«Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді».
ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ
«Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары»
атты Қазақстан халқына Жолдауынан
Шығыс Жезқазған кенішіндегі № 57 шахта – аймақта «алып» атанған екінші кен орны. Сонау 1967 жылы шілденің аяғында тұсауы кесілген қуатты кәсіпорынның ұжымы өзінің жетпіс жылға жуық тарихында екпінді еңбек жылнамасының небір жарқын бетін жазды.
Даңқты жылнама қажырлы кеншінің қайрат-күшімен жарасымды жалғасын тапты. Шабытты еңбектің шалқар екпінімен шыңыраудан шұрайлы шикізат өндірген олар өміршең өнеге-үлгі көрсетті, азаматтың ажарын айқындайтын адамгершілік биік қасиетті мұра етіп қалдырды.
Кез-келген кәсіпорынның терең тамырлы тарихын жасайтын қарапайым адам, бірнеше буынды біріктірген жасампаз ұрпақ. № 57 шахтаның да жарқын жылнамасының қайнар көзі – кенші. Жетпісінші жылдары елімізде «мыңшылар қозғалысы» кең өріс алды. Кейінгі жастар біле бермейтін ол қозғалыстың мәні – бригада тәулігіне бір мың тонна кен өндіру болатын. Кенді өңірде ол бастамаға алғашқылар қатарында № 57 шахтада Роман Петрович Расновскийдің бригадасы үн қосты.
Қайырлы қадамды Т. Танабаев, А. Әбдіраманов, А. Клюшенко, А. Құттыбаев басқарған бригадалар қызу қуаттады. Забойшылар бригадирі Н. Макаровтың есімі тіпті Одаққа танылды. И. Луканович, Ю. Селиванов, С. Төлепбергенов, П. Аристов алқалы жиында жиі құрметпен аталды. Сіңірген еңбек, төгілген тер текке кетпей, «кеншілер патшалығының» талай танымал тарланы лайықты марапатталды.
«Мыңшылар қозғалысының» тура осы шахтада қызу қолдауға ие болуы тегін емес еді. Мұның алдында қатарға қосылған № 55 шахтада көптеген өздігінен жүретін қуатты кен жабдығы өндірістік сынақтан сәтті өтіп, жаңа шахта жаппай сондай жабдықпен жарақтандырылды. Оның үстіне кен өндірудің тиімді тәсілін игеру бағытында кең көлемді іргелі ізденіс қанат жайды. Қозғалыстың солай соны сипат алуына жайлы жағдай жасалды.
Сексенінші жылдары «мыңшылардың» жаңа легі жарыққа шықты. Олар тәулігіне 1500 тонна кен өндіруді қамтамасыз етті. Еңбек бәсекесі берекелі биікке бастаған сол бір қауырт кезеңде «мыңдық» межеден асып түскен, Әбдіқадыр Тұрсынов, Құрманғазы Жангелдинов, Тобылжан Табысов сынды кейінгі буын басқарған сайдың тасындай жігіттер туралы журналистер жарыса жазатын едік. Алдыңғы толқынның игі ісін бүгінде кейінгі буын сәтімен жалғастыруда. Жаңа ғасырда кеніш қақпасын қағып, табалдырығын аттаған жастардың арасында да келешегінен үміт күттіретіні жеткілікті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі Жолдауында экономика мәселесіне айрықша мән беріп, өндірісті өрге бастырудың тиімді тұтқаларына тоқталды. Бағдарламалық сипаттағы сол нұсқауды басшылыққа алып, кен өндірісіне серпін беріп жатқан жайымыз бар. Алғашқы жартыжылдықтың межесінен ойдағыдай көріндік.
Кәсіпорын алдына қойылған міндетті ойдағыдай орындаудың сенімді кепілі – барды байыппен бағалауға және соны шебер пайдалануға қабілетті кәсіпқой ұжым қалыптастыру. Шахта басшылығы мұны ешқашан естен шығарған емес. Қазір шахтадағы жарты мыңнан астам адам белгіленген тапсырманы тиянақты орындап, жылды нәтижелі қортындылауға жұмылған, – дейді шахта бастығы Әділет Тоқмағамбет.
Шахта бастығы Әділет Тоқмағамбетов
Әділет «Қазақмысқа» қарасты технологиялық колледждің түлегі екен. «Орда бұзар отызды» артқа тастаған ол кеншілік кәсіпті бұдан он бес жылдай бұрын шахтапроходкалау тресінің № 3 басқармасында кен жұмысшысы болудан бастап, кен шебері қызметіне дейін көтеріліпті. 2010 жылдан бері Шығыс Жезқазған кенішінде. Өндірістен қол үзбей жүріп 2014 жылы Қарағанды политехникалық институтын бітірген. Проходкалау және кен өндіру телімдерін басқарған. Шахта тізгінін ұстағанына бір жылдан асыпты.
Телім басшысы Дастан Мәмбетов
Шахтада топ жарған № 2 кен өндіру телімінің бастығы Дастан Мәменовпен кездесіп, тілдестік. Сөзге сараң, ісіне мығым. Кеншілік кәсіптің барлық баспалдағын басып, ұжыммен жұмыс істеудің қыр-сырын жетік меңгерген. Осы кеніштің «Анненск» шахтасында телім басқарып жүргенінде, төрт жыл бұрын танысып едік, сол салмақты қалпында қарсы алды. Мұнда ауысып келгеніне жарты жылдай болыпты. Ол да жоғарыда аталған технологиялық колледждің түлегі.
Бұрғышы Шахмардан Әлиакпар мен көмекшісі Данияр Үсентаев
– Алты айдың белгіленген тапсырмасы кен өндіруден де, құрамындағы металдың үлесінен де асыра орындалды. Телімдегі жігіттердің тегеуірінді қимылының арқасы. Алдыңғы буын ардагерлердің мол тәжірибесіне арқа сүйейміз. Шпур бұрғылаушылар Нұржан Жұмабеков пен Асылбек Сәрсенбаевтың, төбе бекітушілер Бағдат Мәдішев пен Ермек Жалғасбаевтың жастарға кеншілік кәсіптен үйретері мол.
Көмекші бұрғышы Б.Бекбаев, кен шебері Саят Сәрсен, бұрғышы А.Байболатов
Өндірістің тыныс-тіршілігіне тереңдей көз жүгіртіп, кен өндіру үдерісіне тың талпыныспен қарайтын жастар да жетіліп келеді. Кен шеберлері Саясат Сәрсен мен Біржан Сәдірбеков, бұрғышы Бауыржан Игіліков пен төбе бекітуші Аман Торжан солардың қатарындағы азаматтар. Бригадиріміз Руслан Тұрғанбеков – білікті басшы. Механик Азамат Әшеновтің ортақ табысқа қосып жүрген үлесі көп. Өзіңіз «Мысты өңір» газетіне жазған («Орнықты орынбасар», 19 сәуір 2024ж. – авт.) орынбасарым Аманжол Омарбековтің өндірісті ұйымдастырудағы орны бөлек, – дейді Дастан.
Геофизиктер Ирина Морозова, Ерден Көлбаев
Әлібек ӘБДІРАШ.
Суреттерді түсірген автор.