Қазақ өнеріндегі дүлдүлдердің бірі, ақын әрі әнші Тайжан Қалмағанбетовтің туғанына биыл 145 жыл толып отыр. Осыған орай халқымыздың ұлттық өнерінің жандануында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Тайжан ақынның қоғамдық жүйенің аласапыран кезеңіне дөп келген замандағы өмір жолы мен өнер өрісі туралы тағы да бір ой тербегенді жөн көрдік.
Тайжан Қалмағанбетұлы 1879 жылы Ұлытау ауданындағы Айыртау бөктерінің Қаратал деген елді мекенінде дүниеге келді. Ақынның әкесі Қалмағанбет елге сыйлы, молдалық құрған тақуа адам екен. Анасы Мейіз «Гәкку» әнімен әйгілі болған қазақтың сыршыл ақыны әрі әуезді әншісі Үкілі Ыбырайдың туған апасы. Жастайынан ән-жырға, шешендік сөзге әуес болған Тайжанның суырып салып өлең шығаруы ерте байқалады. Алғашқы ақындық атын шығарған «Сегізден бастап сенделдім» деген өлеңін 1892 жылы он үш жасында шығарыпты. Содан бастап өнер жолын қуған ол өз тұсындағы көптеген ақындармен айтысып, халықтың қошеметіне бөленген. Ұлытау өңірінде дүниеге келген Тайжан ақын тек осы аймақты төңіректеп қалған адам емес. Талантты ақынның өткір сөзі мен асқақ үні Сырды да, қырды да кезген. Халық ақыны Нартай Бекежанов: «Мен Тайжанды ұстаз тұтамын. Тайжан әні кең құлашты, кербез, терең сырлы, лирикалық шырайлы шығармалар. Даусы құлаққа қонымды. Әуені әсерлі де мөлдір, үні асқақ, тыңдаушылары әрдайым сүйсініп, сүйіп тыңдайтын еді», – деп сүйсінуі соның айғағы болса керек. Тайжекеңнің бойындағы өнері сан қырлы болған ғой. Ол ақын, әнші, сазгер, биші, жырау, сайқымазақ, палуан, шабандоз болыпты. Былайша айтқанда дала сахнасының дүлдүлі десе келеді. Дегенмен, халық оны «Тайжан ақын» деп дәріптеген.
Тайжан жайлы сөз қозғағанда Үкілі Ыбырай Сандыбайұлын айналып өту мүмкін емес. Өйткені оған өнер жолында нағашысының ықпалы тигені анық. Ұлытау өңірінде суырып салып, өлең-жыр шығаруымен танылған бала Тайжан атақты Ыбырай ақыннан бата алуға ниеттеніп, ат жалын тартып мінетін 15-16 жасқа жеткен соң Көкше еліндегі нағашы жұртына келеді. Үкілі Ыбырай жиені Тайжан келген соң маңайына сауықшыл жігіттерін жинап, атақты «Гәккуін» әуелетіп ел аралап, қыс бойы сауық-сайран құрады. Қызылжар, Атбасар, Ақмола жәрмеңкелерінде болып, сырнайшы Тайжан атанған ол мауқын басып, елге аттанарда:
Әкем сүйіп қойыпты – атым Тайжан,
Ақынмын өз елімде атын жайған.
Осы жақта нағашым бар дегенге,
Келіп ем бата алғалы Ыбырайдан.
Алыстан іздеп келген нағашымсың,
Биіктен қол артатын ағашымсың.
Берсең де дүние-мал, мен алмаймын,
Бата бер, жиеніңнің бағы ашылсын, – деп нағашысынан бата сұраған ғой. Бұған дейінгі сан отырыстарда Тайжанның ақындық, әншілік талабын байқап, бағалап жүрген Ыбырай риза болып: «Қандай жайсаң мен жорғаға болса да жарысқа салуға жараған екенсің, жай қолыңды», – деп батасын беріпті.
Сөйтіп, Тайжан Арқаның ақиық әншілерінің ортасын емін-еркін аралап өскен. Ол Біржан, Ақан, Ыбырай сияқты керемет әншілердің туындыларын Ұлытау, Жезқазған жеріне, Сыр бойы мен Қаратау еліне дейін жеткізген. Алғаш рет Тайжан ақын 1934 жылы Алматыда өткізілген республикалық халық өнерпаздарының слетінде кеңінен танылып, оның талантын ел басшылары да мойындаған. Соған орай қазақ даласының түпкір-түкпірінен келген ақындар арасында Жамбыл Жабаев пен Тайжан Қалмағанбетовке ғана республикалық дербес зейнетақы тағайындалған. Шабытына шабыт қосқан Тайжекең 1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысады. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ақын Кәкімбек Салықов бұл туралы былай деп жазғаны бар: «Мәскеудегі «Үлкен театрда» кеңес үкіметінің сол кездегі көсемдерінің көзінше өткен алғашқы ақындар мен әншілердің концертін бастау Тайжан Қалмағанбетовтің үлесіне тиді. Гармоньдатқан өжет ақын, ақиық қырандай шарықтап тұрған шағында қазақ халқының ұғымындағы әрі әнші, әрі сазгер нағыз ақын қандай болатынын айдан анық танытты. Ертеңінде Тайжекеңнің өлеңдері барлық одақтық газеттерде жарияланып, Жамбыл атамыздан кейінгі тақау тұрған қазақ дүлдүлі іспеттес ой тастады. Оның Жамбылмен, Күләшпен түскен суреттері газеттерде күнбе-күн көрініп тұрды. Өйткені, оның өлеңдерін сол кездегі орыстың әйгілі ақындары Павел Кузнецов, Константин Алтайскийлер аударып, ақынның атағын бүкіл одаққа паш етті. Бұл сапардан Жамбыл орденмен оралса, Тайжан Жоғарғы Кеңестің Құрмет грамотасымен марапатталды».
