Қазақ геологиясының іргетасын қалап, Ұлттық Ғылым академиясының тұңғыш президенті болған халқымыздың дара перзенті, Үлкен Жезқазғанның ашылуына тікелей қатысы бар тұлға Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуын атап өту шеңберінде Ұлытау облысында ауқымды жоба қолға алынды. Академиктің мерейтойы аясында оның кіндік қаны тамған туған жері Павлодар облысының Баянауылына арнайы экспедиция ұйымдастырылды.
10 – 14 маусым аралығында «Екі өңірге тел тұлға – Қаныш Сәтбаев» деген атауға ие болған экспедиция құрамында өңірдің зиялы қауым, өнер, мәдениет, спорт салаларының өкілдері және мемлекеттік қызметшілер мен жастар болды. Табиғаты тамсандыратын Қаныш Имантайұлының құтты мекеніне барып қайтқандардың қатарында кенші, Қазақстанның Еңбек Ері, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Тұрсынбек Мақышев та бар. Тұрсынбек Шамбылұлы экспедиция жайындағы әсерімен былайша бөлісті.
– Біздің бұл сапарымыз Жаңаарқа ауданынан бастау алды. Этнограф, өнертанушы, әдебиетші, журналист, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақселеу Сейдімбековке тағзым етіп, Баянауылға бет алдық. Бұл экспедицияның мақсаты – Қаныш Имантайұлының туған жерін таныстырып қана қою емес, оның елге жасаған еңбегін кеңінен насихаттап, келешек ұрпаққа таныстыру. Академиктің балалық шағы өткен Теңдік (Мұса Шорман) ауылында болдық. Бұл жерде Қаныш Имантайұлы 2 жыл білім алған. Қазір ғалым тұрған үйдің орны ғана сақталған. Арнайы белгі қойылған. Ұлы академиктің ата-бабасы жатқан қорымға барып, тәу еттік. Академик атындағы мемориалдық музейдегі құнды жәдігерлермен таныстық. Ондағы жәдігерлер түпнұсқада қойылған.
Баянауылдың табиғатын тамашалап, Жаратқанның сұлулығын көзбен көрдік. Осы сапардан мен мынандай ой түйдім. Тұмса табиғатта ер жеткен Қаныш Имантайұлының адамзаттың асылы деген атқа ие болуында кіндік қаны тамған туған жерінің көркем де таза табиғаты тікелей әсер еткендей.
Бір ғасырда, тіпті, мың жылда бір туатын асыл перзенттің ізі қалған мекенде болу мен үшін үлкен құрмет болды. Осы экспедицияны ұйымдастырғандарға алғысымды білдіремін. Біз бұл экспедицияда осы төңіректен шыққан ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, философ, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың кесенелеріне барып, құран бағыштадық. Қасиетті Ұлытаудан барған бізді өңірдің азаматтары, соның ішінде Екібастұз қаласында тұратын Қазақстанның Еңбек Ері Ришат Бабайұлы Әмренов бастаған зиялы қауым өкілдері қарсы алып, құрмет көрсетті. Ақ дастарқан жайып, қонақжайлықпен құшақтарын ашты.
Мен осы сапарымда Сәтбаев қаласынан Қаныш Имантайұлына арналған үлкен мемориалдық кешен ашу туралы ұсынысты алға тарттым. Келешек ұрпақ ұлы ғалымның есімі мен еңбегін біліп жүру үшін біздің өңірге бұл музей ауадай қажет. Сондықтан осыны қолға алған жөн деп білемін, – деді Қазақстанның Еңбек Ері.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.