Өткен жексенбіде кеншілер мен байытушылар кәсіби мерекелерін атап өтті.
Сала майталмандары «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС және тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағы атынан түрлі дәрежедегі «Кенші даңқы», «Еңбек даңқы», «Еңбек озаты», «Кәсіподақтың Құрметті қайраткері» төсбелгілері мен «Қазақмыс» компаниясы Директорлар кеңесі төрағасының, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасының Құрмет грамоталарына ие болды.
Өңірдегі ірі кен өндіруші алыптар саналатын «Жыланды», «Жомарт», Оңтүстік Жезқазған, Шығыс Жезқазған, «Батыс» кеніштерінің еңбек озаттарына, сонымен қатар Жезқазған байыту фабрикасының үздіктеріне сый-құрмет көрсетілді. Мұндай ыстық ықыластан «Қазақмыс МэйнтенансСервисиз» ЖШС тау-кен, шахта жабдықтары зауытының, мамандандырылған құрылыс-монтаждау басқармасының майталмандары да шет қалмады.
Өндірісті өлкенің ғана емес, елдің әлеуетін әлдендіру жолында ерекше
үлестері бар кенші мен байытушыны, олардың жұмысымен тікелей қатысты сервистік қызмет көрсетуші мамандардың мерейі бұл мерекеде де үстем болды.
Сондай-ақ, шахта құрылысын салу, кен көзін ашу сынды міндеттерде мүдірмей жүрген Ғазиз Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінде, Қарағанды өндірістік аймағындағы «Нұрқазған» кеніші мен «Нұрқазған» фабрикасында да үздіктерді үкіледі.