Соңғы бірер жылда Жезқазғанның жылу желілері күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Нәтижесінде 30 жылдан бері жер астында жатқан құбырлар жаңғыртылып, жылудың тұрақты берілуіне жағдай жасалуда.
Осындай күрделі жөндеу жұмыстары бүгінде қаланың Алашахан-Бейбітшілік көшелерінің қиылысында жүріп жатыр. Жуырда облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы осы жұмыстардың барысымен танысып, қадау-қадау тапсырмалар жүктеді.
– Бұл – облыс орталығының басты көшелеріндегі қиылыс. Атқарылып жатқан жұмыстар тұрғындар мен жолаушылардың жүріп-тұруына кедергі келтірмеуі тиіс. Сол себепті де жұмыс барысын жеделдетіп, екі аптаның ішінде аяқтауды тапсырамын, – деді өңір басшысы.
«Жаздың бір күні – қыстың бір айына азық» дейді шаруа баққан бабаларымыз. Осы қағиданы коммунальдық шаруашылық саласының қызметкерлері де қатаң ұстанып келеді. Қазір олар қаланы алдағы жылу беру маусымына қапысыз дайындау үстінде. Ауқымды жұмыс барысында жылу магистраліне диаметрі 1000 мм. болатын жаңа құбырлар салынуда.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.