«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС еңбеккерлерінің «Jastar Bolashaq» Жастар одағы еңбеккерлердің балаларына арнап Бурабайда жыл сайын болатын жазғы демалыс лагерін биыл да ұйымдастырды.
Сонымен қатар, «Қазақмыстың» Қарағанды аймағындағы еңбеккерлердің балалары Шымкент қаласында жазғы демалыстарын қызықты өткізуде. Балалармен жүргізілетін жұмыстар әр алуан тақырыпты қамтыды. Онда спорттық, танымдық, алғырлық, зерделік ойындар, ән-би кештері, концерттік бағдарламалар және тағы басқа көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды.
Балалар Бурабай мен Шымкенттің көрікті жерлеріне барды. Бурабайдағы мемлекеттік ұлттық табиғи паркін, марал фермасын қызықтап, ферманың тыныс-тіршілігімен танысып, Оқжетпес тауына саяхат жасады. Шымкенттегі «Қиял» әлемі ойын-сауық саябағын, «SunCity Shymkent» аквапаркінде, Дендропаркте, «Тәуелсіздік» саябағында болып, Қошқар ата жағалауын аралап, керемет әсер алды.
Оқушылар демалыс орындарында уақыттарын жақсы өткізіп, өздеріне жаңа достар тауып, танымдарын кеңейтті. Балалардың әр күні қызықты, мазмұнды болып өткен демалысқа ата-аналар да риза, жазғы демалысында елдің өңірін тамашалаған балалардың да көңілдері көтеріңкі.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.