Шыңырауда жүріп, кен қазған кеншінің ерен еңбегі қандай құрметке болсын лайықты. Олардың экономикаға қосып отырған үлестерін айрықша атап өту «Қазақмыс» компаниясының басымдықтарының бірі.
Қарағанды өңірінде кен қорына бай «Нұрқазған» кеніші жыл сайын өндіріс майталмандарын ұлықтап келеді. Кеніш басшылығы мен «КәсіпҚорған» кәсіподағы, «Jastar Bolashaq» Жастар одағы бірлесіп осы жылы да үздіктерінің мәртебесін асырды. Кеншілер мен байытушылардың мерекесінде кеніште салтанатты жиын өтті. Кеніш директоры Мұқан Үңгітбаев, Бұқар жырау ауданының әкімдігі өңірдің өрістеуінде ерекше үлесі бар кеншілерге алғыстарын жаудырып, сый-құрмет көрсетті. «КәсіпҚорған» кәсіподағының ұсынысымен бригадир Нұрбол Сембин ІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісіне ие болса, кеніштің бас инженері Төлеген Құлашев пен дизель телімінің еңбеккері Ардақ Әбілов ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісін омырауларына тақты.
Сонымен қатар, кәсіподақ ұйымының төрағасы Айбын Арынғазинов бір топ майталманға марапаттар тапсырды. Кеніштің еңбеккерлері «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басшылығының Құрмет грамоталарына да ие болды. «КәсіпҚорған» кәсіподағының ұйымдастыруымен кеніш еңбеккерлерінің арасында спорттың бірқатар түрлерінен жарыс өтті. Қазақша күрес, волейбол, арқан тарту, шағын футбол, турникке тартылу, қол күресі сынды бәсекеде үздіктер анықталып, марапатқа ие болды.
Еңбек адамының мәртебесін асырған «Нұрқазған» кенішінің басшылығы мен кәсіподақ ұйымына, Жастар одағына еңбеккерлер дән риза.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.