Спирттік ішімдікке салынушылық – аса қауіпті дерт. Ішпесе тұра алмайтындай күйге жету адамның денсаулығына, тұрмысына нұқсан келтіретіні, көп ретте қылмысқа итермелейтіні сөзсіз. Араққұмарлар бала-шағасының берекесін кетіріп, шаңырағын шайқалтатыны қандай өкінішті. Сол маскүнемдікке үйдің берекесі саналатын әйел бой ұрса ше?!
Туған жер көзге ыстық қой. Ерекше бір тартылыс күші бар. Есіл-дертіңді баурап алар сиқырын қойсайшы. Көптен көрмегендіктен бе, Ақнұрға туған қаласы жасарып, жайнап кеткендей көрінді. Әсіресе, «Жастар» бульвары көріктене түскен. Қаз-қатар тізілген мәуелі ағаштар, түрлі-түсті гүл шоқтары мен маңайына сәуле шашқан субұрқақтар жанға жайлы саябаққа сән-салтанат беріп тұр.
Шолпан кеше ұялы телефонмен тілдескенде: «Таңертеңгі сағат 10-да бульварда кездесейік», – деген еді. Ақнұр мектепте бірге оқыған құрбысымен жүздесуге асыға жеткен. Сөйтсе, айтқан уақытынан ерте келіпті. Ерте жеткені дұрыс болыпты. Саябақтың бойымен ерсілі-қарсылы жүріп, серуен құрған. Ақнұр жастық шағымен қайта табысқандай болған. Ол кезде жастар кешқұрым осы бақжолға жиналушы еді ғой…
Зымыраған жылдар-ай десеңізші. Мектепті бітіргендеріне, міне, жиырма жылдай өте шығыпты. Бірге оқығандардан қарым-қатынасы үзілмегені осы жалғыз Шолпан ғана. Ақнұр мектепті бітіргеннен бастап сыртта жүр. Алматыдағы жоғары оқу орнында оқыды. Оны тәмамдасымен Батыстың жігітіне тұрмысқа шығып, туған қаладан алыстап кетті. Жердің шалғайлығы қиын екен. Бір жағынан жұмысбастылық, екінші жағынан балаларының жастығы қолбайлау болды. Санап отырса, туған қалаға, міне, он жылдан кейін келіп отыр екен.
Шолпан болса осы қалада. Жергілікті газеттің қызметкері. Қаланың жаңалығын, бірге оқығандардың амандығын содан сұрайды. Кеше аз-маз тілдескендерінде біраз жайтқа қанығып үлгерген. Бір уақытта Шолпан:
– Баяғы Гүлжан есіңде ме? Бізбен бір аулада тұрды ғой. Орыс мектебінде бізбен қатар оқыды. Білесің, балалар оған «самбист Гулия» деп ат қойған еді ғой…
– Иә, иә. Есімде Гүлжан.
– Ертең сол Гүлжанның соты болайын деп жатыр. Жолдасын пышақтап өлтіріпті. Сол сот отырысына қатысуым керек, – деген Шолпан.
Шолпан газетіне «Сот залынан» деген айдармен мақалалар жазып тұратын көрінеді. Сол мақсатпен бір барғанында кезекті қаралатын қылмыстық істердің тізімінен Гүлжанның аты-жөнін оқиды ғой. Ол Ақнұрға соны айтқан. Сөйтіп сотқа бірге бармақшы болып ұйғарысқан еді.
Ақнұр Гүлжанды ойға алды. Әсіресе, ол өжеттігімен есінде қалыпты. Тоғызыншы сыныпты бітірген жылдың жазы болатын. «Жастар» бағында би болушы еді. Кешкілік қыз-жігіттердің басы сонда қосылатын. Бір күні би қызған сәтте шу шықты. Үш бірдей өзге ұлттың жігіті жалғыз қазаққа жабылып, ұра бастайды. Араша түскен бір жан табылсайшы. Ешкім бата алар емес. Өйткені ана үшеуі де қалаға аты мәлім сотқарлар еді. Бір мезетте жұрт күтпеген оқыс оқиға болды. Гулия ышқына ұмтылып, сотқарларға жұдырық ала жүгірген. Көзді ашып-жұмғанша біреуін допша домалатқаны бар емес пе! Басқалары Гүлжаннан қаймығып, тосылып қалған. Жастар содан былай оны «самбист Гулия» атап кеткен…
Ақнұрлар сол жазда Гүлжанның және бір өжеттігіне куә болып, сүйсінгені бар. Олар ыстық күннің бірінде өзенге суға түсуге барған. Көпшілік көзінен таса тұсқа шомылуды көздеп, жағажайға жеткендері сол «Құтқарыңдар!» деп шыңғырған үн оларды селт еткізген. Суға бір батып, бір шығып жанталасқан баланы көрісімен үстіндегі көйлегін шешпестен Гүлжан суға қойып кетті. Жалғыз өзі баланы жағажайға алып шықты. Сөйткен Гүлжанның қылмыс жасағандығына іштей сенбеген. Оның мәнісін білуге деген ынтызарлықпен Шолпанға сотқа өзінің де барғысы келетінін айтқан кеше.
– Жаным, Ақнұр, өзіңді қатты сағынып жүр едім. Келгенің қандай жақсы болды, – деді Шолпан келе Ақнұрды құшағына алып. – Жүр, жүр, кеттік… Уақыт болып қалды… Сенің бір апта осында болатыныңды естігенде мұндай қуанбаспын. Жайласып отырып, әлі-ақ әңгіме тиегін ағытармыз-ау… – деді Шолпан самбырлай сөйлеп.
Ақнұрдың сот отырысына қатысуы бірінші рет еді. Жан-жағына жалтақтап, өзін ыңғайсыз сезінді.
– Әне, Гүлжан, – деген Шолпан құлағына сыбырлай. Ол иегін қаққан жаққа қараса, полиция қызметкерлері бір әйелді әкеліп отырғызып жатыр екен. Ақнұр Гүлжанды танымады. Баяғы көзінен от шашқан өжет қызға тән бір ұқсастық қалмапты. Тіпті жасы қырыққа енді келген келіншек дерлік емес. Арып-ашқан жүдеулігі сонша бетінің әрі тайып, әжім қонақтапты. «Ойпырым-ау, бұл Гүлжанға жасына жетпей сонша не болған?!» деп ойлаған Ақнұр.
Оның мәнісін сот отырысы барысында барып білді. Гүлжанның ішімдікке салынғанына көп болыпты. Иә, араққұмар әйелде не береке болсын. «Жынды судың» кесірінен бірінші некелескен азаматпен ажырасып кетеді. Сосынғы екінші некеден үш бала. Үлкені қыз он бір жаста, одан кейінгі екі ұлдың бірі жетіде, екіншісі бесте. Екі күйеуі де өзге ұлттан.
Сот мәжілісінде жауап бергендердің айтуына қарағанда Гүлжанның да, жолдасы Андрейдің де кәсібі жоқ. Екеуі де тұрақты жұмыс істеп көрмепті. «Балаларым кішкентай болғандықтан соларға қарап үйде отыруыма тура келді» деді Гүлжанның өзі. Шын мәнінде, оның көңілі балада емес, арақта болған. Күйеуінің анда-санда кездейсоқ тапқан табысы да араққа жұмсалады. Күнкөрісі жоқ жандардың талғажуы Гүлжанның қарт анасының зейнетақысынан берген азын-аулақ тиын-тебені көрінеді. Қандай аянышты тірлік.
Былтырғы күздің сол бір күні жексенбі екен. Таңертеңгі сағат 10.00 шамасында Гүлжанның інісі Қайрат пен бұрынғы күйеуі Иван олардың үйіне келеді. Иван ауылдағы бір шаруа қожалығында жалданып жұмыс істейтін. Қызының хал-жағдайын білу үшін бұрында да аракідік келіп тұратын. Төртеуі отырып Иван әкелген арақты ішеді. Иван түстен кейін қызы Зояға киім-кешек сатып алып бермек болып дүкен аралап кетеді де, кешкісін қайта оралады. Бұрында да Иван Андреймен сыйлас қарым-қатынаста болып, олардың үйіне қона жатып кетеді екен. Не керек төртеуі бір күн, бір түн бірге болып, бірнеше бөтелкенің түбіне су құяды.
Иван ертеңіне кешқұрым бір-ақ кетеді. Қайрат қалып, үшеуі аптекадан этильді спиртті сатып әкеліп ішеді. Әбден қызып алған Андрей аузына келген небір анайы сөздерді айтып, әйеліне тиісе бастайды. Күйеуінің мас болса болды қол жұмсайтыны бұрыннан бар-тын. Полиция қызметкерлері талай рет көршілерінің шақыртуымен келіп, бұл отбасын есепке қойған. Бұл жолы да бойын мастық билеген Андрейден таяқ жейтін еді, інісі Қайраттың арқасында аман қалды. Ол Андрейді сабырға шақырып, сөзге айналдырып, жатуға қонақ бөлмеге алып кетеді.
– Кейін барып анық-қанығына жеткеніміздей, түнгі сағат 00.30 шамасы екен. Олай дейтінім, қызым Зоя түнгі қыдырыстан 00.45 шамасында келген екен. Ол келіп кіргенде Андрей қор-қор етіп жатқан болатын, – деді Гүлжан сот отырысында берген жауабында.
Оның айтуынша, түнгі қанды оқиға былайша болған тәрізді: Андрей балаларымен бірге ұйықтап жатқан Гүлжанды арқасынан 5-6 рет түйгіштей жөнеледі. Онымен қоймай, шашынан тартып ас бөлмеге қарай сүйрейді. Дәлізге жеткенде әйел жанталаса күйеуінің қолынан шашын босатып алады да, оны екі қолымен кеудесінен итеріп қалады. Ол еденге құлап түседі. Гүлжан сосын ас бөлмеге қашып барып, үстел үстіндегі пышақпен өзін қорғамақ болады. Андрей пышақтан сескенбестен әйелін беттен ұрмақ пиғылмен қолын сілтеген сәтте Гүлжан жалтарып қалады. Күйеуі өз екпінімен еденге құлап түседі. Гүлжан құлап жатқан жерінде арқасына пышақты екі рет сұғып алады. Сәлден соң қор-қор ете бастайды. Гүлжан інісін оятып: «Мен оны өлтіріп алған сияқтымын», – дейді.
Гүлжан сот отырысында осының бәрін баяндап тұрып, күйеуін қасақана өлтірмегенін, өзін қорғамақ болғанын әрі бойындағы мастықтан айықпағандығының салдары екендігін тілге тиек ете асырауында кәмелетке толмаған төрт баласы барын ескере отырып, жазаны жеңілдетуді өтінді.
Қылмыстық оқиғаның бүге-шігесіне қаныққандығынан болар Ақнұр Гүлжанның
9 жылға сотталған сот үкімі оқылғанда оның осынша жылға жаза арқалағанына қынжылғаннан бұрын оның балаларына деген аяныштан жүрегі ауырды. Әке-шешесінің араққұмарлығынан берекесі кеткен бейкүнә сәбилердің енді тірі жетімдіктің қасіретін тататындығын ойлап қамықты. Гүлжанның тағдырына деген жанашырлық сезімнің орнына өзек өртер өкініш бойын билеген. «Шіркін-ай, маскүнемдік кеселіне бой алдырмағанда осындай сорлы күйге душар болмас еді-ау» деген өкініш жан дүниесін астан-кестең еткен.
Залдан трагедияға толы кино көріп шыққандай өз-өзіне келе алсайшы. Шолпанның тосын үнінен кейін барып есін жинаған:
– Сандуғаш-ау, сенбісің? Мұнда неғып жүрсің? – деді ол әлдебір бойжеткенге.
– Шолпан тәте, жақсы кездестіңіз ғой. Сот отырысына сіз де қатысыңызшы.
– Жайша ма, Сандуғаш? Ол не сот?
– Тәте, сіз естімеген екенсіз ғой. Менің мамам кісі қолынан қаза тапты. Қазір соның соты болады, – десін әлгі қыз жыламсырай.
– Не дейді?! Қашан?! Естісем керең болайын. Кешір, жаным… Болған іске бекем бол. Қайғыңа ортақпыз. Мына Ақнұр тәтең де, үшеуміз бір сыныпта оқығанбыз… – деген Шолпан тосын хабарды естігенде абдырап. Сосын барып:
– Ақнұр, Сандуғаштың мамасы өзіміздің Қарлығаш қой, – десін.
Ақнұр бастапқыда Сандуғашты бір жерде көргендей шырамытқан. Қарлығаштың атын естігенде барып түсінді. Сандуғаш анасынан аумайды екен. Ақнұр қыз кезіндегі Қарлығаштың өзін көріп тұрғандай болды. Қызды бауырына басып, көңіл айтты. Сөйткенше жиналғандарды сот залына кіргізе бастағандықтан одан әрі тілдесіп үлгермеді.
Ақнұр сот отырысы басталғанша залға кіргендерге барлай қараған. Сотқа таныстардың ішінен біреу-міреу келіп қалар деп ойлаған. Жүзі таныс ешкім көзіне түсе қоймады. Басқа түгілі Шолпанның да онымен хабарлас болмауының мәнісін сот отырысы барысында ұқты. Сөйтсе Қарлығаш тағдыр тәлкегіне ұрынып, араққұмарлыққа салыныпты. Ең ақырғысы, ішінен шыққан балаларын да тастап кетіпті. Қызы Сандуғаш та сотта берген жауабында анасы Қарлығаштан көңілі қалып, онымен қарым-қатынасын үзгенін ашық айтты:
– Анам соңғы екі-үш жыл көлемінде жалдамалы пәтерде Асқар деген азаматпен бірге тұрып жатты. Екеуі қосылып алып жиі алкогольдік ішімдік ішетін. Мамамның жалпы ішкенін әрі ол адаммен бірге тұрғанын қаламай, онымен бірге тұрма деп талай рет айтсам да тыңдамай қойды. Асқардың апама талай рет қол жұмсағанының куәсі болдым, – дей келіп, анасының өмірін қиған сотталушы Асқарға кешірім жасамайтынын айтып, оған заң жүзінде қатаң жаза тағайындауды сұрады.
Сот отырысында берген жауабында Асқар қызғанышқа бой алдырып, әйелі Қарлығашты абайсызда өлтіріп алғанын толығымен мойындады. Өзінің ішімдік ішуіне көбіне-көп Қарлығаштың ықпал болатынын ашып айтты. Оның айтуынша, сол қылмысты оқиға болатын күні Қарлығаш өзінің еңбек демалысына шыққанын атап өтуді желеу етіп және екі құрбысы бар төртеуі кафеде отырып үш шөлмек арақ ішеді. Сол төртеуі жұптарын жазбастан өздерімен бірге болған құрбысының пәтеріне барып және ішеді. Одан шығып, үйлеріне жаяу кетіп бара жатқандарында Қарлығаш ұялы телефоны арқылы Бағила есімді құрбысымен хабарласады. Ол үйіне шақырып жатырғанын айтып: «Құр қол барамыз ба, дүкенге кіріп ішетін бірдеңе алып шық», – дейді Асқарға.
Бұл кез түнгі сағат бір жарымның шамасы еді. Түнімен үзіліссіз жұмыс істейтін дүкенге кіріп шыққан Асқар Қарлығаштың қаракөлеңке бұрышқа барып ер адаммен күліп сөйлесіп тұрғанын көрісімен қызғанышы оянады. Ана жігіт мұны байқасымен жылдам жоғалады. «Мынауың кім?» – деп сұрағанда Қарлығаштың: «Қайтесің оны, сен танымайсың», – деп жайбарақат жауап бергені және онымен қоймай: «Осы сенікі не, ешкіммен амандасып-сөйлеспеуіміз керек пе?! Көрінгеннен қызғанып, жындымысың!» – деп дауыс көтергені жынына тиеді. Сол-ақ екен мастықтың бетімен әрі ашу қысып Қарлығашты кеуде тұсынан оң жақ жұдырығымен бір мәрте салып қалады. Сосын курткасының қалтасындағы ас үй пышағын оң қолымен қысып ұстаған қалпы қалайша әйелінің кеуде тұсына бір-екі мәрте сұғып алғанын өзі де білмей қалады…
Асқар болған жайтты осылай баяндай келіп, кінәсін толық мойындайтынын, жәбірленушіні өлтіру ниеті болмағанын, қызғанудың салдарынан өз әрекетіне есеп бере алмай қалғандығын айтып, жазасын жеңілдетуді сұрады. Әйткенмен сот оны қасақана кісі өлтірді деп танып, 9 жылға кесті.
Марқұм Қарлығаштың ішімдікке бой ұрғаны жайлы сотта сөйлегендердің айтқандары Ақнұрдың есінен кетпей қойды. Үнемі көзі күлімдеп тұратын жайдары, мінезі ашық Қарлығашты теріс жолға түсті дегенге көңілі қимады. «Қыз кезінде бәрі жақсы…».
Бүгінгі куәгер болған екі отбасындағы аянышты ахуал Ақнұрдың көңілін құлазытты. Жастық шақтағы бірге оқыған сыныптастарымды, бірге жүрген құрбыларымды көрсем деп туған қалаға көп жылдан соң қыдырып келгендегі сағынышқа толы желпінген көңіл күйі су сепкендей басылып қалды. Иә, кешегі есеюге қадам басқан сәттердегі болашақ өмірге деген құштарлық пен жақсылыққа деген үміт қандай тәтті еді…
Ақындар жырға қосатындай, қыздар – өмір көркі. Әсем гүлге теңеген сол арулардың бірі – Гүлжан, бірі – Қарлығаш емес пе еді?! Енді не? Өмір гүлдері неге ерте солды?! Неге, неге?! Кім кінәлі?! Араққұмарлық деген бұл не пәле?! Олардың көзі жәудіреген бейкүнә балаларының болашағы енді не болмақ?!
Өзін мазалаған сан сұрақ жан-жақтан қаумалап, Ақнұрға ұйқы берер емес…
… Жас кездері екен дейді. Өмірге деген қуаныштан жүздері жайнаң қағады. Шаттыққа бөленген қыздар сыңғырлай күледі. Араларында Гүлжан да, Қарлығаш та бар екен дейді. Бір уақытта қатты жел тұрып, өзен толқындары аспанға шапшыды. Қасындағы қыздар қайда? Бір мезетте көзі шалып қалды, Қарлығаш суға батып барады екен… Оны өжет қыз Гүлжан құтқарса керек қой… Қайда ол?.. Сөйтсе, Гүлжан бөтелке ішінде қалқып жүр… Араққа тұншығады-ау байғұс. Құтқарыңдаршы!
Ақнұр шошып оянды. Түс көріпті. Қорыққаны сонша, борша-борша терлепті.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.