау мен ағайынды Сабыржановтардың ұйымдасқан қылмысты тобын жоюға және тұтқындауға қатысты әрекеттерді жүзеге асыру үшін Бауыржанның жарақат алуын пайдаланбақ болды. Никольский милициясы бұл жарақатқа байланысты іс қозғады. Мұның өзі денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру болып табылмақ.
Сосын «Жанның» құлағын Зуккаулардың кескені туралы хабарды Сабыржановтардың тобына қоюлата жеткізді. Қашанда қылмыскерлер топтарының өш қайтару тұрғысындағы заңдары бар. Олар өз ұяластарын жәбірлетіп қоймақ емес. Сабыржановтар осылайша өш қайтару мақсатында аналарды ашық айқасқа шақырды. Бектұрсын ойлағандай, бір-бірімен қырқысу арқылы екі жақтың да күштері әлсіреп, тұзаққа оңай түспек.
Екі «мықтының» айқасы жаңа қылмыстық істерді тудырды. Онсыз да оларды сот алдында айыптарлық әрекеттер баршылық еді.
Гүлназ ОМАРОВА,
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.
(Жалғасы бар).