Балалар лагерін қайыра ашса
Осыдан оншақты жыл бұрын Жезқазған-Ұлытау өңірінде жап-жақсы балалар лагерьлері жұмыс істеп тұратын. Бір ғана Жезқазған қаласындағы «Орленок» лагері қаншама баланы қуанышқа кенелтуші еді. Оған Ұлытау-Жезқазған өңіріндегі аудан, ауылдардан, қалалар мен кенттерден балалар барып демалатын. Қазір сол лагерь жоқ.
Осындай демалыс лагерьлері әр аудан, қалада бар еді. Қазір соларды жандандыратын кез келді. Ана бір жылдардағыдай емес, елдің, өңірлердің жағдайы жақсарған. Әлеуметтік-экономикалық ахуалы артқан. Мүмкіндік зор. Әрбір бала тәрбиелеп отырған ата-ана менің сөзімді қостайды деп ойлаймын.
Құралай Сапарбек,
көп балалы ана
Сәтбаев қаласы.
Жазғы лагерь демалу үшін құрылған
Қазір барлық мектептер жанында жазғы сауықтыру-демалыс лагерьлері жұмыс істеп жатыр. Бұл, әрине қуанарлық жағдай. Әйтсе де, соның жұмысына қатысты айтар уәжім де бар.
«Біткен іске сыншы көп» деп сөкпеңіздер, менікі болған нәрсенің жақсы жетілгенін қалағандықтан айтып жатқаным ғой. Айтайын дегенім, демалыс-сауықтыру лагерьлерінің күн тәртібі тым жүктемелі. Олардың дені балалардың білігі мен білімін жетілдіруге бағытталған. Дұрыс қой, баламыздың біле түскенінен қашпаймыз. Бірақ, дамалыс лагері болған соң балалардың тынығуына, ойнауына, сергуіне көбірек көңіл бөлу керек шығар. Түрлі ойындар, спорт жарыстары, саяхаттар мен байқаулар көбірек болса нұр үстіне нұр болар еді.
Жоламан Көшен,
Жезқазған қаласының тұрғыны.
ЛАГЕРЬДЕГІ ШУАҚТЫ КҮНДЕР
Жазғы демалыс балалардың үйреншікті тіршілігінен босап, түрлі шаралармен, өздерінің қызығушылықтарымен айналысуға мүмкіндік береді. Қаражал қаласының білім беру бөлімі де Қаражал-Жәйрем өңірінде демалыссауықтыру лагерін ұйымдастырып, онда балалардың демалуы үшін арнайы алаңдар, бөлмелер жабдықтап, қажетті ойын-сауық құралдарымен толық қамтамасыз етті.
Бүгінгі күні осы сауықтыру-демалыс лагерьлерінде 290 балдырған уақыттарын көңілді өткізуде. Мектеп медбикелерінің күнделікті жұмыстары балалардың денсаулықтарын тексеруден, сауықтыру іс-шараларын жүргізуден басталады. Ал тәрбиешілер мен үйірме жетекшілері жоспарға сәйкес әр түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырып, балғындардың демалысы қызыққа, қуанышқа толы болуына бар күш-жігерлерін, өнерлерін аямай жұмсайды. Осылайша балалар «Шахмат», «Сиқырлы қалам», «Тоғызқұмалақ», «Асыл асық» сияқты түрлі іс-шаралар мен спорттық ойындарға белсене қатысуда. Оған қоса сурет салып, тақпақ жаттап, ән салады. Бұдан бөлек, күнделікті таңертеңгілік жаттығулар, ертеңгіліктер, сайыстар өтіп отырады.
Ең есте қаларлық сәт, әрине, саяхат. Бүлдіршіндер қалалық кітапханаға және қалалық саябаққа саяхатқа шығып, қызығушылықпен көңіл көтеріп келеді.
Тағы бір ұмытылмас естелік – мектеп басшыларының бастауымен ұйымдастырылған мектеп ауласына киіз үй тігіліп, балалар үшін ұлттық нышанда викториналық және күрес сияқты ұлттық ойындар өткізіліп, қазақтың салт-дәстүрлері дәріптеледі. Демалушылар музыкалық, спорттық, шығармашылық және интеллектуалдық сайыстарға да белсене қатысуда.