«Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен 2012 жылы Сәтбаев қаласында ашылған «Кеншілер алаңы» биыл компанияның қаржы есебінен қайта жаңғыруда.
2,95 гектар аумақты алып жатқан жер толықтай өзгеше өңге ие болмақ. Күрделі жөндеуден кейін алаң қала жұртшылығы үшін көрікті де сәулетті орындардың біріне айналады. Аумағы көгалдандырылып, жарық шамдармен безендіріледі. Сонымен қатар мұнда арнайы балалардың ойын алаңы бой көтереді. Алаңның ортасында түрлі-түсті шамдармен безендірілген субұрқақ сән беріп тұрады. Мұнымен қоса, алаңда тұрған кенші монументінің тұғыры жаңартылып, жарық шамдар орнатылады.
Қазіргі таңда мұнда төсемтастарды жаңалау жұмыстары жүріп жатыр. Жиектастар мәрмәрмен көмкерілмек. Монтаждау жұмыстары мәресіне жетіп, жаңалау жұмыстары қолға алынды. Алаң аумағы бейнебақылаумен бақыланатын болады. Кеншілер қаласының көрнекті жеріне айналатын алаң келер жылдың күзінде ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда.