Қойнауы ырыс пен құтқа толы өлкеміздің кен байлығын әлем таныған саф алтынға бергісіз мысқа айналдырып жүрген металлургтердің мерекесі өз бастауын апта басынан алды. Сәрсенбінің сәтінде «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС қарасты Жезқазған мыс қорыту зауытында өндіріс озаттарын ұлықтауға арналған салтанатты жиын өтті.
Металлургия майталмандарына құрмет көрсетілген жиынға Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов, «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Бас директоры Жәнібек Байғабелов қатысты. Еліміздің інжу-маржаны саналатын Жезқазғанның сары мысын алудағы металлургтердің еңбегіне деген ыстық ықыласын шаһар басшысы Қайрат Абдуллаұлы жеткізді.
– Ықылым заманнан бері біздің Ұлытау өңірі металлургияның мекені саналады. Осы қасиетті жерде түсті металлургияның дамуына сіздер айрықша үлес қосып отырсыздар. Металлургияның өзегі қазба байлығы болса, соны игілікке жаратушы сіздерсіздер. Бүгінгі салтанат сіздердің ұшан-теңіз еңбектеріңізге деген зор құрметтің белгісі. Ерен еңбектеріңіз әрқашан өз дәрежесінде бағалана берсін, – деді ол.
Қайрат Абдуллаұлы зауыттың өндірісін өрге бастырудағы еңбегі үшін бір топ еңбек озатына Ұлытау облысы әкімінің Құрмет грамотасы мен ақшалай сыйлығын табыстады. Сонымен қатар, еңбектегі жеке табысы үшін бірқатар еңбеккерлер Жезқазған қаласы әкімінің Алғыс хатына ие болды. Жезқазған мыс қорыту зауыты – екі мыңға таяу жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған аймақтағы ірі өндіріс ошағы. Оның бүгінгі бет алысы, өркендеуі тікелей «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС қолдауымен жүзеге асып келеді. Бұл тұрғыдағы жетістіктерге тоқталған «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Бас директоры Жәнібек Байғабелов түсті металлургияның келешегі кемелдене түседі деді.
– Еліміздегі түсті металлургияның экономикадағы үлесі қомақты. Сондықтан да аталмыш салаға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев басымдық беріп отыр. Кен өндіру көлемі ұлғайтылған өндірістік аймақтарда металлургияға көңіл бөлуді Мемлекет басшысы қолдауда.
«Қазақмыс» компаниясы болашақта «Айдарлы» кен орнын толық көлемге шығаруды көздеп отыр. Жезқазған, Балқаштағы зауыттардың технологиясын жетілдіру, келешекте Балқаш аймағынан заманауи үлгідегі зауыт салу жоспарда бар. Еңбек адамының әлеуметтік мәселелерін оңтайландыру, жұмыс күшін барынша жеңілдету де басты назарда. Ел игілігі жолындағы металлургтердің еңбегін біз әрқашан жоғары бағалаймыз. Мерейлеріңіз үстем, еңбектеріңіз табысты болсын, – деді Жәнібек Алтынбекұлы.
Түсті металлургияның дамуы мен өндірістегі жеке көрсеткіштері үшін Жезқазған мыс қорыту зауытының еңбек озаттары Бас директордың Құрмет грамотасы мен ақшалай марапатына ие болды.
Өңірдегі алып өндіріс ошағының тізгінін ұстап отырған зауыт директоры Саят Әтен әріптестеріне құттықтауын арнай келіп, металлургиядағы жетістіктері үшін бір топ еңбеккерді Құрмет грамотасымен марапаттады.
«Amanat» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ұлытау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Нұржанов: – Мыс қорыту зауыты ел экономикасының қозғаушы күші ретінде, түсті металлургия өндірісінің флагманы ретінде біздің өңірді әлемге паш етуде. Жезқазған мен Балқаштың металлургтерінің қолынан шыққан мыстың бұлағы ғасырдан ғасырға жалғассын. Сары мыс сапырып, мерейлеріңізді үстем еткен төл мерекелеріңіз құтты болсын, – деді.
