Менің өте мейірімді әжем бар. Оның есімі – Ұлмекен. Ол кісіні бәрі ұқыптылықты, тазалықты жақсы көретін кісі деп біледі. Мені де жанына ертіп жүріп үй шаруашылығына баулып жүреді. Әжемнің арқасында мен де әр ісімді тыңғылықты жасайтын болдым. Әжем мені жақсы көргенде, риза болғанда ерекше «тынымым» деп еркелетеді.
Ол ұлттық тағамдарымызды өте дәмді дайындайды. Әсіресе, Наурыз мерекесінде әзірленетін «Наурыз көжесі» тіл үйіреді. Сонымен қатар, бауырсақ, тәтті тоқаштарды да өте дәмді пісіреді.
Ұйықтар алдында ертегі, кейде өзінің басынан өткен қызықты әңгімелерін айтып береді. Қайта-қайта тыңдай бергім келеді. Бізге ақыл-кеңестерін беруден жалықпайды. Әжем адам бойынан өтірік айтатын қасиетті ұнатпайды. «Жалқау болма, біреуге қиянат жасама!» деп айтып отырады.
Болашақта әжемнің айтқан, үйреткен ақылының ізімен жүріп, үлгілі адам боламын. Әжемнің ақ шаштарын, ауырғанын көргенде мұңайып қаламын. Әжем бізбен бірге ұзақ өмір сүрсе ғой деп тілеймін, армандаймын. Біздің ер жеткенімізді көріп қуанғанын қалаймын. Мен әжеммен мақтанамын, әрі мақтан етемін!
Нұрбибі Бауыржан,
№6 тірек мектебінің 2 «А» сынып оқушысы.
Ұлытау ауданы, Жезді кенті.