«Боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген тәмсіл бар қазақта. Осынау қағиданы Жезқазған қаласындағы № 5 «Тамаша» бөбекжайының ұжымы да берік ұстанған. Олар бойынан ұшқын көрінген балғын бүлдіршіндерін алға сүйреп, елге танытуда үлкен істер атқарып келеді. Нәтижесінде Нұрайым Бейсенбай сынды дара дарындар шығып, ел алдында үлкен құрметке бөленіп жүр. «Бесіктен белі шықпаған баланы құрметке бөлейтіндей ол не күш екен, дейтіндердің де табылары анық. Оларға айтарымыз – бұл өнер деген күш.
Бүгінде балабақшасынан түлеп ұшып, мектепке қадам басқалы тұрған Нұрайым Нұралдықызы ең алғаш үш жасында теледидарға түсіп, көрермендерді өзінің балғын өнерімен тамсандырған еді. Содан бері, міне, ел алдында өнер көрсетіп, әсіресе көркемсөз оқуда көш басында келеді. «Бауырсақ» тобының тәрбиешілері Қымбат Князғалиқызы мен Манат Сұрауханова апайлары кішкентай ғана Нұрайымның өнерге деген құлшынысын байқап, бүлдіршінге демеу берді. Сөйтіп, ол бірнеше мәрте қалалық, облыстық байқауларға қатысып, топ жарды.
Бүгінде бес жастан асқан Нұрайым Бейсенбайдың қоржынында Мұқағали Мақатаевтың «Ризамын», «Ана», Абай Құнанбайұлының «Қыс», Күләш Ахметованың «Қазақты жамандама, жаман бала», Абдрахман Асылбектің «Қазақ деген» сынды бірнеше өлеңдері бар. Осы өлеңдерді анасы жаттатқызыпты. Нұрай негізінен Мұқағали Мақатаев пен Абай Құнанбайұлының өлеңдерін оқығанды ұнатады. Ертең мектепте Нұрайым Абай мен Мұқағали оқуларында үнемі топ жарып жүретініне балабақшадағы тәрбиешілері бек сенімді.