– Анашым, сен бүгін тағы түнгі аусымға барасың ба?
– Әрине, құлдығым. Сен ана бауырларыңа бас-көз бол. Шулап, көршілердің мазасын алмаңдар. Ақылды болыңдар.
– Шуламаймыз ғой, анашым. Бірақ, сен демалыс дегенді ұмыттың ғой.
Жанар үлкен қызын бауырына басып, шашынан сипады. Көкейіне келген өксікті сездірмейін деп маңдайынан құшарлана сүйді.
– Демаламын ғой, қызым. Неге демалмайын. Бірақ осы апта күнара жұмысқа шығуым керек. Таяуда сенің колледж бітіру кешің болады. Кештік көйлек алуым керек.
– Анашым, соның қанша қажеті бар. Мен ол кешке бармай-ақ қойсам да болады.
– О не дегенің! Сенің қатарыңнан қалғаныңды көріп, мен қалай жер басып жүрмекпін.
Ана мен қызы бірін бірі жүрекпен ұққандай терең күрсінді.
– Маған сенің үйде, біздің қасымызда жиі болғаның керек. Ертең мен де жұмысқа шығамын. Екеулеп табыс құрармыз, – деді қызы анасын құшақтаған күйі.
– Әрине, қызым. Қарыздардан да біртіндеп құтылармыз. Бізді құдай қашанғы жылата берсін. Бір жыл ғана қалды, сосын қарғыс атқыр несиені толық жабамыз…
*** *** ***
Жанар Мұратпен алғаш кездескенде «бір көргеннен ғашық болу» сезімін бастан өткерді. Бұл өмірде Мұраттан асқан жігіт жоқ сияқты болып көрінді. Сөзі қандай майда. Әңгімені де шебер айтады. Айналасындағыларды бірден ұйытып әкетеді. Әсіресе мұның құрбылары Мұрат әңгіме айтқанда ауыздарын ашып, көздерін жұмып елітіп қалатын. Бара-бара Жанар қызғанатын болды. Бір жылға жуық кездесіп жүрді де екеуі үйленді. Бірінші балалары қыз болды. Мұрат «бұл менің өмірімнің жарық айы болсын» деп есімін Айым қойды. Айым бір жарым жасқа толғанда егіз бала – Есен мен Аман өмірге келді. Жанарға бұдан асқан бақыттың керегі де жоқ еді. Бірақ…
– Жанар, жаным, елдің бәрі бизнеспен айналысып жатыр. Біз солардан кембіз бе? Біз де өз кәсібімізді ашайық, – деді Мұрат кешкі ас үстінде.
Бизнес дегеннің не, оны қалай жүргізу керек. Бұл Жанар үшін мүлдем беймәлім дүние еді.
– Қайдам? Жүргізіп кете алсақ жақсы. Әйтпесе, қарызға белшемізден батып жүрмесек, – деді ол күдігін жасырмай.
– Қойшы. Қайдағы қарыз. Шамамызға қарай көсілеміз де.
*** *** ***
Жанардың сол жолғы күдігі жай болмады. Мұраттың жұмысы да, табысы да салмақты еді бірақ, банк оған несие бермепті. Бұл Мұраттың айтысы. Шынында да солай болды ма, жоқ па, Жанар үшін бұл осы күнге дейін жұмбақ.
Жолдасына несие бермеген соң, Жанар құжаттарын тапсырып, қомақты қаржы алды банктен. Енді, міне, соны күні бүгінге дейін төлеп келеді. Алла қаласа келер жылы бітірмек. Ал, Мұрат болса…
– Кешірші, Жанар, осыған дейін мен сені сүйетін сияқты болып жүретінмін. Бірақ, көңіл түпкірі қоңылтақсып тұрушы еді. Енді білдім, ол әшейін сезім ғана екен. Мен өз жүрек қалауымды енді жолықтырдым. Өмірімнің соңына дейін сол адаммен боламын, – деді Мұрат бір күні.
– Несиеден қам жеме, өзім төлеп тұрамын, – дегенді де қосты кетерінде.
Дүние дөңгеленіп жүре берді. Алғашқы күндердің қалай өткені Жанардың жадында жоқ. Әшейін таң атады, кеш батады. Осылай жарты жылдай уақыт өткізді. Бір күні бейтаныс бір әйел телефон соқты.
– Жанарсыз ба? Мұрат қайтыс болды. Қала сыртындағы қорымға жерленді. Күзетшіден сұрасаңыз, қабырын көрсетеді…
«Жығылғанға жұдырық» дегеннің не екенін Жанар сонда жақсы ұғынды. Мұрат «жаңа ғашығына» кеткенімен екеуі құжат жүзінде толық айырылыспаған еді. Енді оның барлық мұрасы үш баласымен мұның мойнына түсті. Осының бәрін қалай көтермек. Қырсыққанда Мұраттың шотында көк тиын да болмай шықты. Ақшаның бәрі қайда кеткені тағы белгісіз.
«Басқа түскен баспақшыл» демей ме. Жанар сол ауыр жүкті сүйреп келе жатқанына бес жыл болды. Ыңғайы келген жұмыстардың қайсын болсын қалт жіберіп жатқан жоқ. Мамандығы медбибі болған соң, жұмыс та табылып жатыр. Бірде үй жағалап укол салып, дәрі-дәрмек береді. Бүгін, міне, күн сұрап кеткен медбибінің орнына жұмысқа шығып отыр.
– Қой, қаланың келесі шетіне жеткенше де уақыт өтіп кетеді. Автобустан қалып қоярмын. Айымжан, бауырларыңа қара, тамақтарын уақытылы ішсін. Қуырылған картоп пештің желкесінде тұр, – деді Жанар аяқ киімін киіп жатып.
– Алаңдама, анашым, бәрі ойдағыдай болады
– Сен болмасаң мен не істер едім.
*** *** ***
Жанар жұмыс орнына келгенде кеш те түсіп қалған еді. Аурухана алдынан күзетші Сағынбай қарсы алды. Оның осы ауруханаға күзетші болып келгеніне екі-үш айдай ғана болған. Неге екенін білмейді, осы кісіні көргенде Жанар өзін біртүрлі сезінеді. Қысылатын сияқты. Мүмкіндігінше жанынан жылдам өтіп кетуге тырысады. Бұл жолы да солай.
– Саламатсыз ба, Жанар?
– Саламатсыз ба? – деді Жанар болар болмас дауыс шығарып. Сөйтті де кіреберісте кідірмей өте шықты.
Оның бұлай қымсынуының да себебі бар. Сағынбайдың Жанарға ерекше ілтипат білдіретінін ауруханадағылар сырттай көріп, бақылап жүр. Тіпті, екеуін «сөзжарастырып» қойғандар да бар. Сағынбайдың әйелі қайтыс болған екен. Өзі ішкі істер саласының зейнеткері. Мұның да бас бос. Басы бос екі адам кездессе артынан сөздің де қосы жүретін әдеті емес пе. Жанар осы жағынан қашқақтайды. Бос әңгімеге тамыздық болғысы келмейді. Жаңа бұл келгенде дәлізде екі медсестра әлденені әңгіме еткендей болып әліптің артын баққандай күтіп тұрды емес пе…
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
(Жалғасы бар).