Қай кәсіптің болсын көзін тауып, сол арқылы отбасының табысын еселеу адам баласы үшін бұлжымас қағида. Қарапайым еңбек адамы сапында жүріп, мамандығына адалдық таныту арқылы көптің ықыласына кенелген азаматтарды кейінгі жастар үлгі тұтуы керек. Бұл турасында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында баса атап өтті.
«Адал адам, адал еңбек, адал табыс» деген сөз тек ұран жүзінде қалып қоймай, адал еңбегімен, табысымен көзге түсіп жүрген адал адамдарды ұлықтау қай кезеңде де басты орында. Мақалаға арқау еткелі отырған кейіпкерім Жаратқан тарту еткен ғұмырының 45 жылын өндіріске арнаған темір жонушы. Жаймұқан Арыстанбаев бұрынғы Жезді ауданы «Сарысу» совхозында дүниеге келген. Академик Қаныш Сәтбаев іргетасын қалаған Үлкен Жезқазған аталған – Рудник кентіндегі № 7 мектепте білім алды.
Жаймұқан Ахмедияұлы мектепті тәмамдаған бетте-ақ темір жонушының көмекшісі болып жұмысқа тұрды. Құрамы қатты темірден бұйым жасап шығарудың әдіс-тәсіліне жастайынан қанықты. Тау-кен, шахта жабдықтары зауытында 1978 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ол механикалық цехтың майталманы. Жаймұқан Ахмедияұлы білікті кәсіп иесі болу жолында талай шыңдалудан өтті. Виктор Нұрашов сынды тәлімгері оны темір жону станогында төзіммен жұмыс жасауға қалыптастырды. Сол тәлімгердің тәжірибесі, бағыт-бағдары Жаймұқан Арыстанбаевты еңбек жолында беделді азамат етті.
– Өз кәсібіңде шыңдалу қатекемшілікті ретке келтіруден басталады. Біз де осы зауытқа жастайымыздан келдік. Білмегенімізді аға буыннан үйрендік. Еңбек ортасына араласып, осы жұмысты игеріп кетемін деген адам үшін ешқандай қиындық жоқ. Біздің толқын барлық кезеңнен өтті. Бір кездері зауыттың тағдыры қыл үстінде тұрғанда да кәсібіне адал жігіттер қалып, жұмысын жалғастырды. Ол үшін адамға ең әуелі өзінің мамандығына деген адалдық керек.
Өзіммен қатар еңбек етіп жүрген Талғат Толыспаев, Ерболат Ақдәулетов, Талғат Көшкінбаев сынды майталмандардың еңбек тәжірибесі жастарға үлкен мектеп. Біздің басты мақсатымыз – шахта жабдықтарын сапалы әрі уақытында жонып, қалыпқа келтіру. Цехта сексеннің үстінде адам еңбек етуде. Басшымыз Мұхит Салихов жұмысты ұйымдастыра білетін, қабілетті азамат. Біртұтас жүйеде жұмыс істейтін цехта еңбек қауіпсіздігі, тазалық толығымен сақталған. Адам өміріне қауіпті дейтін факторларды жойып, содан соң жұмысқа кірісеміз, – дейді Жаймұқан Ахмедияұлы.
Қырық бес жыл. Адам ғұмырымен алғанда, өмірдің ақ пен қарасын толық танып, елдің елеулі азаматы болар шақ. Ал, өндірісте бұл жылнама қаншама бейнетті еңбекпен жазылды десеңізші. Жаймұқан Арыстанбаевтың қатарындағы ағаларымыз өндірістің бар қиындығын қаймықпай көтеріп, абырой мен беделге кенелді, тәлімгер атанды. Цехқа жаңадан жұмысқа орналасқан жас мамандарды шыңдауда да Жаймұқан Ахмедияұлы көпке үлгі болды. Қазір оның мектебінен өткен Бекарыс Өмірзақ, Ерден Әли сынды жастардың бет алысы көңіл қуантарлық. Жаймұқан Ахмедияұлының кішіпейіл, еңбекқор қасиеттерін «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Мәриямкүл Тәкішева былайша әспеттеді:
– Зауыттың механикалық цехындағы аға буынның ішінде Жаймұқан Арыстанбаевтың орны ерекше. Байсалды, қарапайым, өз ісіне келгенде барлығынан мүдірмейтін бесаспап. Жастарды тәрбиелеудегі әдісі де ерекше. Станокта жұмыс басталмас бұрын қандай ережелер сақталу керектігін бағамдап алады. Өндіріс үшін қауіп-қатердің ұсақ-түйек дегені болмайтынын өзінің тәліміндегілерге түсіндіріп, айтудан жалықпайды. Жаймұқан Ахмедияұлының жүрегін Жаратқан кең пішкен азамат деп айта аламын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайда айтқан адал адам, адал еңбек, адал табыс ұстанымын қалыптастыру Жаймұқан Ахмедияұлы сынды өндіріс майталмандарын өз дәрежесінде ұлықтаудан басталса керек.
Жаймұқан Арыстанбаевтың өмірлік жары Ғалия Мейрамбекқызы да осы зауытта біраз жыл темір жонушы болып, зейнетке шықты. Ұлдары Арман да өндірістен алыс кетпеді. Әке жолын жалғап, механикалық цехта еңбек етуде. Мақала кейіпкері сый, құрметтен кенде қалған жоқ. Басшылық Жаймұқан Ахмедияұлының көп жылғы еңбегін бағалап, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл» мерекелік медалі мен «Еңбек ардагері» медаліне лайық деп тапты. Сонымен қатар, кеудесінде үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі жарқырайды.
Адал еңбегімен абыройға кенелген Жаймұқан Арыстанбаев зайыбы Ғалия Мейрамбекқызымен 8 немеренің қызығын көріп отыр. Жұмыстан келгенде, солардың маңдайынан иіскеп, мауқын басатын Жаймұқан Ахмедияұлы «күш-қуатты осы немерелерімнен аламын» деп ағына жарылды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.