Асқар Сембіғалиұлы металлургияның майталмандарына партия атынан өндіріске қосқан үлестері үшін зауыт еңбеккерлеріне Құрмет грамотасын және сыйақы тап-
сырды.
Еңбек адамының мүддесі мен құқығын қорғауда қалқан болып жүрген тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағы осы салтанатты жиында зауыттың жүзге жуық еңбек озатына құрмет көрсетті. Марапатты тапсырмас бұрын кәсіподақ төрағасының орынбасары Қуандық Рахметов жиырмасыншы ғасырдың соңында Қарсақбайдан бастау алған Жезқазған мыс бұлағының толастамауына тілектестігін білдірді.
– Жезқазған – өңірі өткен ХХ ғасырдың 20 жылдарында металлургияның өзегі болған Қарсақбайдан қалған жұрнақты ұстап қалған құтты мекен. Біз металлургтерімізбен мақтанамыз. Ардагер аға буынның салып кеткен сара жолы жалғасын тауып, сала дамуға бет алып келеді. Өркендеу жалғасып жатыр. Бұл үрдіс ұзағынан болып, сіздердің мәртебелеріңіз асқақтай берсін, металлургтер, – деді төрағаның орынбасары.
Қуандық Ажмағанбетұлы «КәсіпҚорған» кәсіподағының «Еңбек озаты» төсбелгісін балқыту цехының балқытушылары Бақыт Байсаловқа, Серік Стамқұловқа және мысты электролиздеу цехының өнімді тазалаушысы Өскенбай Тыныбековке тапсырды. Күкіртқышқылы цехының аппаратшысы Бейбіт Әжібеков, балқыту цехының металл құюшысы Нұрлан Құлмағанбетов «Кәсіподақтың Құрметті қайраткері» төсбелгісін иеленді. Сондай-ақ, «КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы Уәлихан Нұржановтың Құрмет грамотасына мысты электролиздеу цехының өңдеушісі Жанна Жекенбаева, конверторшы Виктор Резник пен «КазКат» зауытының газ бөлуші операторы Ибрагим Әлімбаев ие болды.
Кәсіподақтың Жезқазған филиалы бойынша төрағасы Ақылбек Төлепбергеновтың Құрмет грамотасы күкіртқышқылы цехынан Данияр Қозыбаевқа, шихта дайындау цехынан Бағдат Ахметке, «КазКат» зауытынан Мақсұт Стамқұлов пен осы зауыттың түсті металл құюшысы Дархан Шахмағамбетовке табысталды.
Өндіріспен қатар, кәсіподақ ұйымының қоғамдық жұмысына белсене атсалысқаны үшін бір топ еңбеккер «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған мыс қорыту зауытындағы кәсіподақ комитетінің төрағасы Ардақ Ақылбекованың атынан Құрмет грамотасына ие болды.
Дарқан даланың көркін қызу еңбекпен қайнатқан металлургтердің еңбегіне деген құрмет бұл күні толассыз болды. «Еңбек» кәсіподағы, «Әділетті жол» қоғамдық бірлестігі мен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Jastar Bolashaq» Жастар одағы майталмандарға марапаттарын жаудырды.
«Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС басшылығы бас болып, металлургтердің еңбегіне деген көңілдерін осылай байқатты. Өндіріс майталмандарының мәртебесі биыл да асқақтады.
Айта кетейік, «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС мен Жезқазған мыс қорыту зауытының басшылығы бейсенбі күні Жезқазған қаласындағы «Байқоңыр» мейрамханасында сала ардагерлеріне, еңбек озаттарына дастарқан жайып, үздіктерді марапаттады. Металлургтердің мерекесіне арналған бағдарлама сенбі күні Қазақстанның және Ресейдің цирк өнеріндегі шоқтығы биік дарындардың қатысуымен өтетін шоумен түйінделеді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.