Ұлытау облысында тұрғын үй қорын жаңарту -жақсарту, тозығы жеткен үйлерді сүріп, орнына жаңа үй салу үшін реновация бағдарламасы жүзеге асады. Бұл ілкімді іс қазірдің өзінде Жезқазған қаласында жүзеге асырылып жатыр.
Сала мамандарының айтуынша, Жезқазған қаласында осы уақытта отыздан астам апатты үй бар. Осының ішіндегі 26 ескі және апатты үйге «бұзылуы қажет» деген техникалық қорытынды жасалынған. Тұрғындарға келісім бойынша өтемақы төлеу немесе көшіру жұмыстарының жүріп жатқанына біраз болды. Енді бұл мәселе түпкілікті шешімін тапты. Тұрғындар көптен күткен бағдарлама қолға алынды. Осы бағдарлама аясында Жезқазғандағы апатты және тозығы жеткен 26 үй бұзылып, орнына көпқабатты баспаналар бой көтереді.
Қазірдің өзінде жоба аясында 48 пәтерлі бір үйдің құрылысы қарқын алды. Нысан жыл соңында аяқталуы тиіс. Күрделі жобаны қолға алған мердігер ұйым – «Самға» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Реновациялау бағдарламасы аясында апатты үйлер тұрғындарынан бөлек, кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтардың да баспана мәселесі шешіледі.
Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының жұмыс бабымен қаланы аралауы кезінде бағдарламаның алдағы үш жылда толық аяқталатыны айтылды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.