Тайжекеңнің ерекше өнері туралы жазушылар Сәбит Мұқанов, Мұхамеджан Қаратаев, драматург Шахмет Құсайынов, академик-композитор Ахмет Жұбанов және басқа да көптеген белгілі тұлғалар тамаша баға берген. Ол кісі Жамбылмен, Кененмен, Шашубаймен жақсы қарым-қатынаста болып, Болман, Иманжан және басқа да ақындармен айтысқа түскен. Талай тамаша өнерінің куәсі болған академик Қаныш Сәтбаев: «Тайжан Қалмағанбетов – қазақ мәдениетін жоғары көтеріп, дамытуға үлес қосқан жан. Өркендеген өнердің шаңырағын көтеріскен дарын иесі», – деп баға берген екен. Сол заманға сай «Октябрь құдіреті», «Мен қайттым Мәскеу барып», «Ленинге», «Серго Орджоникидзеге» сияқты кеңестік өкіметтің қолайына жағатын өлеңдер жазғанына қарамастан, Тайжекең «халық жауы» деген жалған жаламен тұтқындалып, отыз жетінің ойранында опат болды. Осы солақай саясаттың салдарынан ақын есімі ұзақ жылдар ауызға алынбай, шығармашылық мұралары өшіп қала жаздағаны түсінікті болса керек.
…Өкініштісі сол, зобалаң жылдарда ел рухын көтеріп жүрген абзал ақынға жала жабылып, 1937 жылғы 21 маусымда «халық жауы» ретінде ұсталып кетті. Қарсақбай түрмесінен кейін Арал теңізіндегі «Барсакелмес» аралындағы абақтыда отырған деген бір дерек бар. Қай жерде, қалай қаза болғаны жайлы нақты ештеңе жоқ. Ана бір жылдары «Теректі станциясында атылған» деген бір әңгіменің шеті шығып еді. Ол да жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Қапас жерде бірге отырған Байдос Игібаев деген туысы тек былай деп басталатын соңғы жыр-аманатын алып келген көрінеді.
Қапаста көңіл қайғылы,
Көкірек толды санаға.
Дұшпанның сөзі сор болып,
Өтірік күйдім жалаға.
Міне, осылай жазықсыз жапа шегіп, құрбан болған аяулы ақынның мұралары 20 жылдай жабық дүниелер қатарында жатты. Немересі Жәлел Қалмағанбетов бас болып «Ақын Тайжан» қоғамдық қорын құрып, 2000 жылдардың басында біраз игі іске ұйтқы болған-тын. Ақын Кәкімбек Салықовтың құрастыруымен, қала әкімдігінің қаржылай қолдауымен Тайжан Қалмағанбетұлының «Сақ-сақ күлсін сырнайым» атты жинағы баспадан кітап болып шықты. Онда Тайжекеңнің қырықшақты өлеңі, 13 әні бар өлеңі, 9 орыс ақындары аударған өлеңдері және Болманмен, Нұрғали ақынмен айтыстарының табылған нұсқалары топтастырылды. Сүтемген Бүкіровтің, Өмірбек Мұқанұлының, Б. Аюбековтің Тайжекең туралы құнды естеліктері енгізілді. Сонымен қатар, Кәкімбек ағамыздың 2004 жылы «Ақын Тайжан» атты лирикалық поэмасы «Үш қиян» баспасынан кітап болып шықты. Ақынның академиялық толық шығармалар жинағын шығару үшін мұраларын әлі де жинастыру қажет.
Ұмыт бола бастаған Тайжан әндерін тірілтіп, жинақтаумен 30 жылдан аса талмай айналысып жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Т. Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясының әншісі Ғалым Мұхамединнің ерен еңбегін ерекше атап айтуға болады. Тайжекеңнің туысқандарынан, одан қалды ел аралап жүргенде біледі-ау деген адамдардан там-тұмдап оншақты әнін үйреніп, өңдеп айналымға шығарды. Біраз әндерін республикалық эфир арқылы таратса, одан қалды алдына келген шәкірттеріне үйретуден жалықпады. Қазірде Ғалымның 90-ға жуық шәкірті Тайжан әндерін орындап жүрген көрінеді. Осы жайлы мағұрлана айтқан ұстаз-әнші:
Менің көңілімнен кетпейтін бір арманым бар. Жезқазған қаласында Тайжекеңнің бір еңселі ескерткіші бой көтерсе ғой, шіркін деймін. Қазіргі тұрған кеуде мүсіні ертеректе әйтеуір жоқтан бар жасап дегендей, амалсыз қойылған дүние. Тайжан ақынның ескерткіші дейтіндей қазір көрнекі дүние керек, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Құрметті профессоры Ғалым Мұхамедин.
Иә, өте орынды мәселе. Қарсақбайдан басталған өнерімен бүкіл қазақ даласына мәшhүр болған тарлан талантқа лайықты құрмет көрсетіп, еңселі ескерткіш орнатылса нағыз елдік іс болар еді. Мерейтой аясында осы жайында ақылдасып, кеңінен кеңес құрса артық болмас деп ойлаймыз. Ақын атын иемденген Жезқазған филармониясының шаңырақ көтергеніне де биыл 50 жыл толып отыр. Ал, енді ақынның 145 жылдығы аясында облысымызда, одан қалды Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында бүгінге дейін бір шара ұйымдастырылғаны туралы тырс еткен хабардың естілмеуі қалай? Тайжекең естен шығар тұлға емес, елеусіз қалып жүрмесін!
Амандық РАХҰЛЫ.
Ақын портретінің авторы суретші З. Мұхамедин.