Биыл, 15-ақпанда Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 33 жыл толды. От пен оқтың арасында жүріп, елге аман оралған ауған соғысының ардагерлері «Қазақмыс» корпорациясының түрлі құрылымдарында еңбек етуде.
Ауған асуында өмір мен өлім беттескен сәтте ерлік танытқан аға буынға деген құрмет өз биігінен аласармақ емес. Беймәлім соғыста ерлігімен кейінгіге үлгі болған ардагерлерге осы атаулы күні ілтипат білдіріп, даңқын асқақтату Жезқазған мыс қорыту зауытында дәстүрге айналған. Сол дәстүр биыл да көрініс тапты.
Зауыт директоры Дүйсенғали Байғуатов өнеркәсіпорнындағы ардагерлерге құттықтауын жолдады. Зауыт әкімшілігі мен «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитеті, «NurOtan» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалының зауыттағы бастауыш партия ұйымы бірлесіп, ерлігі ұрпаққа үлгі ағаларға сый-сияпат тапсырып, бейбіт күн үшін алғыстарын жеткізді.
***
Жезқазған кен байыту фабрикасында ауған соғысының ардагерлерінің құрметіне арналып жиын өтті.
Бас қосуда өндіріс ошағының директоры Мұрат Бөрібаев пен «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Майра Әлбаттина Ізбасар Райымбаев, Бауыржан Есімсейтов сынды ардагерлерге құрмет көрсетіп, ерен ерліктері жастарға үлгі екендігін жеткізді. Қос ардагер фабрика басшылығы мен кәсіподақ комитетіне өздеріне көрсетілген ықылас үшін алғыстарын айтты.
***
Ауған жерінде әскери міндетін орындап, елге аман-есен оралғандардың бірі – Аманжол Әміров. Ол «Батыс» кенішінде еңбек етуде.
Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылған күніне орай «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Абзал Байсалбаев ардагерді марапаттап, құрметтеді.
***
Оңтүстік Жезқазған кеніші әкімшілігі мен«КәсіпҚорған» кәсіподағы комитеті ауған соғысы ардагерлерін ұлықтау шарасын өткізді.
Кеніш директоры Данияр Жаналинов пен кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмаз Қоңырқұлжинов ардагерлерге ыстық ықыластарын білдірді. Мұнда Мұратбек Мұрзатов, Рахым Ілиясов, Джамиль Хайрутдинов, Базылбек Ибраев сынды ардагерлер еңбек етуде.
***
«Транко Жез» ЖШС-нде Ауғанстан шекарасында әскери борышын өтеген Марат Жанұзақов, Нұрсейт Сейлов, Александр Блинков есімді ардагерлеріміз бар.
Теміржол саласының дамуына үлес қосып жүрген сол ардақты азаматтарға кәсіпорын басшылығы мен «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитеті жыл сайын ыстық ықылас білдіріп келеді. Биыл да бұл дәстүрі жалғасын тапты.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.