Газетіміздің № 26 санында Жезқазған қаласында тұрғын үй қорын жаңарту-жақсарту, тозығы жеткен үйлерді сүріп, орнына жаңа үй салу үшін реновация бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаны жайлы жағымды жаңалық жазған едік. Жалпы, бұл реновация дегеніміз не? Соңғы уақытта Жезқазған жұртшылығы жиі-жиі ести бастаған бұл сөздің арғы жағында не жатыр? Тозығы жеткен үйі бұзылатын тұрғындар қайда барады? Осы және өзге де сұрақтарды біз Жезқазған қаласы тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Алиса Сағымбаеваға жолдаған едік.
– Әуелі реновация сөзінің мағынасын түсіндіріп берсеңіз?
– Реновация дегеніміз – тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу бағдарламасы. Осы бағдарлама арқылы ескі және апатты үйлерді бұзып, тұрғындарды жаңа үйге көшіру. Реновация бағдарламасын іске асыру үшін жеке инвесторлар мен бюджеттен қаржыландыру жолдары бар.
– Жезқазғанда қанша көпқабатты үйлер бар? Оның қаншасының тозығы жеткен?
– Жезқазған қаласында 660 көпқабатты тұрғын үй болса, оның ішінде 234 үй ескі. Қазір қалада реновация бағдарламасы арқылы осы ескі, тозығы жеткен үйлер сүріліп, орнына жаңа үйлер салынатын болады.
– Қалада реновация бағдарламасына енген қанша үй бар?
– Осы күнге дейін 26 ескі және апатты үйге «бұзылуы қажет» деген техникалық қорытынды жасалынған. Тұрғындарға келісім бойынша өтемақы төлеу немесе көшіру жұмыстарының жүріп жатқанына біраз болды. Қала әкімдігі жеке инвестор іздестіру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.
– Бағдарламаны жүзеге асыру сатылары жайлы айтсаңыз?
– Әлгінде айтып өткенімдей, ең әуелі ескі үйлер сараптаудан өтеді. Оған арнайы қорытынды жасалынады. Қазіргі таңда сол тозығы жеткен тұрғын үйлерге сараптау жұмысы жүргізіліп жатыр. Тұрғын үйді бұзбас бұрын ең әуелі міндетті түрде тұрғындардың келісімі алынады. Тұрғындардың үштен екісі келісім берген жағдайда тұрғын үй сүріледі. Ал егер тұрғындар келіспесе, онда тұрғын үй бұзылмайды.
– Егер тұрғындар бір ауыздан келісіп, тұрғын үй сүрілген жағдайда, үй салынып дайын болғанша олар қайда тұрады?
– Бұл жерде тұрғындарға қолайлы жағдай жасалады. Аталмыш мәселе бойынша біріншіден жеке инвестор пәтер және тұрғын емес жайдың меншік иелерімен келісімге келу
керек. Яғни пәтер өтемақысын ақшалай төлеп, немесе дайын салынған үйге көшіру жөнінде. Қазіргі таңда жоба аясында 48 пәтерлі бір үйдің құрылысы қарқын алды. Нысан жыл соңында аяқталуы тиіс. Күрделі жобаны қолға алған мердігер ұйым – «Самға» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
– Жезқазғанда қанша адам үй кезегінде тұр?
– Жезқазған әкімдігінде осы күнге 2 852 азамат тіркелген. Тұрғын үй тізімі – көпбалалы отбасы, ата-анасының қарауынсыз қалған балалар, мемлекеттік қызметкерлер, халықтың әлеуметтік әлсіз тобы және жалғыз үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтардың кезегі бөлек тізімдермен жүргізіліп жатыр.
– Осындай бағдарламамен берілген үйлерде үй иесі өзі тұрмайтын не басқа адамға жалға беріп қою дерегі тіркелді ме, мұндай жағдайда қандай шара қолданылады?
– Барлық азаматтарға талап бір, Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, үйде тұрмаған мерзім 6 айдан аспауы қажет. Тек оқу, емделуге барған мерзім есепке алынбайды. Одан басқа жағдайда пәтерді кезекпен алған азамат басқа азаматтарға жалға беруге құқығы жоқ. Ондай жағдай анықталса, жалға беру шарты бұзылады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.